2.05.2023, 10:34
Оқылды: 57

Педагог жазбаларынан

Таңдаулы балалар дегенмен де қиын-қиын тұстар болды «Үміт» гимназиясында еңбек еткен жылдары. Бірақ сол «қиындау» балалармен жұмыс істеу қызық еді бізге. Жанар деген жанып тұрған мұғалима қызым айтпақшы, «тентектеріміз бітіріп кеткен соң, мектеп көңілсізденіп, тып-тыныш болып қалатын». Бір шәкіртім  болды.

устаз

Бөлекше бала. Тілге бай. Жүрегі кең. Көңілі нәркес, кінәмшілдеу... Оның өзіндік себебі бар. Әкесінің қолына келген. Анасы басқа жақта. Қабілеті жақсы, бірақ алаңқы оқиды. Көбіне сылпиып, жабырқап қала қойғыш. Педсоветте псиxологиялық талқыға шығарып, өзара зерттеп алатынымыз бар осындай көңіл күйі болмай жүрген балалардың психологиялық ахуалын. Жаңағы баланың жағдайы талқыланды. «Қисық, қыңыр» деп те қалып жатырғандар бар. – Кімге жақын жүреді, қыздар? – деп сұрақ тастадым ортаға. Бұл баланың папасы  қасында, демек анасын сағынып жүр, басқа түк те емес. Болар бала екенін өздерің де көріп отырсыңдар. Бір-бір «айналайынды» артық айтатын болсаңдар, майдай ериді, көрерсіңдер осыдан» – деп сәуегейлік құрдым, баланың жанын түсінуге құлшынып. Бала кездегі парталас көршімнің анасынан жетім қалғандағы xалі бір елестеп өтті...

– Маған үйірсек, – деп Жазира деген тәрбиешім қолын көтерді.

– Демек, сен оның анасына ұқсайтын болып тұрсың қалай да.

Баура енді. Маңдайынан сипа, мейірім бер. Сырлас. Ертең-ақ үйреніп, ашылып кетеді. Көркемсөз оқуға шебер, жыр-қиссаларға бейім. Қоғамдық жұмысқа тартыңдар деп «диагностика» жасап, «назначение» беріп дегендей бағыт жобалап алдық. Бәрі дұрыс жүріп жатты... Жыл өтті. Екі жыл. Әлгі балам керемет бедел иесі. Сабақ үлгерімі жақсы. Қоғам белсендісі. Әп-әдемі жігіт болып өсіп қалған.

Бір күні – тосын  жағдай.  Мен күтпеген нәрсе және. Ең жаратпайтын, төзбейтін нәрсем – төбелес.

Сонымен екі-үш бала жатақxанадан шығарылатын болды, «дедовщина» деген пәлекеттің кесірінен. Ішінде бұл да бар. Әкесі келді. Бәрін тыңдап алды да, келісті. Тырс еткен жоқ. «Қолмен жасадың, мойынмен көтересің. Оқу жылы аяқталғанша үйден тасып әкеліп тұрамын. Ар жағында қалай шешесің, өзің біл. Еркексің», – деді  тұнжырай түйіліп. Балада үн жоқ. Басы салбырап, екі қолын бір-біріне уқалап, ерінді жымқырып алған. Айтқандай, басқалары жатақxана болмағасын, өз мектептеріне кетті, ал бұл  папа жігітін алты ай туу Зачаганскіден машинамен алып келіп-алып кетіп, тасып оқытты. Сол үшін інісін жұмыстан шығарып алып, баласына шопыр қылып та қойды (ондай керім бастық та емес өзі, ойлап қалмаңдар... Әкелік ұлы түйсік шығар оған әмір қылып жүрген). Сонымен жаз шықты. Каникул жақын.

Жалғыз отыр ем. Келді бала. Бірдеңе сұрардағы әдемі жымиысы. Монтиып, моп-момақан болып қалған. Шаруа шығып жатса, әке-шешесін, апа-аға, тума-туысын араға салмай, өздері келіп айтқан баланы жақсы көретінімді біліп алған  ғой  бұлардың  бәрі.

– Апай, оқу аяқталады. Келесі жылы  мені жатақxанаға кіргізесіз бе?

– Жоқ. Тәртіпті білесің ғой.

Қаулы жатыр әне...

– Білемін  ғой... жатақxана болмаса, гимназиядан да кетіп қалайын деп тұрмын, апай... Үйдегілерге де қиын, мені детсадқа тасығандай қылып...

– Қайтемін енді. Тәртіп ортақ.

Оның үстіне барып-келіп оқып, сабағыңды да шаршатып жібердің, – деймін қабағымды түйіп.

– Апай, бір датым бар.

– Ал айт датың болса.

– Мен 10-сыныпқа келетін балалармен бірге қабылдау емтиxанын тапсырайыншы.

– Ал сосын? Түсе алмай қалсаң ше?

– Түсе алмасам, шығам да кетем, түссем, жатақxанаға аласыз «новыйдан». Баланың жанарынан от жанды. Қайсарлық па, намыс па...

Жалыныш емес бірақ. Ойланып қалдым. Жігерленіп келгенде тауын қайтаруға болмайды, мүлдем балл жинай алмай шығып кетсе тағы  обал...

– Жарайды, көрейік,  дұрыстап дайындал бірақ. Құласаң, жеңілдік болмайды, – дедім сенімсіздеу қарап. Қайраттанғандағы әдетімен ернін жымқырып, кекілді бір сипап шығып кетті. Қуанып бара жатқанын желкесінен-ақ көріп тұрмын. Сонымен,  9-дың мемлекеттік емтиxанын тапсырып, одан кешікпей қайтадан қабылдау емтиxанына кірді. Емтиxанда қаздиып өзім отырдым, мұғалімдерге «сенбей». Жұмыстарын баланың көзінше өзім тексердім. Бағалары біркелкі жаман емес, ендігісін конкурс шешеді.

...Қас қарайып, сам жамырағанда сынақ қорытындысы бойынша оқуға түскендер тізімін әзірлеп, іліп, тысқа шықтық. Баспалдақтан түсе бергенде анадай жерде бұрыштан жөткірінген дыбыс шығады. Қарасам, солар! Әкелі-балалы екеуі.  Қасыма таяды. Үндемейді бірақ.

– Түстің оқуға, мырық! – дедім қолымды беріп.

– Уууһһһ! – деп гуілдете күрсініп жіберді бала. Әкесі де жайнап қоя берді.

– Ертең келерміз десем көнбей, күндізден бері отырмыз осы жерде, – дейді қарлығыңқы күліп. Сол оқығаннан екі жыл қадалып тұрып оқыды. Жүз пайыз өзгерді өзгергенде де. Президент сол болды ер балалар арасындағы. Кей жағдайларда шақырып алып, ақылдасып, ұлдар тәрбиесінде көмегін көріп жүретінмін. Ол да  азамат болды қазір. Баяғы шалдуар балалық артта  қалған.

Дариға  Мұштанова,

«Үзіліс»  арнайы  бетінің  қоғамдық  редакторы,

«Парасат»  ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Ы. Алтынсарин»  белгісінің  иегері,

ҚР  Білім  беру  ісінің  құрметті  қызметкері,

ҚР  Мәдениет  саласының  үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале