17.04.2026, 12:15
Оқылды: 120

Оралдық қария - нағыз тазалық сақшысы

DSC09693

Айналаны таза ұстау – қала, ауыл тұрғындарының міндеті мен жас ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілігі. Қоқысты көрінген жерге тастап, айналамызға шашып жүрсек, тазалық қайдан болмақ?

Жақында Орал қаласының тазалығына алаңдаушылық білдірген ақсақал редакциямызға келді. Өзі жасы 82-де болса да, велосипедпен жүр...

Бақберген Бақыт атамыз көпке үлгі болсын, әр тұрғынға үн тастайын деп өзі тұратын Абай көшесіндегі көппәтерлі 64-үйдің маңайын,  гараждардың айналасын таптұйнақтай етіп жинап жүреді  екен.

Тазалықты жаны сүйетін кейіпкеріміз 1944 жылы 18 сәуірде Ресейдің Орынбор облысында өмірге келген. Анасынан төрт жасында айырылып, әкесінен алты жасында көз жазып қалған. Жетімдіктің зардабын тартқан Бақыт Науымғалиұлы еңбекке ерте араласып, еңбек кітапшасын 13-14 жасында аштырыпты. Қаршадайынан мал бағып, 100 сиырдан 60-70 бұзау алған.  Еңбекпен шыңдалған ақсақал бүгінде Бөрлі ауданының құрметті азаматы,  «Ерен еңбегі үшін», «Халық құрметі», тағы да басқа медальдардың иегері.

Бақыт атамыздың әңгімесін тыңдай отырып, алаңдаушылығын, қоғамға не айтқысы келгенін сөзсіз түсіндік. Қоғамдық орынды ластау қоршаған ортаға ғана емес, болашаққа жасалған қиянат екенін ашына айтып, қаламыздың таза-лығына мән беру керектігін баса  баяндады.

– Айналамды таза ұстағаным – мені мақтасын дегенім емес, көп адамға ой салсын, табиғатқа зер салсын деген мақсат. Тазалық – адамның рухани-мәдени жетілуінің маңызды көрсеткіштерінің бі­рі. Өзіміз тұра-тын жер болсын, басқа болсын, қоршаған ортаның, табиғаттың әр бұрышын таза ұстау – бәрімізге ортақ іс. Елді көркейтуге қосқан кішкентай  үлесім болсын деп үйдің айналасынан бастап, көпқабатты үйдің жанындағы алты  гараждың алды-артын жинап жүремін. Әлі де  жинау  үстіндемін.

Өткен-кеткен адамдар қолындағы қоқысын контей­нерге салуға ерінеді. Жерде жатқан қағаз, салафандарды елемей, үстінен аттап, болмаса  жанынан міз бақпай өте береді. Көп жағдайда гараж маңына жиналып, ішімдік ішкендердің талайын көзім көрді. Маңайды қорыс қылып, ішімдіктердің бөтелкесін оңды-солды лақтырып кететінін қайтерсің?  Ол – ол ма, үйсіз-күйсіз жүрген адамдар гараж маңын паналап, қоқысты ойланбастан  тастай салады. Осындай олқылықтың алдын алу үшін әуелі гараж айналасын қоқыстардан арылтып, қолда бар ағаш, профлист, сыммен қоршау жасап, есігін құлыптап  қойдым, – дейді Бақыт Науымғалиұлы.

Абай көшесіндегі 64-үйдің төңірегін әдейі барып көрдік. Тазалық сақшысы қате айтпапты, үй  айналасы мұнтаздай. Шіркін, ақсақалдың игі ісі бәрімізге жұғысты болса  ғой!

Гүлфия  Азаматқызы,

«Жайық Пресс»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале