13.02.2024, 11:30
Оқылды: 57

Саф ауа – суат басы

Күндегіден ерек ерте тұрып, жолға қамдандық. Қысқы балық аулаудың қызықты сәттеріне куә болып, бой сергітіп келу – басты мақсат.

Біз үшеуміз. Таң қараңғылығында теп-тегіс тасжолмен сызылтып келеміз. Көлік терезесінен айналаға көз тастап, ақ көрпеге оранған аппақ даланы көргенде қиялға қанат бітеді.

– Бір кездері батыр бабаларымыз тұлпарларының тұяқтары ақ қарды сықыр-сықыр басып жортып жүрді-ау осы далада, – деймін сапарлас ағаларға.

Қобыз үніндей тылсым сарын, бабалар дауысындай құдіретті әуез ішкі әлеміңді тербей түседі.

 e0371424-4b88-409a-80dd-307c43f433f9

«Сере, сере, сере қар»...

«Сере, сере, сере қар»... Дереу ұялы телефонды қолға алып, youtube қосымшасынан Доспамбет жыраудың сол бір жырын қобызбен орындайтын жазбаларды іздей бастадым. Бір ғана нұсқа. Бекболат Тілеухановтың бейнежазбасы ашылды.

... «Азаулыда аға болған ерлер көп еді,

Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді!

Сере, сере, сере қар,

Асты кілең, үсті мұз,

Күн-түн қатса жібімес.

Мен көлікке қосымды артқанмын,

Көмбідей ару жаларға

Күректей мұзды тоңдырып,

Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!»...

Біздің алған бағытымыз Ақтөбе шекарасына қарай еді. Ақтөбелік Жетес Жәмековтың қобызбен жыр орындаудан көш басында тұрған азамат екендігін әңгімелеп келеді Қуаныш ағамыз. Сонау бір жылы дәстүрлі әнші, жерлесіміз Серік Абдрахмановтың 50 жасына арналған концертте Жетес әншінің қобызбен орындауына куә болғаным бар. Бір әттеген-айы, оның қобызбен орындауындағы Доспамбет жыры ютубтан табыла қоймады.

Жырау, жыршыларды әңгімелей отырып, Жусандойға жеткенімізде күн әлі жарығая қоймаған еді.

Жусандой – жыршылар мекені

Бұрынғы бабалардан «Қызылқұрт – елдің жыршысы» деген сөз қалған. Жусандой, әсіресе, Ханкөл аймағы – ертеден қалың қызылқұрттың жайлаған жері. Тарихтағы Исатай-Махамбет көтерілісі жеңіліс тапқаннан кейін Сары өзен мен Қара өзеннің бел ортасынан көтеріле көшкен мың үй қызылқұрттың келіп тоқтаған жері.

922d98a6-a4e5-4b93-84b5-2fba6fda7ea1

Жусандойдан аса бере оң жақ қолда Ысық Қаратау бидің моласы қалады. Қаратау би – патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы тарихтағы әйгілі Сырым батырмен тізе біріктіре қимылдаған айтулы тұлға. Өлкетанушы, марқұм Қайыржан Хасанов ағамыз жерленген жерін анықтаған соң, Қаратау бидің тікелей ұрпақтары, олардың қатарында бір кездері үкімет басқарған Нұрлан Балғымбаев бар, бабаларына қызыл кірпіштен көрнекті мазар орнатқан. Кейінгі кездері ескілікті карталарда да ол жердің Қаратау би моласы деп таңбаланғаны анықталды.

Жусандой ауылдық округіне қарасты Ханкөл ауылына бағыт түзегенімізде біраздан бері жай жатып, ерте тұрып жүрген менің көзіме ұйқы тығыла берді.

Ертегі мекен Ханкөлдің де әуелгі  тарихы белгілі тұлғалармен байланысты. Батыр да, би де, ақын да шыққан киелі мекен, құнарлы топырақ.

Жантілес қазірет, Мұхамбетқазы қазірет, Ахмет қалпе, Есмағамбет қазірет, Ғарифолла Құран хафиз, Қарадан хан туған, айырдан нар туған Қайқының Бисенбісі, Байзақ батыр, Шәмбіл палуан, Құлшық би осы жерде өмір сүрген тарихи тұлғалар.

«Ханкөлім, көз алдымда ырғаласың» деп туған жерге деген ерекше махаббатпен тебіреніп жыр жазатын Иса Малайұлының ақындығы бір төбе.

Бүгінде «Уа, менің қасиетті Қаратөбем» деп бүкіл қаратөбеліктер қосыла шырқап жүрген тамаша әннің сөзін осы Ханкөл топырағында дүниеге келген белгілі жазушы Жұрғали Ертілесов жазғаны көпке мәлім.

Перінің қызына ғашық болған Қази ақынның хикаялары аңызға бергісіз, жыршылығы бір бөлек. Ал осы ауылдан түлеп-ұшқан – Асхат Оразов, Фархат Оразов сынды өнерпаздар бүгінде батыс өңіріндегі дәстүрлі ән, жыршылық өнердің туынберік ұстап жүрген танымал тұлғаларға айналды.

Соқыр Әлен хан кім?

Ақкөл деген көл екен,

Сусыз, құрғақ шөл екен.

Сауық, Сайран билердің

Мекен еткен жері екен.

Ханкөл деп бұған ат берген,

Соқыр Әлен хан екен...

Ертеден ел ауызында сақталып, күні бүгінге дейін айтылып келген осынау жыр жолдары Ханкөл атауының Соқыр Әлен ханмен байланысты екенін әйгілеп тұр. Жерлес жазушы Құрманғазы Қараманұлы өзінің туған жері Егіндікөлге қарасты Жігерлен елді мекенінде тұрған молда, шежірешіл ақсақал Науқан Есжанұлымен жасаған сұхбатында (аудиожазбасы сақталған) Ханкөл атауының қай ханмен байланысты екендігін сұрайды. Сонда оқымысты Науқан қарт Баймағамбет сұлтаннан кейін ел басқарған Әлен деген кісіні айтады.

Алаш қайраткері Халел Досмұхамедов «Баймағамбет кім?» деп аталатын тарихи жазбасында Баймағамбет сұлтанның 1847 жылы Елек суына батып өлетін жағдайын сипаттай келіп, қайыққа мінген сегіз адамнан жалғыз ғана Тәукеұлы Әлен деген адамның аман қалатынын, Әлен – Баймағамбеттің немере інісі екенін, Баймағамбеттің орнына сұлтан – пырауитил болғанын жазады.

Ал Марат Ескендір-Әбдешевтің «Қазақ портреттерінің тарихы» атты кітабынан Орынбор қазақтарының Батыс бөлігінің сұлтан-әкімі Мұқамедқали Тәукин деген адамның фотосуретін көре аламыз. Онда Тәукинге қатысты былай делінген екен:

«Үшіншіден, бірден анықтауға болатын бейне – Мұқамедқали Тәукин. Себебі, оны «Русский художественный листокта» басылған суретте, бір қабағы салбыраңқы деп анық жазған. Ол сол жақтан санағанда 1-қатарда отырған адамның екіншісі. Қолында қылыш ұстап, подполковник эполетті, кеудесіне таққан 2 медалі, мойнында 1 ордені бар. Сол көзінің қабағы түсіңкі. М. Тәукин 1857 жылы 3-дәрежелі Әулие Анна орденімен, 1839 және 1847 жылдары Анна ленталы 2 алтын медалмен марапатталған, яғни сол кезге дейін барлығы 3 орден-медаль алған. Олар суреттегімен дәлме-дәл келеді. 1847-1867 жылдары Батыс бөліктің сұлтан-әкімі болған. Кейін 4-дәрежелі Әулие Владимир орденімен марапатталып, полковник шенімен 1894 жылы 20 ақпанда дүниеден өткен».

Міне, құрметті оқырман, енді Мұқамедқали Тәукин деген тұлғаның Халел жазған Тәукеұлы Әлен екендігін, нақтырақ айтқанда, ел ауызындағы Соқыр Әлен хан екендігін жазбай таныған боларсыз. Тіпті «бір қабағы салбыраңқы», «Сол көзінің қабағы түсіңкі» деген сипаттамаларынан Соқыр атануына себеп болған қай көзіндегі  кінәрат  екеніне  дейін  білдік.

* * *

– Шай ішіп аламыз ба?!

Қуаныш ағайдың сергек дауысынан тез серпіліп, көліктен түстім. Таң қылаң берген. Орал-Ақтөбе тасжолының Қоскөл ауылы тұсындағы кемпингке тоқтап тұр екенбіз.

Қоскөл аймағы – қасиетті атамекенім. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында сол кездегі бабаларымыздың қонысы Өлеңті мен Сайқұдық арасындағы аймақтан 30 үй Қалқаман тана Көкөзектің бойындағы осы маңға көшіп келіп, қоныс тепкен. Жауырыны жерге тимеген Жетпіс атамыздың орыс палуанын жыққанда сыйға алған жері екен бұл.

Қазіргі Қоскөл ауылы орналасқан жерден солтүстікке қарай бес шақырымдай жерде ескі мешіт орны және қорым бар. Онда осынау аймақтың киесіндей болып Бисеке әулие жатыр. Әулиенің аяқ жағында менің бабам Серғазы, ұлы әжем Қалия жерленген. Атам Сафолла мен Жәннет әжем, өзге де марқұм болған туыстарымыз атақоныста мәңгілік тыным тапқан. Олар туралы әкемнен, әулеттің үлкендерінен естіген шежірелі әңгімелер ойыма оралып, Қасқыртаудың тұсына жете бере аруақтарға дұға қылып, бет сипадым.

Аздаған жел мен аяз, көкжиектен енді көтерілген күннің шапағы қысқы табиғатқа айрықша ажар беріп тұр. Ерболат аға екеуміз мұз бұрғылап, қармақ саларлық ойықтар даярлауға кірістік. Бізді межелі жерден күтіп алған Дулат есімді замандасымызда су астындағы көріністерді бақылауға мүмкіндік беретін бейнеқұрылғы бар екен. Құрылғы жібін ойықтан бойлатқанда өзен тереңдігі алты метрден асатыны байқалды. Ә дегенше ұзындықтары шынтақтан аспайтын қос шорағай бірінен соң бірі қармағымызға ілінді.

Тайөгізді тұмсығынан қапқан шортан

Сәске түсте сиырлар суатқа құлады. Біз балық аулап жүрген жер тасжолдың көпір орналасқан тұсы. Жақын маңда шаруашылық бар. Суаттың ені шамамен кереқарыс, ұзыны үш метрден асады екен.

Қысқы табиғат, саф ауа тынысымды кеңінен ашты, көңілімді сергітті. Тіптен қиялым да шарықтап, Тазша бала, барон Мюнхгаузен хикаяларына бергісіз өтірік оқиғалар ойыма елес берді. Ол ойымның тосын көрінгені сонша, езуіме күлкі үйірілді. Шыдай алмай:

– Ана бір қызыл қасқа сиыр суаттың суын сораптап тұрған сәтте нән шортан келіп, тұмсығынан қапса... Содан сиыр оқыс қозғалып, басын сілкігенде әлгі шортанды жағаға атып жіберсе, – деп серіктеріме әңгімелей  бастаған  едім.

– Құрал тасып әуре болмай, ойық ойып машақаттанбай-ақ, қасқа сиырдың көмегімен нән шортанға қанжығамыз майланар еді, ә?! – деп Ерболат  ағам  да  еліктіре  түсті.

– Малдың тұмсығынан шортан қапқан оқиға шынымен де болған. Оны Мәжит ағайдан естідім, – деді Қуаныш ағам.

Мәссаған, безгелдек! Менің тентек қиялымнан туған көріністің шын мәнінде өмірде қайталануы мүмкін бе?! Бұған таңырқап, одан әрі шаттанып және дереу анығына қанығу үшін Мәжит ағайға телефон шалдым.

Мәжит Лұқпанұлы – ауылымыздың сыйлы ақсақалы, туризм саласының  құрметті  қызметкері.

– Иә, ол рас, болған оқиға. Жымпитыдағы жақын танысымның тайөгізін суға бас қойған кезде ірі шортан қапқан. Шортан тым ірі, жаға ұймалау болған ба, тайөгіз кері шығып кете алмаған. Жоқ іздеген иесі Өлеңті өзенін жағалап келе жатса, басы мен алдыңғы аяқтары суға батып, жағада жатқан малын көреді. Сөйтсе, ауызын кере қапқан шортан тістерін кері босата алмаған. Тайөгіз де, шортан да өліп тынған. Өлеңті өзенінде 15-20 келі тартатын шортандар қазір де кездеседі.

Табиғатта адам таңқаларлық жағдайлар көп қой. Бірде өзіміздің Талтоғайда жүріп, су бетінде отырған кезекдәрі деген үйректің ұрғашысын шортан қауып, жұтып алғанына куә болдым. Шектібай деген судан жылан жұтқан шортанды көрдім. Тіпті суда жүзген адамдардың табанын, өкшесін шортан қауып алған жағдайлар да болды, – деп телефон арқылы тілдескеннің өзінде біраз қызықты жәйттердің басын қайырды Мәжит аға.

Бесін ауа бесаспап ағаларымыз бабын келтіріп балық қуырды. Табиғат аясында даярланған астың дәмі де тіл үйіргендей.

Қуырым боларлық олжаға қанағат дескенбіз. Аяз шымырлап, күн батуға айналғанда қармағымызды ірі шортан қауып, мәз-мейрам болдық.

* * *

Кеш қараңғылығы қоюлана түскен шақ. Сәтті демалыстан соң көңіліміз хош. Көңілдің көк дөненіндей жүйтки есіп келе жатқан көк мәшиненің тізгінінде Ерболат аға. Ол кәсіби жүргізуші ғана емес, Қадыр Мырза Әлидің бір шумақ өлеңін оқығаннан кейін поэзияның сырлы әлеміне күмп берген ақынжанды азамат. Түрлі жиын, көңілді басқосуларда Мұқағали өлеңдерін мөлдірете оқиды.

... «Азаулыда аға болған ерлер көп еді,

Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді!»...

Сапарлас болған Қуаныш, Ерболат ағаларымыз – «ал мама ағашқа» ат байлағандай батыл да сабырлы, сұңғыла жандар. «Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет». Журналистік дағды маза бермей, осы бір жолсапар, әсерлі  демалыс  хатқа  түсті.

Нұртас Набиоллаұлы,

Қаратөбе аудандық ішкі

саясат бөлімінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале