13.12.2023, 10:45
Оқылды: 738

Меруерт Өтекешева: «Қыз Жібек рөлінде ойнаймын деп мүлдем ойлаған жоқпын»

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері, кино және театр актрисасы Меруерт Өтекешева Қадыр Мырза Әли атындағы өнер және мәдениет орталығында жерлестерімен жүздесті.

IMG_0840

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуанышбек Мұқанғалиев сөз сөйлеп, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан алғысхат табыстады.

Еркін сипатта өткен кездесу кешінде қазақтың Қыз Жібегіне айналған Меруерт Өтекешева туған жер топырағына сағынып жеткенін айтып, өнер тарихындағы естеліктерімен, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Елімді сағынып, жерлестеріммен амандасып, көрісіп кетейін деп келдім. Бала кезімде Қыз Жібек рөлінде ойнаймын деп мүлдем ойлаған жоқпын. Бірақ актриса болуды армандадым. Ол арманым орындалды. Бала қиялмен жанымда әдемі жігітім болса дейтінмін.  Алла тілегімді қабыл алып, қазақтың Төлегенін ойнаған Құман Тастанбековтей асыл азаматтың жары болу бақыты бұйырды. Екеуміз «Қыз Жібек» фильмінен бастап, өнер жолында бірге жүрдік. Өкініштісі, ол қазір қасымда жоқ. Бірақ  Құман менің жүрегімде, ел-жұртының жүрегінде мәңгі сақталады. Қазақ елі жақсы көретін «Қыз Жібек» картинасына биыл – 50 жыл. Соған орай біз деректі фильм түсіреміз деп жоспарлаған едік. Арада елу жыл өтті ғой, қазіргі таңда жанымызда қалған адамдар аз, фильмде төбе көрсеткендердің көбісі жоқ.  Бұл  фильмді жастарға көрсетіп, үлгі-өнеге етуіміз керек. «Қыз Жібек» киносы қалай түсірілді, кімдер ойнады?» осыны жастар білуі керек, – деп сөзін сабақтаған Меруерт Қаратайқызы бұл бағытта деректі фильм түсіріліп, фотоальбом дайындалып жатқанын айтты.

Биыл «Қыз Жібек» фильмі Франция төрінде қазақ киносының фестиваліне қатысты. Актрисаның айтуынша, бұл фестиваль режиссер Сұлтан Қожықовтың дүниеге келгеніне 100 жыл толуына арналған. Парижге басты рөлді сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешева да арнайы барып, шетелдіктердің қазақ киносын ерекше қабылдап, тәнті болғанының куәсі болып, көңілі өсіп қайтыпты.

– Франция төрінде қойылған «Қыз Жібек» фильмін шетелдіктер, сол жердегі қандастарымыз өте жақсы қабылдады. Сол елдегі қазақтар, Лондоннан арнайы шақыртылған қандастар көп жиналып, екі сағатқа созылған «Қыз Жібек» фильмін тапжылмай отырып тамашалады. Мен қатты қу­андым. Жарты ғасыр өтсе де, өз құндылығын жоғалтпаған бұл фильмнің жастарға берер өнегесі көп, – деді актриса.

Кездесу кешінде алыс-жақыннан жиналған көрермендер де сөз алып, «Қыз Жібек» фильмінде қазақ халқының дәстүрі, мәдениеті, тәрбиесі, әсіресе жеңгелердің жанашырлығы көрініс тапқанын айтып, қазақ қыздарының эталонына айналған Меруерт Өтекешеваға ақ тілектерін арнап, көкейдегі сұрақтарын қойды.

Рухани шарада «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері Д. Есентеміров, халықаралық, республикалық  конкурстардың лауреаты М. Сабыр, жас әнші С. Ешкаев өнер көрсетті.

Белгілі кино және театр актрисасы Меруерт Өтекешевамен өткен жып-жылы жүздесу Жайық жұртының есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале