26.12.2023, 20:39
Оқылды: 151

Оралда жастар сыйлығы табысталды

«Атамекен» өнер ордасында «Жыл үздігі – 2023» Батыс Қазақстан облысының жастар сыйлығын табыстау шарасы өтті.

IMG-20231226-WA0129

Батыс Қазақстан қоғамдық даму басқармасының қолдауына ие шара 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл өңірдің үздік жастарын салтанатты марапаттау шарасын «Болашақ» корпоративтік қоры ұйымдастырды.

IMG-20231226-WA0135

«Жыл үздігі» сыйлығы жастар қозғалысының дамуына белсене араласып, мәдениет, медицина, спорт, білім саласында табысты қызмет атқарған жалынды жастардың ел дамуына қосқан үлесі мен жетістіктері еленіп, еңбектеріне берілген лайықты баға. 15 жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бұл құрмет биыл «Үздік волонтер», «Үздік студент», «Үздік жас ұстаз», «Үздік оқушы», «Үздік жас талант», «Үздік жас дәрігер», «Үздік жас спортшы», «Үздік жас журналист» сияқты аталымдар және комиссия шешімімен анықталатын «Үздік жас басшы», «Жыл жаңалығы» сияқты екі арнайы номинация бойынша табысталды.

жж (3)

Өңірдің мен-мен деген беткеұстар жастарын анықтауға арналған салтанатты жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, түрлі салада жетістікке жеткен жерлестеріміз бен жастар қатысты.

IMG-20231226-WA0134

Жастарға тән ерекше салтанатпен өткен шара қорытындысында «Үздік волонтер» сыйлығы Әйбек Асқаровқа, «Үздік студент» сыйлығы Индира Жұлқашеваға бұйырса, «Үздік оқушы» аталымына Әлиислам Құрманғалиев лайық деп танылды.

Жиында түрлі сала үздіктері лайықты марапатқа ие болды.

IMG-20231226-WA0133

«Үздік жас талант» деп арнайы комиссия Нұрия Абдолованы таныса, «Үздік жас спортшы» сыйлығы Мария Бровковаға табысталса, «Үздік жас журналист» аталымына Біржан Қохаев ие болды. Сонымен қатар «Үздік жас ұстаз» сыйлығына Мейрамгүл Сралиева ие болса, «Үздік жас дәрігер» аталымы Әйгерім Құрымбаеваға берілді. Бұл аталым жеңімпаздарын өңірге танымал азамат-азаматшалар марапаттады. Одан соң сахнаға көтерілген облыс басшысы Нариман Төреғалиев жастарды өткен тәуелсіздік күні, келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Залды толтырған жастарды көріп, елдің болашағы жарқын екеніне көз жетті. Өңір жастары үлкен іс атқарғанын көріп жүрміз. Әр салада өз үздігі бар. Ал бүгін үздіктердің үздігі анықталды. Барлық марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай сақтайтын өздеріңдей жастар аман болсын. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ертеңі - жастар екенін әрдайым айтып отырады. Жалындаған шағыңызда ерінбей еңбек етіңіз. Ал аға ұрпақ елім деген жасты қашан да қолдайды. Қазақ елін дамытсам, елімнің ертеңі үшін еңбек дейтін жастар барда отанымыз дами берері сөзсіз, - деді Нариман Төреғалиұлы.

IMG-20231226-WA0132

Одан соң өңір басшысы «Үздік жас көшбасшы» аталымын Дулат Жүсіпқалиевке, «Үздік жас басшы» аталымын Салтанат Абулғазиеваға табыс етті. Ал облыстың ең үздігі атағы, яғни, «Жыл жаңалығы» сыйлығына Мағзом Әлішер лайық деп танылды.

жж (1)

Әр аталым жеңімпаздарына «Жыл үздігі – 2023» статуэткасы мен қомақты ақшалай сыйлық және диплом табысталды.

Түгелбай Бисен,

Фотоға түсірген: Диас Закбаев,

Мәди Салық 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале