ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Астанада 2027 жылғы киберспорттан әлем чемпионатын (IESF World Esports Championship 2027) өткізу туралы келісімге қол қойылғанын хабарлайды.

Фото: gov.kz
Бұл тарихи қадам Орталық Азиядағы ең ірі білім беру жобаларының бірі — Қазақ ұлттық спорт университетінің ресми ашылу рәсімі аясында жүзеге асты. Салтанатты шара барысында министрлік, Халықаралық киберспорт федерациясы (IESF) және Қазақстан киберспорт федерациясы арасында үшжақты меморандум жасалды. Бұл құжат тараптардың стратегиялық әріптестігін жаңа деңгейге көтеріп, елімізде цифрлық спорттың дамуына серпін бермек. Сонымен қатар жаңадан ашылған университет пен халықаралық федерация арасында мамандарды бірлесіп даярлау, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және ғылыми зерттеулер жүргізу туралы келісім бекітілді.

2027 жылы өтетін әлемдік дода Қазақстандағы ең ауқымды халықаралық жарыстардың біріне айналады деп күтілуде. Чемпионатқа әлемнің ондаған елінен ұлттық құрамалар, индустрия көшбасшылары, технологиялық компаниялар мен ғылым саласының мамандары қатысады. Халықаралық киберспорт федерациясының президенті Влад Маринеску Астананың бұл турнирді жоғары деңгейде ұйымдастыратынына сенім білдіріп, Қазақстанның инновациялар мен білім беруді қолдауға бағытталған ұстанымын жоғары бағалады. Әріптестіктің нығая түсуіне университет құрылтайшысы Нұрасыл Медеудің IESF департаменті директоры қызметін атқаруы да үлкен ықпал етпек. Бұл институционалдық байланыс елімізде киберспорт саласындағы заманауи құзыреттер орталығын қалыптастыруға берік негіз қалайды.