
– Жалпы, тау-кен металлургиясы мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор сала екені белгілі. Мен былтыр халыққа Жолдауымда осы мәселеге арнайы тоқталдым, нақты міндеттерді айқындадым. Сондықтан жаңа зауыттың құрылысын осы бағытта істеліп жатқан белсенді жұмыстың нәтижесі деп айтуға болады. Баршаңызға мәлім, бүгінде Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, тарихи өрлеу дәуіріне сеніммен қадам басты. Біз біртұтас әрі жасампаз жұрт болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатырмыз. Ең бастысы, жарқын болашағымызға бағдар болатын Конституциямызды қабылдадық. Конституцияда ұлтымыздың мызғымас құндылықтары мен қағидаттары толық көрініс тапты. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру стратегиялық міндет ретінде айқындалды. Осындай өндірістік жобалар, ең алдымен, еліміздің игілігін арттыруды көздейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның көптеген пайдалы қазбаларға ие мемлекет ретінде осы табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға барлық күш-жігерін салып жатқанына назар аударды. Елімізде 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Қазақстанда жылына шамамен 160 миллион тонна кен өндіріледі. 3,5 миллион тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады.
– Жалпы, еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны жақсы деп айтуға болады. Былтыр өңдеу саласындағы жалпы өнім көлемі 60 миллиард долларға жетті. Соңғы үш жылда еліміздің барлық аймағында 540 индустриялық жоба іске қосылды. Соның арқасында 50 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Бүгін де бәріміз тағы бір өндірістің басталуына куә болып отырмыз. Бұл – ел экономикасына серпін беретін маңызды оқиға. Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың катодты мыс шығарады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жетеді. Осы зауыт іске қосылған соң Қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жетекші елдердің ондығына кіре алады. Бұдан бөлек, аталған кәсіпорында алтын және күкірт қышқылы өндірілмек. Бір сөзбен, бұл ауқымды жоба отандық металлургия саласының дамуына қомақты үлес қосатыны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент кәсіпорын акционерлерінің алдында өте маңызды міндеттер тұрғанын айтты.
– Әсіресе, жұмысшылардың заңды әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету қажет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты мәні де – осы. Үкімет, жергілікті билік өкілдері еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс орнатып, белсенді жұмыс істеуі керек. Бұл жұмыс «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес жүргізілуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп саласына цифрлық технология мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу ісіне баса мән беруге шақырды.
– Озық шешімдер кәсіпорынның өнімділігін арттырып, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жақында өткен AI & Digital Bridge форумында мен Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Зауыт салу барысында осы мәселені ескерген жөн. Ең алдымен құрылыс жұмысын сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтау қажет. Осы бірегей жобаны жүзеге асыруға белсене атсалысып жатқан барша азаматқа, қытайлық серіктестерімізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Ақтоғай мыс өңдеу кешені Қазақстанның өнеркәсіптегі әлеуетін арттыра түсуге зор үлес қосады деп сенемін, – деп түйіндеді сөзін Президент.

Бұдан кейін Президент Ақтоғай мыс балқыту зауыты құрылысының ресми түрде басталуына рұқсат берді.
Телекөпір барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли, KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук, China Nonferrous Metal Mining Group директорлар кеңесінің төрағасы Вэнь Ган сөз сөйледі.
Кәсіпорында кен байытудан бастап одан дайын металл шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қарастырылған. Кешен өзінің кен орнынан алған мыс концентратын өңдейді. Бұл шикізат көзін ғана қамтамасыз етіп қоймай, Қазақстанда шығарылатын өнімнің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаны KAZ Minerals тобы жүзеге асырады, ал қытайлық NFC компаниясы – инженерлік серіктес. Бастамаға шамамен 1,8 миллиард доллар инвестиция салынады, сондай-ақ оның аясында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

2030 жылы алғашқы мыс катодын алу жоспарланып отыр. Зауытта мыстан бөлек, алтын, күміс және басқа да ілеспе өнімдер шығарылады.