16.02.2023, 9:15
Оқылды: 207

Нариман Төреғалиев тасқалалықтармен кездесті

Аманкелдідегі «Шәріп»

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің кезекті кездесуі Тасқала ауданында жалғасты. Аманкелді ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектепке барып, құрылыс қарқынымен танысты. Үш қабатты білім ұясы 1980 жылы бой көтерген. Күрделі жөндеу былтыр қыркүйек айында басталыпты. Құрылыс жұмыстары «ҚазЕвроСтрой» ЖШС мердігерлігімен жасалуда. Ғимарат биыл сәуір айында пайдалануға берілмек. Бүгінде екінші қабатты әктеу бойынша жұмыстар атқарылуда. Өңір басшысы мердігер кәсіпорынның жұмысына оң бағасын беріп, жобаны белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды. Содан соң мектептің алдындағы «Шәріп» наубайханасы мен дүкеніне барды. Жеке кәсіпкер Зүлфия Серғазиеваның наубайхана ісімен айналысып жүргеніне 27 жыл болған екен.

таскала
– Тұрғындарға жоғары сұрыпты нанды 200 теңгеден сатамын. Орал қаласындағы тұрақтандыру қорынан бірінші, екінші сұрыпты ұн сатып алып, нан пісіріп, сатылымға шығарып едік, сұраныс болмады. Сондықтан жоғары сұрыпты ұннан ғана пісіреміз. Тұрғындар нанды ыстық күйінде сатып алады. Ауылда 285 аула бар. Бір күнде 120 нан сатылады. Сұраныс бойынша тәтті күлшелер, өзге де нан өнімдерін пісіреміз. Наубайханада тұрақты жұмыспен 20 адамды қамтып отырмын. Сенбі-жексенбі тапсырыс көбейгенде, қосымша жұмысшыларды, кондитерлерді шақырамыз. Жұмысшылардың еңбекақыларын уақтылы төлеп тұрамын. Алты перзентім бар, – деді Зүлфия Шәріпқызы.
Көпбалалы ананың кәсіпті дөңгелетіп, ауылдастарын жұмыспен қамтып отырғанына риза болған облыс әкімі оған алғыс айтып, ісіне береке тіледі.

«Ырыздықтың қадірін білу керек»

Өңір басшысының аудан тұрғындарымен кездесуі Тасқала ауылындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Мәдениет үйінің кіреберісінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант иегерлері дайындаған өнімдерден көрме жасақталған. Онда теріден жасалған аяқ киімдер, қолөнер бұйымдары, ісмерлер тіккен көйлек-көншіктер, кондитерлік өнімдер мен суши, пицца секілді тағамдар қойылған.
Жиында Тасқала ауданының әкімі Бауыржан Айтмағамбетов былтырғы атқарылған жұмыстар мен қыс-
қамерзімді жобаларға тоқталды. Былтыр республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 2 млрд 770 млн теңгеге ауданда сегіз инвестициялық жоба іске қосылған. Айта кетсек, Атамекен ауылының кіреберісінде 18 шақырым аутомобиль жолы күрделі жөндеуден өтіп, Тасқала ауылында үш қабатты 18 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілген. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Өркен ауылына кешенді блок модуль орнатылған. Ақтау, Бірлік, Достық ауылдарының кіреберісіндегі аутомобиль жолдарына күрделі жөндеу басталған. Мерей жалпы орта мектебі күрделі жөнделсе, Амангелді орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеу сәуір айында аяқталмақ. Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Ауданда 469 агроқұрылым тіркелсе, оның 28-і – ЖШС, 441-і – шаруа қожалығы. Ауыл шаруашылығы саласында 1102 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өсімдік шаруашылығын дамытамын деген тұрғындарға былтыр 49 миллион 377 мың субсидия төленген. Сондай-ақ 450 жанұя 42 гектар жерге ұжымдық бау-бақша егіп, түскен өнім (картоп) көлемі 735 тоннаны құраған. Жеке қосалқы шаруашылықтар да 66 гектарға көкөніс және 63 гектарға картоп дақылдарын егіпті. Биыл қоғамдық бақша егу көлемін 44 гектарға дейін ұлғайту көзделуде.
«Бастау-Бизнес» жобасы аясында 56 тасқалалық 65,5 млн теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант алған. Оның 19-ы көпбалалы отбасы болса, жетеуі мүмкіндігі шектеулі жан, төртеуі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы, екеуі аз қамтылған жанұя және қалғаны жастар. Грант қаражаты мал шаруашылығын, бау-бақша өнімін арттыру және қызмет көрсету саласын дамытуға бөлінген.
Бауыржан Айтмағамбетов аудан экономикасын дамыту үшін жеке инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан іс-шараларға да тоқталды. Биыл ауданда 2 млрд 114,3 млн теңге құрайтын жеке инвестициялық жобалар іске асырылмақ. Яғни ұсақ малға арналған мал бордақылау алаңы, корпустық жиhаз өндіру цехы, комбикорм өндіретін цех іске қосылып, «Вulak Su» премиум класты су шығаратын, темірбетон бұйымдарын (лего кірпіштері, брусчатка, жиектастар) өндіретін, жүн қабылдайтын, сүт өңдейтін цех салынбақ. Жобалық қуаттылығы 15 мың тонна құрайтын элеватор құрылысы да, қоқыстарды сұрыптап жинауды ұйымдастыру жобасы да, 100 тоннадан астам дәнді дақыл тұқымын сақтайтын қойма салу да биылғы жылдың еншісінде. Оған қоса «Облыста сүт белдеуін құру» жобасы аясында аудандағы бес агроқұрылым 220 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара сатып алып, сүт өндірісін қолға алған. Мерей ауылдық округінде «ТасқалаАгро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 10 гектар жер учаскесінде сүт тауарлы ферма салмақ. Жоба 200 млн теңгені құрайды.
– Тасқала – әуелден шаруашылыққа бейім, табиғаты қолайлы, жері құнарлы аудан. Аудан экономикасын дамыту мақсатында қыруар жұмыс атқарылған. Бұл – Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі әкімдердің алдына қойып отырған тапсырмасы. Бүгінде аудан-ауылдарда өндірістік кооператив құру жұмыстары басталды. Өңірімізде бизнес бастауға мүмкіндік мол. Өздеріңіз білесіздер, Ақмола облысына газ енді-енді барып жатыр. Астана маңындағы кей-
бір ауылдарға ауыз су, газ жеткізілген жоқ. Біздің басты мәселеміз – жол құрылысы. Облыстың жалпы ішкі өнімі 4 трлн теңге болса, оның 50 пайызы Қарашығанақтың газы мен мұнайына тиесілі. Ауыл шаруашылығы өнімі 3 пайызды ғана құрайды. Сол себепті біз ауыл шаруашылығын дамытып, өңіріміздің экономикасын арттыруымыз керек. Залда отырған аға-апаларымыз білетін шығар, Кеңес үкіметі кезіне елімізден ет, сүт өнімдері экспортталды. Бүгінде осы бағытта жұмыстануымызға әлеуетіміз жетеді. Орал қаласындағы «Кублей» зауытының өнімдері дүниежүзіне экспортталуда. Бұл – біз үшін мақтаныш. Енді сүт және көкөніс өнімдерін өңдеуді қолға аламыз. Өңірде 800 мың-
ға жуық ірі қара бар. Соның тең жартысы – сиырлар. Солай бола тұра, сүт, май, қаймақты облысқа көршілес өңірлерден, қала берді, шетелден тасып отырмыз. Ауыл тұрғындары дүкеннен сүт өнімдерін сатып алмаса, қаладағы баға арзандар еді. Бұрын әр шаңырақта кемі 7-8, тіпті 10 баладан болатын. Соларды ата-аналары ешкімге алақан жаймай, өсіріп, адам қылды. Қазір жастар төрт перзентті дүниеге әкеле сала, «Үкімет маған не береді?» деп шығады. Әрине, Үкімет көмектеседі. Алайда ата-ана балаларды асырау үшін еңбек ету керек. Аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау әрқашан көрсетіледі, десе де оның да сұрауы бар екенін естен шығармайық. Ең бастысы, жастар адал еңбек етіп, маңдай термен келген ырыздықтың қадірін білуі керек, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Содан соң жиын «Сұрақжауап» бөліміне ауысты. Тасқалалықтар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Одан кейін ауылішілік жолдарды салу, жол қауіпсіздігі, көше шамдарын орнату туралы ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, жарықтың жиі сөнетініне шағымданды. Өңір басшысы аталмыш мәселелерді ел қазынасынан қаржы бөлінген соң жүйелі шешетінін айтты.

Гүлсезім Ерболатқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале