20.08.2021, 17:15
Оқылды: 286

NEET-тегілердің ниетін өзгерту маңызды

Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында «NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру: білім және еңбек» тақырыбы бойынша TEDx үлгісінде кездесу өтті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, жергілікті мемлекеттік құрылым өкілдері, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары, белсенді және NEET санатындағы жастар қатысты. NEET – еңбек етуге, білім алуға, қоғамдағы өзгерістерге енжар жастар санаты. Сондықтан олардың көзқарасын өзгерту, ерік-жігерін ояту, өмірлік ұстанымы жақсаруына ықпал ету аса маңызды.

15

– Облыста 125 мың жас бар. Бұл – мемлекетке серпін берер ерен күш. Елдің тұтқасы – жастар. Сондықтан жастарды жұмыспен қамту, еңбекке баулу өте маңызды. Олардың өмірлік ұстанымын, қандай құндылықтарға қызығатынын, өзіндік ой-пікірін зерделеу, қадағалау, назарда ұстау аса  маңызды. Қазіргі уақытта жаңа медиақұралдар арқасында әр адам өзін тұлға ретінде көрсете алады. Бірақ жастар рухани байлық, адамгершілік қасиет, ұлттық құндылықтарды қастерлей білуді ұмытпауы қажет. Өз құқығын жетік білетін азамат қоғамнан өз орнын табады, - деді кездесуде сөз алған Бақытжан Нарымбетов.

16

«Болашақ» корпоративтік қоры ұйымдастырған TEDx үлгісіндегі кездесуде кәсіпкер, «Рашидов» ШҚ директоры Азат Рашидов, «Назар аудар» театрының актеры Самат Кабдиев, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Сырым ауданы Қособа мектеп-балабақша кешенінің директоры Жансұлтан Нұрмұханов, newborn фотограф, блогер Динара Аянова жетістік жолы туралы әңгімеледі.

14

«Мемлекеттік бағдарлама ауқымында кәсіп ашып, 500-дей ірі қара, 100-ден астам жылқы өсірудемін. Жастар мемлекеттік грант жобаларын ұтып алып, мал шаруашылығын дамытуға үлес қоса алады. Өзім 17 жасымнан бастап кәсіппен шұғылдана бастадым. Студент болған кезімізде досымыз екеуміз ұялы телефонға бірлік салуға арналған төлем терминалын ашып, айына 200 мың теңгеден табыс таптық. Сондықтан жас күніңнен аз ақшамен кәсіп бастап, тәжірибе жинауға болады. Жастар үшін бос уақыт – зор мүмкіндік. Пайдалы кітап оқу, саяхатқа шығу, тәуекел ете білу өмірлік тәжірибеңді молайтады. Бизнес саласында сату қабілетін жетілдіру аса маңызды», - деді жастар жігерін жаныған Азат Рашидов.

 

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

 

Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале