7.12.2021, 9:50
Оқылды: 108

Мехзауыттың жаңа өнімі

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Орал механикалық зауыты бірде-бір цехты жаппады, қайта өндірістік жаңартулар жүргізіліп, өндіріс ошағы көп салалы кәсіпорын деңгейіне көтерілді. Трактордың иінді білігін (коленвал) шығаратын Қазақстандағы жалғыз кәсіп ірі қара малды уақытша қамайтын қондырғыны шығаруды жолға қойды. Біз бұл өнімді малқамақ деп алдық.

8

Тоқсан жылға жуық тарихы бар зауыт ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын толымды табыстармен қарсылап отыр. Биыл жаңа желіні іске қосып, ауыл шаруашылығы саласында сұранысқа ие қажетті қондырғы шығаруды бастады. Ірі қара малды бекітетін қондырғы, яғни, малқамақ арнайы зоотехникалық және ветеринарлық шараларды алаңсыз жүргізуге көмектеседі. Қамақ сиырға, жылқыға электронды чип орнату, екпе егу, қолдан ұрықтандыру, сырғалау, түрлі зерттеулер мен емдеу шаралары кезінде қолданылып,  мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар уақытты үнемдейді. Кәсіпорынның өндірістік мәселелері жөніндегі бастығы Юрий Бархатовтың айтуынша, мұндай құрылғыны жасауға жиырма күндей уақыт кетеді. Оның барлық бөлшек-детальдары мехзауыттың өзінде жасалып, құрастырылады.

10

– Мұндай малқамаққа ірі шаруашылықтар, мал бордақылау алаңдары тапсырыс бере алады. Аталмыш қондырғы зоотехникалық, ветеринарлық шараларды сапалы әрі қысқа мерзімде жүргізуге қолайлы-ақ,–дейді Ю. Бархатов.

7

Өндіріс орнында дизель отынды тракторлар мен аутобустарға арналған иінді білік өндірісі сақталған. Оралдық зауыт – қазіргі кезде ТМД елдері аумағындағы ауыл  шаруашылығы техникалары үшін қосалқы бөлшектер шығаратын санаулы өндіріс ошақтарының бірі. Цех бастығының орынбасары Мұрат Рахметуллин иінді білік жасалатын болат дайындама материалды Ресейдің Челябі қаласынан әкелінетінін, арнайы құралдар мен қаттылығы тексерілетінін айтады. Сапасы талап деңгейінен шығып жатса, шикізаттық материал өңделіп, токарьлық, фрезерлік дәлдік жұмыстары жүргізіледі. Содан кейін дайын өнімге айналады. Механикалық цехта негізгі өндірісте 40 адам, көмекші өндірісте 30 жұмысшы еңбек етеді. Ал ұжымда жалпы 110 адам жұмыспен қамтылған. Тапсырыстардың түсуіне қарай айына 1000 дана иінді білік шығарылады. Иінді біліктер 4 микронға дейін дәлдікпен жасалады. Кәспорынның конвейірінен шыққан қосалқы бөлшектер  Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталады. Соңғы екі жыл ішінде елді дүрліктірген пандемияға байланысты өндірісте өнім өндіру қарқыны сәл-пәл бәсеңдеген. Тапсырыстың түсуінің азаюымен қатар металл, қосалқы бөлшектер бағаларының өсуі де өндіріске өз салқынын тигізді. Қашан да еңбеккерлерінің жағдайына қарайлайтын зауыт басшылығы тауарлар мен қызметтерге тұтынушылық бағаның өсуіне орай жалақыны индекстеуді естен шығармайды. Қазір кәсіпорын басшылығы жалақыны өсіріп, оның орташа айлық шамасы 100-120 мың теңге болмақ.

– Иінді білік – зауыттың негізгі өндірістік бағыты. Өндірістік цех кеңестер заманынан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде біз 243-245-қозғалтқыштар үшін жылына 10-15 мың дана қосалқы бөлшек шығарамыз. Нарықтағы сұраныстың өсуіне қарай өндірістің қуаттылығын арттыра аламыз. Малқамақ механикалық зауыт үшін жаңа бағыт десе де болады,– дейді аталмыш серіктестік директорының орынбасары Әнуар Есенов.

Ұзақ жыл бойы иінді білік пен құрылыс саласына қажетті материалдар шығарып келген  кәсіпорын ұжымы жаңа өндірістің  келешегі барына сенеді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы Мейрам Қабдығалиевтің баяндауынша, биыл өңірде 20 шақты өндірістік желі іске қосылған.

5

– Кәсіпорындар қатарында «Қазтрубпром», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» бар. Біріншісінде
жаңа тұрбалар өндірісі, екінші өндіріс ошағында мұнай өнімдерін жылытып айдайтын өндірістік пештер өндірісі жұмыс істеуде. Биыл өндіріс желілері жаңа жылдан бастап толық қуатта жұмыс істеуге кіріседі,  – деді Мейрам Қабдығалиев.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале