12.05.2022, 9:16
Оқылды: 111

Мектеп шырайы

Бір мектепке жолым түсті жақында. Сіздер оны білмейтін де, мүмкін, тіпті атын  естімеген де боларсыздар...    

EF29D4D5-B3F7-41F6-ABB8-BF74C9768E0C

Атағы да, дәрежесі де жоқ, кәдімгі қарапайым ғана ауыл мектебі. Ғимараты да типтік емес, сонау 1972 жылы ясли-балабақша, одан балабақ­шалы мектеп, одан бастауыш, кейін орта мектеп болған, яғни о баста кішкентайларға арналып салынған шап-шағын орын. Бірақ барды күтіп ұстаған аялы алақан табы кіріп барғаннан-ақ білінеді.

Бұрма-бұрма, иір-иір ішкі құрылымы (өздері «лабиринт» дейді) кішкене  ыңғайсыздық туғызғанымен, бұл мектептің  болмысында адамды баурап, өзіне тартып тұратын бөлек қасиет бар тәрізді.

Өмірімде алғаш рет кездесіп тұрсам да,  өмір бойы осылармен бірге жұмыс істеп келе жатқандай, педагогикалық ұжыммен  әңгімеміз таусылып болмағанын қайтерсіз.

Тағатыңыз таусылып отыр ма, «Құдай-ау,  бұл қай жер?» деп. Айтайын. Осы Оралдан 18 шақырым жердегі Магис­трал ауылының (Теректі ауданы) орта жалпы білім беретін  мектебі.  

Мұнда барлығы 135 оқушы, 32 мұғалім еңбек етеді. Иә, иә, бірі оқытып, бірі оқып емес, тастай бірігіп, бірге ең­бек етіп жатқан  ұжымды көрдім мен бұл жерден. Әуел баста темір жол саласының басшылары «Он сегізінші шақырым» деп атай салған вагон жөндеу тұйығы екен бұл жер. Жайықтың дәл жағасы. Сосын осы бір шөбі – шүйгін,  суы – бал, ауасы – ем тұмса мүйіске вагон жөндеуші болып біраз башқұрт көшіп келген дейді. Әлі күнге орысқолдылау болмысы білініп тұратыны,  тұрғындарының түр-түстері  әркелкілеу  болып келетіні содан шығар. Мектебі де күні кешеге шейін тек қана орыс тілінде оқытатын, қазір аралас мектеп болып саналады.    

Құмырадағы гүлдей баптап,  қабырғаларынан қазақ мектебін өсіріп жатыр екен бұлар да. Алды 7-сыныпта оқып жүр, кейінгілері даярлық тобында. Оралда да қазақ мектептерін тап осылай орыс мектептерінің жанынан жалғыз сыныптап ашып, кейін өсіп, көбейген соң көшеттеп, бөлек шығаруға қол жеткізгеніміз есіме түсті.

Сыршыл, жан шуағы мол мектеп екен.  Тыңдай бергің келеді әңгімелерін.

Сол сырлардан  шертіп берейін тәбәрікке, «Үзілісті» іздеп оқитын ізгі оқырмандарымыз үшін.

Бірінші әңгіме

Магистрал мектебі уақыт ыңғайымен  біраз әуре-сарсаңды бастан кешкен, «мың өліп,  мың тірілмегенімен, соған жақындап  барып қайтқан, «многострадальный» мектеп  көрінеді.

Қараңыз:

1972 жылы 21 тамызда «Қазақстан Темір жолы ясли-балабақшасы ПМС 211» атауы «№51 ясли-балабақша» деп өзгертіліп, Батыс Қазақстан темір жолының қарамағына берілген. 1986 жылы Магистрал ауылының ясли-балабақшасы болып қайта ашылған. 1987 жылы «Мектеп балабақшасы» болып құрылған. Одан 1999 жылы Орал қаласындағы №21 орта мектептің шағын комплектілі мектеп-филиалы болған. 1997 жылдың 1 мамырында «№1 Пойма станциясының бастауыш мектебі». Одан 1998 жылдың 1 сәуірінде «Мектепішілік интернаттық темір жол орта мектебі» деген атау беріліп, орта мектеп болған.

Одан кейін  2000 жылдың 24 шілдесінде бастауыш мектеп болып, Теректі аудандық білім бөлімінің қарамағына ауыстырылады. 2002 жылы «Магистрал орта жалпы білім беретін мектеп» дәрежесіне ие болады. «Құрыш қайнаумен шынығады» дегендей, осынау тарихтан ауыл тұрғындарының һәм сол ауылдың болашағын ойлаған басшылардың қалай да мектепті сақтап қалуға ұмтылған жанкештілігін көргендеймін. Сол ниеттің жемісі, міне, мектеп толы оқушы. Құрылғалы орыс тілінде ғана оқытып келе жатқан мектептің бүйірінен қазақ сыныптары да бүршік жарып, гүл атыпты. Бұйырса, енші алып, өз алдарына шаңырақ болып шығатын күн де туар.

«Қазақ сыныптарына сұраныс көп, қазақ отбасылары көптеп көшіп келіп қоныстана бастағаннан шығар» дейді мұндағылар.

Аралас мектеп десе, шоршып түсетініміз бар ғой тағы... Қып еткен сол ойымды оқып қойғандай: «Білесіз бе,  қазақ сыныптарының балалары бөп-бөлек. Жанып тұр.  Ұстамды, сыпайы. Жүректері жылы...» деп әңгіме бастады мектеп  директоры Аймангүл Қадерқызы.

– Қазақ сыныптары ашылып, солар өскен сайын мектебіміздің сипаты, тынысы өзгеріп келе жатқандай. Оң ықпалы бар кәдімгідей. Бізде бөліну, жіктелу деген жоқ,  керісінше, бауырмалдық, сыйластық бар. Қазақ сыныптарының балалары орысша білмейді (әлде, білсе де, сөйлемей ме, қайдам...), сосын орыс сыныптарының оқушылары қазақша үйрене бастады. Орыс тілді мұғалімдерімізде де  қазақша сөйлеуге бетбұрыс байқалады, әлгі «Если гора не идет к Магомеду,  то Магомед сам пойдет к горе» деуші ме еді, сондай бір қызық дүние...

Ойланып қалдым. Мына бір кішкентай мектептің құйттай оқушылары мемлекеттік тілді тұйықтан шығару жолын көрсетіп, үлгі беріп тұрғандай ма, қалай?..

Өмір толқыны олай да бұлай лақтырып,  талып тұрған кезде, енді дербес орта мектеп болып ашылатыны туралы жедел хабар келеді. «Қорыққан мен қуанған бірдей» ғой, мұғалімдер бұл хабарды естігенде кәдімгідей абдырап қалыпты.

Оңай ма, көріп отырғаныңыздай, біресе оңға, біресе солға қарата бұрып, «шәпкесін» шырқ айналдыра өзгертуден көз ашқызбай, жабылып қалудан да қауіп ойлай бастаған  шақ еді ғой. Аңғал-саңғал, ағал-жағал, күтімсіздік түбіне жетуге қалған мектепті тез дайындап, оқу жылының басталуына үлгіртуге тәртіп беріледі. Тәртіптен бұрын, осы жерде адами фактор алға шығады атой салып.

Ат төбеліндей азғантай ғана мұғалім «жау киімдерін» киіп, помала, шелек, балға-шегелерін қолдарына алып, дереу мектеп ғимаратын жөндеп, реттеуге кіріседі. Ақсуаттан ақбалшық тасып әкеліп, мектепті ақ жұмыртқадай етіп әктеп, жуып-шайқап шамаға келтіріп алады белгіленген мерзімге.  Бұл - 2002 жыл екен.

Екінші әңгіме

Магистрал ауылы көлемі жағынан әжептәуір, орналасуы жағынан Оралдан «таяқ тастам» жер. Ақсуат, Пойма ауылдары қастарында тиіп тұр. Көрші болған соң араласып-құраласып, бір-біріне  қол ұшын беріп отырады. Мектебі жоқ Пойма  ауылы балаларының жартысы Ақсуатқа, жартысы Магистралға   тасымалмен барып-келіп оқиды көбіне.

Өткен жылы мектептеріне күрделі жөндеу жүргізілетін болып, Ақсуаттың балалары бәрі тығылысып осында кеп оқыды.   Қызық болғанда, жөндеу жұмысы бітіп, енді өз мектептеріне қайтатын кезде Поймадан Ақсуатқа барып оқып жүрген 23 бала және Ақсуаттың өзінен 5 бала осында оқи беруге өтініш білдірген. Бес шақырым жерден... Өздерінің сыңғырлап тұрған үлкен мектептеріне бармай...  Оңаша,  оқушы саны аз сыныпта оқығанның сапалылығы мен тиімділігін балалар да білген ғой.

Сонымен, бұрындары 86-87 баласы бар Магистралдың өзінен жүрегі үлкен мектебі содан бері 135 баланы тұрақты оқытып келеді. «Өзінен жүрегі үлкен» деуімнің себебі бар:

– Бұл мектепте шәкірттерді фамилиясымен емес, жып-жылы қылып атымен атайды.

– Бұл мектеп мұғалімдері әр баланың жағдайын жатқа біледі және жекелеп, баурап жұмыс істейді.  

– Бұл мектеп баласы жыласа, бірге жылап, қуанса, бірге қуана алады. «Бұрындары әкесіз жетім балалар болса да, анасыз қалған балалар болмайтын. Соңғы кездері мамаларынан айырылып қалған, анасыз жетімдер көбейіп барады. Таяуда бір-екі шәкіртіміздің  аналары суицидтен қайтыс болды...»  деп көздері суланып,  уайымдап отырады.

– Бұл мектептің өзіне адамды тартып тұратын магниттей қасиеті бар – Оралдан, Подстепныйдан,  Поймадан, Ақсуаттан  «Мұнда бір жыл жұмыс істеймін де, кетемін» деп келген  мұғалім кете алмай қалады. «Келген адам айналып кете алмайды,  кетсе де, қайтып келеді» деседі өздері. Бір-бірін бағалай біледі.

Ұжымда 32 мұғалім болса, соның 12-сі ер адам. Бұл мектептің ұлдары ат әбзелдерін жатқа біледі, атқа мінгенді жақсы көреді. Қыздары кесте тігеді, ілмек тоқиды. Домбыра тартып, ән салатын Арай деген қыздары Астанаға дейін барып қайтыпты. Екі түлегі С.Демирель университетінде  оқып жатыр. Екі түлегі медицина университетін бітіріп, Оралдағы облыстық онкологиялық диспансерде дәрігер болып қызмет атқарып жүр... Тағы бір түлек  Ақтөбе медициналық университетінде  оқып жатыр.  

Мектеп оқушылары аудандық олимпиадаларда намысты қолдан бермейді. Спорт түрлерінен облыста жеңіп алған  жүлделі орындары жетерлік. Оқушыларының барлығы спортпен шұғылданады: жазда футбол, волейбол, қыста шаңғы, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, дойбы. Оған енді асық қосылатын түрі бар.  Спорттық туризмнен облыстық жарыстарда   ІІ, ІІІ  орындарды қанжығаға байлап оралады.

Бұл мектепте өңкей тұлғалар тәлім береді балаға. Мысалы, мықты математик Венера Аймурзиева. Үйі екі жыл бұрын Подстепныйға көшсе де, өзі Магистрал мектебінде қалды. Білімі мықты, мінезі керемет, екі тілде өлең шығаратын ақын-математик ұстаз барлық түлектің, шәкірттің сый-құрметіне  ие.

Осы мектептің  өз түлегі, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, спорттың  «Street wor­kayt»  (турникке тартылу) түрінен халықаралық сайыс чемпионы, спорт шебері Исмағұлов Нариман үкіметтен 500 000 теңге өсімсіз несие  алып, сол қаржыға турник алаңын салып берген.

Бұл мектептен өткен оқу жылында  қос  «Алтын белгі», 2019 жылы қос үздік аттестат иегерлері шыққан. «Үз­діктер» мен «Алтындар» легі жалғасады деп күтілуде. Ал, кімнен кем! Барды ұқсатып, баланы тәрбиелеу үшін  ауылды, ата-аналарды қоса тәрбиелеп, жақсы істерге жаршы болып отырған бұл мектеп — білім майданының  қатардағы  жауынгері.

Үшінші әңгіме

Келесі оқу жылына бұл жерде шағын жасақталған жаңа мектеп салынып беріледі деп жобаланып отыр екен. Жоспарға енгізілген.

Бұл жаңалықты аудандық білім бөлімінің  меңгерушісі Жанаргүл Жеңісқызынан естіп, шынымен қуанып кеттім.

Білім саласының қалың қолын құрайтын  осындай қарапайым мектептердің ауылдардағы, ауыл балаларының тағдырындағы рөлі, орны орасан екеніне  ешкімнің таласы жоқ.

...Мұғалімнің ең сүйікті тақырыбы – балалардың қызық қылықтары ғой. Шабыттанып қоя береді ондай әңгімелерді  айтуға келгенде.

«...Сабаққа кіріп барсам, қараймын, бір оқушымның ұсқыны біртүрлі.  Түсінбейм. Бір өзгеріс бар. Сөйтсем, өзі сап-сары бала, өзі сіп-сирек жирен қасты түп-түгел жылмиып қырып тастап келіп отыр екен (ду күлкі).  Сол тентек бүгінде  Нариман ағайының қасында спортпен шұғылданып,  адам болып келе жатыр».

«...Сабаққа неге кешігесің?»  деп сыныпқа қоңырау соғылған соң кіріп келе жатқан баланы тықсырып жатсам, «Мен деген жаңа директормен бірге кірдім ғой есіктен. Ол кісі ұрысқан жоқ» деп сап еткізді моп-момақан түрмен жанымнан өте бере. Дым дей алмай қалдым» (тағы да күлкі).

«...Біздің балалар «Ералаштың» дайын кейіпкерлері ғой» деседі мұғалімдер  жамырай жымыңдасып.

Интернеті бар, интернеті болған соң  бұл ауылда маманға тапшылық жоқ. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша  үй алып, осында  тұрақтап қалып жатқан жас отбасылар да көбейе бастаған. Тұрғындарының бәрі бақша салатын, көбі Оралға барып-келіп жұмыс жасайтын,   жайылым азайып кеткен соң мал  ұстауды  қойып бара жатқан Магистрал деген ауылдың болашақтан үлкен үміті бар. Себебі мұнда осындай парасатты педагогикалық ұжым шеберлікпен, ынтымақпен еңбек етуде.

... Шырайлы мектептің сын-сипатын патша көңіл оқырманға жеткізгенше асықтым.

Дариға Мұштанова,  

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

Ы.Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале