Астанада балалар мен жасөспірімдер арасында «Менің алғашқы кітабым» атты әдеби-шығармашылық байқау өтіп жатыр. Жоба жас авторлардың шығармашылық қабілетін дамытуға, әдебиетке қызығушылығын арттыруға және олардың алғашқы туындыларын көпшілікке танытуға бағытталған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: astana_newss
Байқауды Charity Reading KZ қайырымдылық кітап клубы, ALTO Networking Astana кітап клубы және Астана қаласы бойынша «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесі елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастыруда. Жобаның серіктесі – Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы.
Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқитын ұлт қалыптастыру, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру және жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту идеясын қолдауға арналған.
Байқауға қатысушылар қазақ және орыс тілдерінде әңгіме, ертегі, өлең, повесть, әдеби миниатюра, фантастикалық және басқа да жанрлардағы авторлық шығармаларын ұсынады. Қатысушылар екі жас санаты бойынша және тілдік ерекшеліктеріне қарай екі лигада бағаланады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қазіргі уақытта байқауға 70-тен астам шығарма келіп түскен. Әр туынды жас авторлардың өзіндік көзқарасын, қиялын, шығармашылық ізденісін және оқырманмен ой бөлісуге деген талпынысын көрсетеді.
Жоба балалардың тек кітап оқуына ғана емес, өздері де шығарма жазып, автор ретінде қалыптасуына мүмкіндік беруді көздейді. Осы арқылы олардың жазу сауаттылығын, дербес ойлауын және шығармашылық қабілетін дамытуға басымдық беріледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, цифрлық технологиялар қарқынды дамыған қазіргі кезеңде өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру ерекше маңызды. Сондықтан байқау жас таланттарды қолдаумен қатар, елдің зияткерлік және мәдени дамуына үлес қосуды мақсат етеді.
Байқаудың қорытындысы 2026 жылғы 23 қарашада жарияланып, жеңімпаздар анықталады. Ал 25 қараша күні сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында салтанатты марапаттау рәсімі өтеді.
Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – балалардың әдебиетке деген қызығушылығын қолдап, шығармашылық жолға алғашқы қадам басқан жас қаламгерлерге мүмкіндік беру. Өйткені әрбір үлкен әдеби жол алғашқы туындыдан басталады.