14.06.2018, 22:06
Оқылды: 23

Оралда «Men qazaqpyn» мегажобасының облыстық кезеңі аяқталды

20180614_172718Бүгін Жастар мәдениет үйінде «Men qazaqpyn» халықаралық телевизиялық мегажобасының облыстық кезеңі аяқталды.
Дәстүрлі әуезді ән мен күмбірі құлақ құрышын қандырған күйді, тәлімі мол терме мен жырды жанына жақын санаған дарындылардың өнерін танымал өнер адамдары бағалады.


Байқаудың облыстық кезеңінде бақтарын сынаған 44 өнерпаздың 14-і гала-концертте өнер көрсетті. Олар халық күйі «Ақсақ құлан», Ғ. Құрманғалиевтің «Ақжайық», Нұрымның термесі секілді інжу-маржан жыр-термелер мен күйлерді орындап, ұлттық рухты оятатын ұлағатты өнерді паш етті.

Әділқазылар шешімімен дәстүрлі ән бойынша тасқалалық Бейбіт Қажығалиев, терме орындаудан оралдық Тілек Базаров үздік деп танылды. Ал тағы бір оралдық Жасұлан Зинединов күй тартудан басым түсті.

Қазылар алқасының төрағасы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-термеші Қатимолла Бердіғалиев және «Қазақстан» РТРК АҚ БҚО филиалының директоры Асланбек Ғұбашев қатысушыларды дипломдармен марапаттап, үздік үштікке халықаралық мегажобаға жолдама табыс етті.

- Биыл екінші рет қолға алынған «Men qazaqpyn» жобасының облыстың кезеңі өз мәресіне жетті. Байқау ауылда, аудандық жерлерде көзге көрінбей жүрген жас таланттарды іріктеп, солардың өнерін насихаттауды мақсат еткен еді. Байқаудың өтуіне себепкер болған, ұйымдастырған жергілікті «Ақжайық» телеарнасы ұжымына, облыстық мәдениет басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы ұжымдарына алғысымызды білдіреміз. Жолдама алған жерлестерімізге ақ жол тілейміз, - деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале