«Қазатомөнеркәсіп» атом саласындағы жетекші әлемдік компаниялармен ынтымақтастықты дамытып, өткізу нарықтарын әртараптандыру арқылы халықаралық деңгейдегі позициясын нығайтып келеді. Биыл Үндістан мен Қытайдың ірі энергетикалық компанияларымен табиғи уран жеткізу жөнінде жаңа келісімшарттар жасалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қазатомөнеркәсіптің» ядролық отын циклі саласындағы қызметі және 2025-2034 жылдарға арналған даму стратегиясына сай алдағы жұмыс жоспарлары туралы ақпарат ұсынылды.
Сонымен қатар Мейіржан Юсупов «Қазатомөнеркәсіптің» ғылыми-технологиялық әлеуетін дамыту туралы айтты. Компания уран өндірісінің тиімділігін арттыру және сирек әрі сирек кездесетін ілеспе металдарды алу технологиясын жетілдіру мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізуде.
Бұдан бөлек, компания биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салудың ауқымды бағдарламасы аясында денсаулық сақтау, білім беру және спорт салаларындағы жобаларға 13 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы ресурстық базаны одан әрі дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және әлеуметтік бастамаларды іске асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
