14.12.2019, 11:29
Оқылды: 102

Оралда Тәуелсіздік күніне орай мерекелік концерт өтті

Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында ҚР Тәуелсіздік күніне орай мерекелік концерт өтті.

IMG-20191214-WA0054

Сәні мен салтанаты келіскен мерекелік шараны облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтау лебізімен ашты.

- Құрметті салтанатты шараға қатысушылар, ардақты ардагерлер! Ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты болсын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, «Бұл күн – өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен ұлы күн. Тарихи әділет салтанат құрып, сан дәуір өтсе де ұрпақтарымыз ұлықтап өтетін ұлағатты күн!». Егемендік алған күннен бастап қабылданған барлық саяси және экономикалық шешімдер өз жемісін беріп, елдің гүлденуіне өз септігін тигізді. Ауыл шаруашылық, инвестиция, сауда-саттық, денсаулық пен білім, жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, тиісті бағдарламалар қабылданып, жүзеге асты. Еліміздің экспорттық әлеуеті артып, экономикамыз өркендеді. Тәуелсіздік жылдарында облыстың жалпы өнімі артты. Бүгінде өңірде өнеркәсіп өнімінің тоғыз, газдың 40 пайызы өндіріледі. Қазір облыс тұрғындарының 95,4%-газбен қамтылған және газ өткізу жұмыстары жалғасуда. Бірнеше зауыт пен фабрикалар ашылып, кеме жасау қолға алынды. Осы жылдар ішінде «Зенит» зауыты әр түрлі 29 кеме жасап шығарды. Төрт газтурбиналы электр станциясы электр қуатына деген тәуелділіктен толықтай арылуға әрі жарықты еліміздің өзге аймақтарына да экспорттауға мүмкіндік берді. Ал бұрын біз электр қуатының 95%-ын Ресейден алатынбыз. Өңірде 5 млн. шаршы метр тұрғын үй беріліп, 2200 шақырым аутокөлік жолы салынды. Жалпы облыстың экономикалық көрсеткіштерінің оң серпіні тұрғындардың өмір сапасын арттыруда. Соңғы жылдары 184 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Біз Тәуелсіздіктің арқасында – тарихы біте қайнасқан, тағдыры ортақ тұтас халыққа айналдық. Табан астындағы топырақтың қадірін білмей, кең байтақ Отанды сүю мүмкін емес. Өңірге, Отанымызға еткен еңбегіңіз еселене берсін! Ел игілігін еселеуде аянбай еңбек етіп, алға қойған мақсаттарға бірге қол жеткізе берейік, ағайын! - деді облыс әкімі.

IMG-20191214-WA0068

Мерекелік концертте «Назерке» халық би ансамблі (жет. А.Тасболатова, М.Сүндетқалиева) Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі орындаған Махамбеттің «Ақжелең» күйіне қойылған «Дархан дала» хореографиялық композициясын орындады. Ал дәстүрлі әндер шеруімен сахнаға шыққан әншілердің өнері көпті тәнті етті.

IMG-20191214-WA0066

Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Жарас Сатыбалдиев Н.Тілендиевтің «Әлқиса» күйін оркестрдің сүйемелдеуімен және жеке домбырада орындады. Г.Сүндетова жетекшілік ететін «Шұғыла» би ансамблінің «Сарыжайлау» биі ерекше әсер сыйлады.

IMG-20191214-WA0059

Кеш бойы өнер көрсеткен барлық өнерпазға деген көрерменнің ықыласы зор болды. Концерт соңында барлық өнерпаздар мен қатысушыларға облыс әкімінің атынан ықылас гүлі ұсынылды.

IMG-20191214-WA0057

IMG-20191214-WA0070

Ясипа РАБАЕВА,

Суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале