16.06.2022, 10:45
Оқылды: 197

Оқушы орамал тартса...

Білім атты саланың басқа проблемалары аз болғандай, «орамал жыры» да жылдан-жылға жалғасып келеді. Бір қарағанда бейкүнә, тіпті аса көп мән беруге де татымайтын күнделікті нәрсенің осындай күрделі, психологиялық астары бар саясатқа айналарын кім білген.

rear view of Arabian school girl in classroom

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің журналист Әсел Кенжалинамен сұхбатындағы мына бір тұс осы тақырыпты өртке тиген  дауылдай тағы бір қау еткізді:

«Әсел Кенжалина:

– Бүгінгі таңда мектептерде орамал тағуға тыйым салынған. Десе де, бұл мәселе қоғамда бірнеше рет қайта көтерілді. Діндарлар БҒМ-дан мәселені қайта қарауды сұрады. Сіз бұл мәселеге назар аудардыңыз ба?

Асхат Аймағамбетов:

– Бұл мәселе үнемі көтеріліп келеді, онымен байланысты көптеген талқылау біздің елде ғана емес, басқа да бірқатар елде жүріп жатыр. Бірақ Қазақстан – зайырлы мемлекет, мектеп те – зайырлы мекеме. Сонау 2016 жылы қабылданған бұйрық бар, талаптары бар. Дегенмен ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, әр түрлі топты қамтуды қамтамасыз ету маңызды екенін байқаймыз. Мен инклюзивтілікті жақтаймын және қолдау қажет екенін түсінемін. Әрине, бұл Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне ғана қатысты емес, басқа органдармен талқылау қажет. Мысалы, басына орамал кие алмағандықтан ата-анасы сабаққа жібермейтін қыздарды қарастыра аламыз. Осы себептерге байланысты балалар мектепке бармаса немесе қашықтан оқытуға көшуге мәжбүр болса, бұл кері әсерін тигізеді, ал біз инклюзивті қоғам болуымыз керек. Бұл мәселе назар аударуға тұрарлық».

Бұрыннан да «Ел құлағы  – елу», ал бүгінгі ғарыштық жылдамдықпен заулап келе жатқан интернет заманында қоғамнан бір нәрсені бүгіп қалу мүмкін емес. Бұл сұхбатты да дереу іліп әкетті халық. Айта кетсек, инклюзивтік білім беру дегеніміз – барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, оларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқыту. Яғни қалай болғанда да, баланың алаңсыз өсіп-жетілуіне ыңғайлы жағдай жасау. Шетқақпай болып, ортадан өгейлік көруіне жол бермеу. Абзал мүдде. Күрделі, өте күрделі процесс. Күрделілігі сол – бала психологиясы тым нәзік те осал. Қорғауға мұқтаж. Осы орайда ұстаздық жолымда кездескен бірер оқиғаны әңгімелеп берейін.

Қабылдау емтиханы. Балаларын алып келген ата-аналардың арасынан басында сәлде, ыссының күнінде ұзын жең көйлектің сыртынан қара қамзол, шалбардың үстінен тізеге келтіріп белдемше киіп алған ер адам  ерекше көзге түсті. Ұлын алып келген екен. Ішім қылп ете қалса да, сыр бермей, соңын күттім. Біз қаласақ та, қаламасақ та баласы оқуға түсіп кетті, білім-қабілеті керемет. Хоош... Жаңа оқу жылы, қарбаласқан тіршілік.

Көп ұзамай әлгі діндар әке баласын жетектеп, сынып жетекшісін қасына алып қабылдауыма келді. «Баламды әр аптаның бесінші оқуы күні сабақтан босатып тұрыңыз, мешітке жұма намазынан қалмауы керек»  дейді. «Ондай заң жоқ. Баланың үлгірімі төмендеп кетеді», – деп сынып жетекшісі шыр-шыр етеді. «Баламның қабілеті жақсы,  өзі оқып алады, ал діни сеніміне бөгет жасап, қысымшылық көрсетуге хақтарыңыз жоқ, шағымданамын», –  деп сұрланады әкесі.

Не істеу керек? Мұғалімдермен ақылдасып, оқушымен жеке жұмыс істеуге, жұма күнгі тапсырмаларды бөлек пысықтап отыруға жоспар құрдық та, талаптарын орындадық. «Уақыт берейік, әкесі де, баласы да өздері түсініп, бір шешімге келер» деген ой ғой. Оқушының қабілеті жақсы, бірақ жарқ етіп күлмейді. Балалардың тарапынан қағажу көрмесе де бөлек ұстайды өзін. Көзінің түбіндегі салқындық кетпейді қандай көңілді іс-шараларға қатысып отырса да. Сонымен, жартыжылдық өтті. Жаңа жыл қарсаңында тағы келді папасы. Қолында бір бет қағаз. Мектептен шығаруымды өтінеді.

–  Не болды?

– Сол.

– Баланың өзі солай қалап тұр ма?

– Жоқ, мен шештім.

– 7-сыныптағы ұлды өзімен келіспей, осылай сүйрелей беруге бола ма екен, шақыртып, сөйлесейік. Ол кісі баласымен ешкімнің дендеп сөйлесуін қаламайтын. Сонда да болмай, алдырып, үшеуміз отырып сөйлестік. Сөйлестік деймін-ау, бала ашылған жоқ. Әдеттегідей томаға-тұйық қалпында отырды да қойды. Артынан әкесі жеке келіп айтып кетті, бала түн болса, әлде бір елестер көріп, шошып ұйықтай алмайтын болған.

«Аяттарын оқыса да тоқтамапты...» – деді  күбірлеп. «Екі түрлі өмірдің ортасында әрі-сәрі болып жүйкесі сыр берген ғой» дегім келді де,  үндемедім... Осы күні сол бала есіме түседі, кім болып шықты екен,  қабілетті-ақ еді.

...Керемет жас маман келді жұмысқа. Сымбатты, тұлғалы қыз. Ажарына ақылы сай. Білімді-ақ. Қабылдадым.  Ара-тұра орамал тартып келеді жарастырып. Мән бермедім. Бірер ай істеді де жоқ болып кетті бір күні. Түсінбей қалдық. Хабар да жоқ, ошар да жоқ. Іздестіріп көріп едім, «өзі хабарласады, аман»  дегеннен басқа еш нәрсе біле алмадым. Күтіп-күтіп, жұмыс­тан шығардым. Артынан білсем, күйеуге алып қашып кетіпті. Жұма күні мешітке барып, қайтып келе жатқанда бір жігіттер артынан қуып жетіп көлікке салып алған. Сол бойы көрші облысқа тартқан сосын.  Сөйтсе, мешітте бір қабасақалдың көзімен көзі түйісіп қалған екен де, енді шариғат бойынша сол кісіге тұрмысқа шығуы керек екен. Жылатып-еңіретіп бір ай ұстап, әбден жуасыған соң елге алып келіпті. Басына қара орамал салып, қолда селебе пышақ, халал ет сататын дүкенде тұрғанын көрдік кейін. Сөйлесуге дәтім шыдамады. Бір рет жақындап барып едім, «көзімізді түйістірдік» те тайдырып әкеттік. Айнала толған адам, тіл қатысуға мүмкіндік те болмаған шығар, қорқыныш та болды...

Тағы бір түлегім бар Аякөз Айтқалиева деген. Мамандығы – журналист. Тап онша тұмшаланбаса да, орамал байлап, ұзын көйлек киіп жүреді.

Әдебиетке құштар, ашық-жарқын қыз еді. Сенім-тілегі  сол болды ма,  жүрек қалауы қабылдауға мәжбүр қылды ма, қайдам, әйтеуір осындай болды. Күтпеп едім. Не істейсің бірақ?..

Теректі ауданында «Бірлік» деструктивтік діни ағымдардан қорғау және көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы қызметін газеттегі жұмысымен қоса атқарып жүрген сол қызым «радикалды бағытты ұстанатындардың орамал таққан кіп-кішкентай қыздарын көрген сайын жүрегім ауырады. Айтсаң да, мәңгүрт сияқты отыра береді мамалары» деп сыр шертеді хабарласқанда. Сосын да орамал тақырыбынан тыс қалмай, былай деп пікір білдіріпті әлеуметтік желіде:

«Мектептегі бүлдіршіндерге орамал тағуға рұқсат берілуі мүмкін» деген ақпарат тараған күннен бастап бұл постты жазуға бекінгем. Жұмыстан қол тимей, осы жаңа сәті түсті.

Өз басым кіп-кішкентай қыздардың орамал тағуына қарсымын. Себеп өте көп!

  1. Ол балиғат жасына толған жоқ! Қасиетті Құранның өзінде балиғат жасына толмаған қыздарға орамал тағу міндеттелмеген (осыны түсінбейтін, түсінгісі келмейтін ата-аналарды мен де түсінбей өтетін шығармын).
  2. Баланың психологиясына кері әсерін тигізеді.
  3. Дінде зорлық жоқ! Әр адам қадамын саналы түрде жасауы тиіс. Намаз бен орамалға да оң-солын танып, саналы түрде келуі керек!
  4. Мәселе орамалда емес. Балаға жастайынан жақсы тәрбие беру керек. Бәрібір ұясында көргенін істейді.

Ойымды дұрыс жеткізу үшін басымнан өткерген оқиғаларды баяндайын. Осыдан 6 жыл бұрын ата-анасы 2-сыныпта оқитын қызына орамал таққызып, үлкен дау болды. Директор мектепке кіргізгісі келмеді. Қыздың ата-анасы оның заңға қарсы келіп отырғанын айтты.

Басқа балалардың ата-аналары «біздің сыныпта оқымасын» деп шулады.

Дау басылмаған соң, ішкі саясат бөлімінің басшысымен бірге әлгі мектепке бардық (аудан бойынша терроризм мен экстремизмге қарсы ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі едім). Жиналыс өте ұзаққа созылды. «Бірыңғай мектеп формасы» туралы заң енді қолданысқа енгелі жатқан кез. Бәрі өз ойларын айтып, әйтеуір бір келісімге келгендей болды. Жиналыс аяқталған соң, қызына орамал таққызғысы келген ата-анамен сөйлесуді ұйғардым.

Анасы келмеген екен. Әкесіне жолықтым. Басында менімен мүлдем сөйлескісі келмеді. Әйтеуір, маған 5 минутын бөлуге көндірдім. Орамалдың үлкен жауапкершілік екенін, кішкентай қыздың оны түсінбейтінін, қасындағы балалар араласпай, шеттететінін, тіпті мазақтайтынын айттым. Ешқандай реакция жоқ. Үндемей жерге қарап отыр. Сосын енді артық сөйлеудің қажеті жоғын сездім де: «Менің сөзіме сенбесеңіз, мектепке келіп, қызыңызды бақылаңыз. Ортасынан кішкентайынан қысым көрген адам қоғамды, осындай халге жеткізген ата-анасын жек көретін болады.

Сіз қызыңызға махаббат емес, «жек көрудің» тамырын еккелі жатырсыз. Ондай бала еліне де, дінге де қызмет етпейді. Ойланыңыз», – дедім де шығып кеттім. Сол сөзге түсінді ме, қайдам, әкесі қысым жасауын қойды. Қызы ақ бантик тағып, ел қатарлы білім алды.

...Тағы бір анамен сөйлестім. Баяғы осы мәселе. Бастар-бастамастан, «Өзіңіз орамал тағып алып, жұрттың қызына таққызбайтыныңыз бір түрлі екен» деп бұрқылдады. «Мен мектеп қабырғасында мектеп формасын кидім. Мектептің ережесіне бағындым» десем де, айтқан беттерінен қайтпай, 3-сыныптағы қызын «орады». Сабақ басталды. Күндер өтіп жатты. Бір күні телефоным шыр ете қалды. Әлгі ана. Сондай көңілсіз. Бірдеңе айтсам, жылап жіберейін деп тұр.

«Мені кешіріңіз. Дұрыс айтыпсыз» дей береді... Әйтеуір, өзіне келіп, әңгімесін жалғады. Қызының сабақ басталған күннен-ақ көңілсіз оралғанын көреді. Көрген сайын менің айтқан сөзде­рім есіне түсе береді. Бірақ мектепке баруға үй жұмысынан, кішкентай балаларынан шыға алмайды. Сөйтіп жүргенде 1 ай өтеді. Күлімдеп, мәз болып жүретін қызының жымиғанын көрудің өзі мұңға айналады. Қит етсе, айқайлап, одан аңырап жылап, бөлмесінен шықпайтын әдет шығарады. Содан мектепке барып, қызын бақылайды. Үзілісте барлық балалар ойнап жүр екен. Қызы алыстан қызықтап отыр. Ешкім оны шақырмайды. Тіпті  көздеріне ілмейді. Жоқ  сияқты... Екінші күні тағы барады. Барлығы топырлап асхана алдында ыстық бөлке алғалы жатыр екен. Бір бала кезекте тұрған оның қызын итеріп жібе­ріп, «Вахаббист» деп мазақтайды.

Бәрі жамырап күліп, одан алшақтап, алысқа барып тұрады. Осыны көрген ананың жүрегі қарс айырылыпты.

– Үйге қалай жеткенімді білмеймін... Жүрегім  дүрсілдеп, көзімнен жас парлай берді. Тоғыз жыл мәпелеген қызымды кімге айналдырғанмын? Неге жаным ашымады? Оған парыз емес еді ғой... Қызым үйге келгенде, басындағы орамалды жұлып алдым да, оны құшақтап, еңкілдеп жылап, кешірім сұрадым. Ол да ағыл-тегіл жылады. Сол күні қызыма уәде бердім. Енді оның пікірін әрдайым ескеретін боламын.

Оның ойын өзімдікінен жоғары қоямын. Себебі өмір оныкі. Білесіз бе, сол сәттен бастап, қызымның солған өңіне әр кірді. Кішкентай інілерін ойнатып, сабағын оқып, әндетіп  жүрді. Соңғы бір айда сабақ үлгерімі де нашарлап кетіп еді. Ертесіне шыттай боп, мектеп формасын киіп алыпты. Мәз. Өте көңілді. Абақтыдан бостандыққа шыққан адамдай.

Айнаға ұзақ қарады да, мені құшақтап: «Сізді жақсы көремін, мама! Сіз әлемдегі ең ақылды анасыз», – деді. Қазір бізде бәрі жақсы. Бәрі бұрынғыдай. Жолдасым да бәрін түсінді, – деп сөзін  аяқтады. Осы екі оқиғадан кішкентай бөбектерге орамалдың қалай әсер ететінін түсінген шығарсыздар? Бір сөзбен айтқанда, баланың балалық шағын ұрламау керек! Бала балалығымен тәтті. Орамал тағып та үлгереді. Ең бастысы,  білім алу керек. Надан адам ұрпағын қалай тәрбиелейді?»

Бүгінгі педагогика саласының авангардында еңбек етіп жүрген ұстаз, мектеп басшысы һәм азаматтық пікірін ашық айта да, тыңдата да білетін Аятжан Ахметжановтың осы мәселе бойынша салған жазбасын да оқып  көрелік:

«Қатардағы адамдарға білінбес, бұл бір актуалды мәселе де көрінбес. Бірақ  бүгін мектептегі ең қиын мәселенің бірі осы киім мәселесі. Мектеп формасының бекітілген тәртібі бар. Бірақ әр адамның діни көзқарасы, сенімі әр түрлі. Дәл осыдан қазір мектепте киім дауы өте қатты. Өткен жылы пандемиядан шығып, оқу бастала салғанда білдім. Бұрын аса мән бермейді екенмін. Өткен күзде бұл мәселені реттеу тым ауыр болды.

Дәл қазір хиджап мәселесі неге қозғалды?

  1. Хиджап киюге рұқсат бермегені үшін, өзге елге көшіп кеттік деп қағаз жасатып, бірақ білім алмай қалып жатқан қыз балалар жылдан-жылға көбейді.
  2. Ресейдің немесе басқа елдердің онлайн мектептеріне тіркеліп қойып, оқыған оқымағаны белгісіз қалып бара жатқандар көбейді.
  3. Кейбір құжат жүзінде қарапайым, бірақ іс жүзінде діни жеке мектептер пайда бола бастады.

Енді хиджапқа рұқсат бермесе не болады?

  1. Білім алмай надан күйінде қалатын қыз балалар саны жылдан-жылға көбейіп барады. Бұл мәселені елемей тастауға болмайды.
  2. Мектептерде хиджап дауы өте асқынып кетті. Бұл бала құқын бұзу деген уәж екі жақтан да айтылып, балалардың сабақ процесіне кедергі келтіріп жатыр. Ал хиджапқа рұқсат берсе не болады?
  3. Мектепте оранып жүрген оқушылар саны өте қатты көбейеді. Бұл діни мәселенің оқушылар арасында қандай ықпалы болады?
  4. Мектепте баланың отбасының діни көзқарасы анық киімнен білінеді. Бұл алауыздық тудырмай ма?
  5. Жоғарыда шетелге онлайн кеткен, өтірік көшіп кеткен білім алмай жүрген қыз балалар мектепке оралады.

Дәл қазір қарап тұрсаң, «Былай тартсаң, арба сынады, олай тартсаң,  өгіз  өледі».

Не істемек керек?   Мектептегі кей оқушының киімнің тым қысқа болуы да бас ауруға айналды. Бұл да көп адамның агрессиясын тудырып жатыр. Негізі, мектеп формасы ондай қысқа емес, бірақ  соның белін жымырып, қысқартып киіп алатын оқушылар көп. Үйінен ұзын киіп шығып, жолда басқа киімге, мини юбкаға ауыстырып киіп келетін, ата-анасы білмейтін  оқушылар да көп.

Мектепте мектептің бірыңғай формасы қатаң сақталуы керек.

Форма жай киім деп қарауға келмейді. Ол – тәрбие, ол – мектептегі  әлеуметтік теңсіздіктің, ала-құлалықтың алдын алатын басты фактордың  бірі.

  1. Біз – зайырлы елміз. Әр дін өз киімін білімге араластырмай, нақты ортақ тәртіпке бағынуы керек.
  2. Мектеп формасы елде біртұтас болуы керек. Жалпы бірыңғай мектеп формасы деген стандарт толық сақталуы керек.
  3. Адам дін ұстануын толық ақылы толғанда өзі шешуі керек. Бастауыш сыныптың оқушысына хиджап кигізу ақылға қонбайды.
  4. Бала білім алу құқынан айырылмауы керек. Сондықтан қандай да жағдаймен мектепте баласын оқытпай надан еткен ата-аналарға қатаң жаза болуы керек. Әлемдегі жағдайларды ескерсек, жалпы діни мәселе жай қарайтын мәселе емес. Енді тағы мәселе, жалпы мектепте хиджап мәселесімен күресу елдегі діни мәселені реттемейді. Ол – елдегі идеологиялық  жағдайдың салдары. Сондықтан мектептегі киіммен күрес – салдармен  күрес. Бұл мәселенің осыншалық деңгейге көтерілуі – елдегі діни жағдайдың көрінісі.

Елге ұлттық идеология керек! Елге сапалы білім-ғылым керек! Ұрпаққа дұрыс тәрбие керек!».

Қым-қуыт уақытта өмір сүріп, қайшыласқан көзқарастар мен пікірлер тоғысынан адаспай, жол тауып жүру де оңай емес. Ал  өзіңнің адасқаныңмен қоймай, ұрпағыңның да басын қатырып, «миын шірітсең», одан өткен өкініш, одан өткен күнә болмас.

Еліктемей солықтап, ананы көрсе, анаған сақ, мынаны көрсе, мынаған сақ болып, ілесе шабуды қойған дұрыс. «Орамалда тұрған не бар?» дегенмен, оның жорамалына көз жұма қарауға болмайды.

Түбі – шикі, болашағы – бұлдыр нәрсе екенін көре тұра, осыншама бүлінуге не себеп? Саясаттың да, басқаның да иісі бықсып тұрған жоқ па қазірдің өзінде қолқаны атып.

Бара-бара жаппай тұншықтырып құртпасына кім кепіл? Мектепті бүлдірмейік.

Мектепті бүлдіргенің – елді бүлдіргенің.

«Елді бүлдірме!» дейді атам қазақ. Ең қатаң тыйым сол.

Дариға Мұштанова, 

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале