15.02.2024, 12:45
Оқылды: 192

«Осы өлкеге өмір бойы қарыздармын»

Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты Қазыбай Қараұлын кемел жасқа алып жетті. Жетпіс бес жас – бұл ер-азаматқа тән күш-қуат пен кәсіби және адами тәжірибенің әдемі үйлесім тапқан кезеңі. Осы кемел жасқа Қазыбай Қараұлы тың жігер, жарқын көңілмен жетіп отыр.

бозымов

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын...» демекші, жақсылығы өз бойынан төгіліп артылып, халқына, ел-жұртына шашу боп шашылған, туған жерінің сүйікті перзентіне, біртуар ұлына айналған Қазыбай Қараұлындай жақсы жан туралы жазу – үлкен жауапкершілік. Өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие тұлға ретінде ел игілігіне бөленіп, қызметтің ең қиын салаларын атқарып отырған абырой-беделін атап өтпей кетуге де болмас.

Бүгінгідей тәуелсіздікке қол  жеткізіп, егемендік жолында  азды-көпті еңбек етіп, ел ағасы атанған уақытта өз басым көп нәрсені көріп, жақсыға да, жаманға да куә болдым. Бұрылыс-бұралаңы көп өмір жолында қызмет бабымен де, рухани жағынан да қаншама жақсы жандармен араласып, сыйластым. Өміріміздің ащы-тұщысына қарамастан, сондай жаны жайсаң жандармен арадағы сыйластық пен жарасымдылықтың күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқанына ризамын.

Өзімнің кәсіби тұрғыдан қалыптасуыма және жоғары оқу орнындағы басқару-әкімшілік қызметтің қыр-сырын үйреніп, мол тәжірибе жинауыма үлкен септігін тигізіп, үнемі ағалық ақылын айтып отырған  тұлғалардың бірі – Қазыбай Қараұлы Бозымов.

бозымов

Қазыбай Бозымов – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрметті ректоры, қоғам қайраткері, білікті кәсіби жетекші. Ол 1949 жылы 16 ақпанда Қызылорда облысындағы Арал ауданының Сексеуіл бекетінде дүниеге келген. Білімі жоғары, 1971 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1976 жылы үздік бітірген. Оқуды бітіргеннен кейін Қазыбай Қараұлы институт комсомол комитетінің хатшысы, кафедра оқытушысы, одан кейін аспирантура, факультет деканы, факультеттің, кейіннен институттың партия комитетінің жетекшісі болып бастады.

11 жыл бірінші проректор және 2002 жылдан бастап 2014 жылғы 16 ақпанға дейін университет ректоры болып қызмет атқарды.

Еңбек жолын 1964 жылы Орал бекетінің локомотивтік депосында нақты өлшемелі аспаптарды жөндеу, реттеу жəне оларға қызмет көрсету слесары болып бастаған. Жұмыс істей жүріп, жұмысшы жастардың №54 кешкі мектебінде оқыған. 1967 жылы сəуір айында тепловоз машинисінің көмекшісі қызметіне ауыстырылған. 1969-1971 жылдары Кеңес əскері Қарулы күштері қатарында қызмет ете жүріп, «Жа-уынгерлік ерлігі үшін» медалімен  марапатталған.

бозымов63

«Мен тағдырдың жазуымен жетімдіктің ащы зарын тым ерте таттым. Балалықтың бал дәміне құмарым қанбай жатып, асқар тауым, арқа сүйерім әкемнен айырылдым. Кіндік қаным тамған атамекенім – Сыр бойынан Орал өңіріне қоныс аударуым өмірімнің осы бір көңілсіз тұсымен тығыз байланысты еді. Марқұм әкемнің жалғыз қарындасы Алуа апамның ұлы Орынбай Бердіұлы Жұмағұлов мені Қызылордадан Оралға өзімен бірге алып келді. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» демекші, Алуа апам Алланың сыйлаған ғұмырын жасап, мәуелі бәйтеректей 100 жасында бұл дүниеден өтті. Ал Орынбай ағамның маған көрсеткен ерекше қамқорлығы, өмірлік тәжірибесімен бөлісе отырып, берген мол тәлім-тәрбиесі, әр басқан қадамыма балаша қуанып, болашағыма зор үміт артып, айтқан ақыл-кеңесі  өмірден өз жолымды адаспай табуыма, азамат ретінде қалыптасуыма тікелей ықпал етті. Біздің буынды өмір еркелетпеді, ерте есейдік. Бір үзім нанның қадірін бала кезден біліп өстік. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» демекші, білім алуға аңсарым ауды.

Санамда «Жоғары білімді маман атансам, туған еліме, халқыма лайықты қызмет етсем» деген мұрат пайда болды. «Кім болам?» деген сауал жетегінде жүрген кезімде 1969-1971 жылдары Кеңес әскері қатарына шақырылдым. Жалпы әскери борышымды өтей жүріп, болашақ мамандығым, өмірлік мақсат-мұратым жайлы терең ойлануға уақытым болды. Мен  әскери борышымды өтеп, елге оралған соң еш кідірместен Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына құжаттарымды тапсырдым. Сынақ емтихандарынан сүрінбей өтіп, зоотехния факультетіне  оқуға  қабылдандым.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің өмірімде алар орны ерекше. Міне, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бергі менің барлық саналы ғұмырым, мақсат-мұратым, тіпті керек десеңіз, арман-қиялымның бәрі де – алғаш табалдырығын абитуриент ретінде аттаған Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтымен, қазіргі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен тығыз байланысты. Соқтықпалы соқпақты өмір өткелдерінде осы қасиетті қара шаңырақпен тоғыстырған тағдырыма ризамын. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде табан аудармай еңбек ете жүріп, қоғамдық-саяси қызметке де араластым. Жалпы айтқанда, менің адам ретінде, азамат, ғалым ретінде қалыптасуыма Жайық жұртының ықпалы көп тиді. Мен осы өлкеге өмір бойы қарыздармын», – деп ақтарылды кейіпкеріміз.

Қазыбай Қараұлы әкімшілік жұмысты педагогикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шебер ұштастыра білді. Ұлы Абайдың көзқарасы бойынша өмірде мақсатқа жеткізетін нәрсе – оқу-білім мен үнемі ізденіс. Көп оқып, көп білген еш уақытта артық болмайды, керісінше, сол арқылы кедергілердің кілтін табуға болады, осы ұстаныммен өмір сүріп келеді.

Қазыбай Қараұлы өзінің ғылыми мектебін құрды, оның жетекшілігімен докторлық, кандидаттық және магистрлік диссертациялар қорғалды. 300-ден астам ғылыми еңбектердің, монографиялардың, оқулықтар мен оқу құралдарының, ұсынымдардың, патенттердің авторы. Етті мал шаруашылығы бойынша ғылыми-техникалық бағдарламалардың жетекшісі, докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы болды. Ғалым ретінде Қазыбай Қараұлы облыстың және республиканың етті мал шаруашылығын дамытуға баға жетпес үлес қосты. Студент кезінде оның дипломдық жұмысы, содан кейінгі кандидаттық және докторлық диссертацияларының тақырыптары да етті мал шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты болды.

Əртүрлі қызметтерде жұмыс істей жүріп ол өзін білгір, ынталы жетекші, жоғары мектептің жаңашыл басшысы ретінде көрсете білді. Ұйымдастырғыш, талантты, белсенді ғылыми-педагогикалық қызметі өзі басқарып отырған университеттің дамып өркендеуіне мүмкіндік туғызды. Қазыбай Қараұлы университетке басшылық еткен кезеңде оқытушыларға жəне жас ғалымдарға арналған 72 пəтерлік жəне 44 пəтерлік екі тұрғын үй, əкімші-лік ғимарат, ғылыми-зерттеу институтының ғимараты, студенттік медициналық орталық, Студенттер үйі (9 қабатты 560 орындық студенттік жатақхана), Машина жасау факультетінің 1200 орындық оқу ғимараты жəне оқуөндірістік орталығы пайдалануға берілді. Университетте біліктілікті арттырудың өңірлік орталығы ашылды. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында университет аумағын безендіру мақсатында «Алғашқы тың игерушілер» аллеясы салынды, 3000-нан астам бағалы ағаш көшеттер егіліп, гүлзарлар мен 5000 шаршы метрлік көгал отырғызылды. Жәңгір ханға ескерткіш тұрғызылып, мұражай ашылды. Болон декларациясының негізі болып саналатын университеттердің ұлы хартиясына қол қойылып, оқу үдерісі толығымен кредиттік технологияға көшірілді. Кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында талантты жастарға қолдау көрсетіліп, оларды университеттің қаржысы есебінен шетелдік оқу орындарының аспирантураларында оқыту жолға қойылды. Бекіретұқымдас балықтарды тұйық сумен қамтамасыздандыру қондырғысы жағдайында өсіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізіле бастады.

Қазыбай Қараұлының іргелі ғылыми еңбектерінің қазіргі уақытта қарышты дамып келе жатқан еліміздің  бүгіні мен ертеңіне қосатын үлесі мол. Өмірден мол тәжірибе жинақтап, ғылым мен білімді дамытуға, болашақ жас ғалымдарды тәрбиелеп, еңбек жолына бағыт-бағдар беріп, ұстаз, ақылшы болып отыр. «Сегіз қырлы бір сырлы» дегендей, Қазыбай Қараұлы – жан-жақты тұлға. Музыка тыңдағанды жаны сүйеді. Жылқыларды жақсы көреді. «Бала кезімнен жылқыларды жақсы көремін және бұл менің құмарлығым» дейді өзі.

Ұзақ жылғы еңбек жолында жарауы келіскен сәйгүліктей аяңдаудан, шабысынан жаңылуды білмей үнемі өрлеу, өсу үстінде болған Қазыбай Қараұлының еңбекқорлығы, табандылығы, қайсарлығы, берік азаматтық ұстанымы, қай істі қолға алса да, адамдық пен адалдықты бәрінен биік қоя білген парасаттылығы қасында жүрген жандар үшін ғұмыр бойы үлкен мектеп болды.

Қарым-қатынасқа бейімділігі, қарапайымдылығы, керемет күш-жігері, шалқар шабыты арқылы түрлі мінезді адамдарды өзіне тарта біледі.  Ол батыл болуды, «ағымға қарсы» жүруді, қиын мәселелердің ерекше шешімдерін табуды, мақсатқа жетуді, тәуекелге баруды, толық қайтарыммен жұмыс істеуді, өмір беретін әдемі сәттерді бағалауды біледі. Әр адамның өз тағдыры, өз өмір жолы бар.

«Қадірлі кісі қартаймас» деген қазақта даналық сөз бар. Өзі дамыған адам айналасын бірге дамытады. Білімге, ілімге құмар, өз ұлты үшін алаңдай алатын жан. Тағы бір қоса кететін қасиеті – заман ағымынан қалмайтындығы. Осы қасиеттерді бойына жинаған Қазыбай Қараұлы өлшеулі ғұмырында  қадірі бар, сыйлы, абыройлы адам болып өтеріне сенімдімін. Көз ілестірмей, жақсысы мен жаманы қатар дамып жатқан заманда адам болып өткенге, оның ішінде абыройлы болып өткенге не жетсін?!

Біз Қазыбай Қараұлын 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, сарқылмас шығармашылық күш-қуат тілейміз!

Өтеген Таубаев,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың басқарма төрағасы – ректордың бірінші орынбасары, стратегиялық даму және қаржы жөніндегі проректор, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы (1994), профессор (1996), Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі және Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Қазыбай Бозымов ұзақ жылғы еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл» медалі (2001), «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2002), «ҚР Ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісі (2003), «Құрмет» ордені (2006), «Барыс» төсбелгісі (2009), «10 жыл Астана» медалі, «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалі (2011), «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалімен (2021), ҚР Ауыл шаруашылығ министрлігінің «Ауыл шаруашылығының үздігі», «Ауыл шаруашылығының ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Үш рет БҚО мәслихатының депутаты болып сайланып, ең жауапты саланың бірі – Экономика, инфрақұрылымды жоспарлау және дамыту жөніндегі тұрақты  комиссияның төрағасы қызметін атқарды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале