27.12.2022, 10:00
Оқылды: 88

«Өлең дүние...»

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын, актер Қуаныш Амандықовтың бенефисі және мерейлі 50 жасына орай шыққан «Мең» атты жаңа кітабы таныстырылды.

10b0ee12-886c-4918-ae17-ebaa0548a639

Кеш бағзы заманнан бергі салт-дәстүрімізді  дәріптеген қойылыммен ашылды. Батыр  бабаларымыздың образын сахнада қасқайып тұрып сомдаған Қуаныш Амандықов шығармашылық кешін рухты жырларымен бастады. Оның өлеңдерінен дархан далада дара шапқан ержүрек ерлердің бейнесін көрдік. Кештің алғашқы бөлімінде Махамбет батырдың жырлары оқылды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-журналист Қазбек Қабжанов және алыстан арнайы келген қонақтар – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері Мұрат Ахманов, шетелдегі қазақ ақыны Сұраған Рахметұлы кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.

– Театрда түрлі образдарды сомдай жүріп, жан сырын өлеңге ақтарған ақынның кешіне біз де келіп қалдық. Бұл жерде талай тұлпардың ізі қалған. Осы далада батыр бабаларымыз дұшпандарын тізе бүктірген. Қасиет қонған құтты мекенде туып-өскен сан ұрпақ қашанда рухты, мінезді болады деп ойлаймын. Мұның бәрі бекер болмаса керек. Бар өнерді бойына жиған кеш иесін мерейлі жасымен құттықтаймын және шығармашылық жетістіктер тілеймін! – деді ақын Сұраған Рахметұлы.

2ff8fe69-2f21-491b-bf80-33fdff7cb5b5

Одан әрі Қазбек Құттымұратұлы мен Мұрат Ноянбайұлы өткен күндегі естеліктерін еске түсіріп, жаңа кітаптың қалай шыққанын баяндап берді.

«Кешіктім бе?

Кім біледі, ерте ме?

Түрен салдым

Өлең деген өлкеге» деп жырлаған ақын Қуаныш Сайлауұлы намысты, отты өлеңдерімен жиналған қауымның қошеметіне бөленді. Оның өлеңдерінен достық, адалдық деген ұғымдардың қашанда биік тұратынын аңғардық.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев кеш иесіне облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің құттықтаухатын және «Батыс Қазақстан облысының үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісін  табыстады.

– Қуаныш Сайлауұлы – облыс мәдениетінің дамуына біркісідей атсалысып жүрген азамат. Театрдағы актердің ақын болуы бекер емес. Себебі сахна майталманы өмірдегі әртүрлі образдарды жақсы таниды. Сол себепті ақынның суреткерлігі жоғары деңгейде. Сондықтан да оның өлеңдері өткір, бояуы  қанық, – деді Қуанышбек Жанболатұлы.

Өңірімізге белгілі ақын Ғайсағали Сейтақ інісіне арнау өлеңін оқыды. Айтыскер ақын Талғат Мықи Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Бауыржан Халиолланың құттықтаухатын табыс етіп, актердің өңіріне даланың даңқты батыры «Сырым Датұлы» төсбелгісін тақты. «Өлең дүние...» атауымен өткен кеш соңында Қуаныш Амандықов қолдап келген көпшілікке ризашылығын білдіріп, ақжарма тілегін айтты.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале