29.06.2021, 9:28
Оқылды: 403

Шабыттың шаңқай түсі

Ақын боп ғұмыр кешіру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі, сыздаған барлық жараның, - деп өмірден ертерек өткен халқымыздың талантты ұлы Төлеген Айбергенов айтқандай, өмірге ақын болып келу мен ақын боп жаратылудың бағынан гөрі, соры басымырақ емес пе екен деген ойға қаламыз кейде. Бұлай болатын себебі – ақын жүрегі өте нәзік, сезімтал келеді емес пе? Қандай қоғамда да орын алған оқиғалар мен құбылыстар, замана запыраны, әділдіктің шет қақпай қалып, озбырлықтың орын алуы ең алдымен дарын иелерінің жүрегін тіліп өтетіні аян.

 Гайсагали Сейтак1000

Осындай кезде ақындық пен азаматтықтың тізгінін тең ұстап, елдіктің сөзін сөйлеп, ел намысын қорғаған ерлер мен билердің бітім-болмысын поэзия тілімен кестелей білетін суреткердің туған топырағы, елімен жұрты алдындағы мерейі қашан да үстем. Дана халқымыз кеше де, бүгін де мұндай талантты ұлдарына кенде болмаған. Бүгінгі күн биігінен қарастырғанда, солардың бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Төлеген Айбергенов атындағы «Жалын» журналы сыйлығының лауреаты, бүгінгі қазақ әдебиеті мен поэзиясының белді де белгілі өкілі Ғайса-Ғали Сейтақ десек, қателесе қоймаспыз.

Онымен сонау жетпісінші жылдардың бел ортасынан ауған шағында танысқаным әлі күнге көз алдымда. Ол сол кезде Орал педагогика институтының филология факультетінде оқиды екен. Бұл дәуірдегі студенттік орта бүгінгіден әлдеқайда думандырақ көрінеді де тұрады. Қазақ поэзиясының патриархы Қадыр Мырза-Әлидің: «Одан да жыр оқы, қыздарға гүл апар, Жас адам сүймеген күні үшін күнәҺар» деген өлең шумақтары бар емес пе еді? Міне, сол жарықтық Қадекең айтқандай, ол жылдарда аталған жоғарғы оқу орнының тіл-әдебиет бөлімінде оқитын студенттер лекция мен емтихан тапсырудан бос уақыттарында жыр көрігін қыздырып жатушы еді.

Солардың арасында шалғайдағы Орда ауданынан келген жұқалтаң, ақсары жігіттің оқыған өлеңдеріне өзгелерден көбірек қол соғылатын. Көп сөйлемейді, тұйық. Не болса да ішкі сыры өзінде. Бір қарағанда, өзі туып өскен Нарынның бұйра құмындай бұйығы көрінгенімен, оның жүрегінің арғы бір түпкірінде ерен екпін мен бұлқыныс және бәйгеден келетін жас тұлпардың дүбірі байқалып тұрғандай көрінетін. Сезіміміз алдамапты. Студенттік ортада ақын болып танылған осы Ғайса-Ғалидың есімі, оның поэзия әлеміндегі сырлы сезім мен нәзік лиризмге толы шумақтары тек Ақ Жайық аймағында емес, барлық республика жұртшылығына жақсы таныс екеніне бәс тіге аламыз. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғанымен, ол өзінің алғашқы еңбек жолын журналистикадан бастады. Тарлан журналист Тихон Әліпқали ағамыздың тілімен айтқанда, оның «қыздай келген» шығармашылық ұжымы бұрынғы Камен, бүгінгі Тасқала аудандық «Екпін» газеті еді. Ол мұнда Мағжан Кенжеғалиев сынды білікті де тәжірибелі редактордың алдынан әдеби шығармашылық қызметіне қатысты алғашқы сынақтардан абыроймен өте білді. Кейін облыстық «Орал өңірі» газетіне ауысты. Отбасын құрып, Тамара есімді тамаша жар тапты. Екеуі қызғалдақтай қыз және алтын асықтай ұлдар өсіріп, бүгінде солардан өрбіген жиен-немерелердің ортасында бақытты ата мен әже атанып отыр.

Міне, осылайша Ғайса-Ғали Самиғоллаұлы сонау сексенінші жылдардың басынан бері журналистика мен поэзия тізгінін тең ұстап келеді. Әйтсе де, әдебиет зерттеушілері мен сыншылары бұған қоса барша жырқұмар қауым Нарынның нар ұлының өлең өлкесіндегі дара үніне басымдық беріп жүргені де байқалып қалады. Мұны да жоққа шығару қиын. Өйткені еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңнен бері Ғ.Сейтақтың жыржинақтары бірінен соң бірі баспалардан жарық көріп, оқырманның оң бағасын алып келеді. Көркем әдебиет пен көркем дүние жасандылықты көтермейді. Тек шынайы жазылған шығармалар ғана оқырман жүрегінен орын таба алады. Ал мұндай жауһар жырлар жазу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтіні де бар.

Сексенінші жылдардың орта  кезінде «Жалын» журналында жарияланған топтама өлеңдерінің өзі оқырмандардың жылы бағасын алып, оған алғысөз жазған қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбеков Ғайса-Ғалидың сол жауқазын жырларында «келелі ойларға барып, келісті түйін түйетінін» атап көрсеткені ұмытыла қойған жоқ. Сұңғыла суреткер, тарлан ақын қателеспеген екен. Бұған Ғайса-Ғалидың қазақ поэзиясындағы өз орнын таба білген, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасы куә. Бұдан тағы да бері қарай жылжысақ, ақынның сонау 1990 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Маңдай» атты тұңғыш өлеңдер жинағы мен 2018 жылы «Арыс» баспасынан шығып, 2020 жылы жаңартылып, қайта басылған «Қасиет қонған қара жер» атты жыр жинақтарының арасы оның ұдайы ізденіс, өсу, өрлеу, толығу мен толысу үстінде келе жатқанын көрсетеді.

73705df5-9554-4fb2-b189-3843a5d4cdae

Дәл осы тұста алғашқы жинақ пен кейінгі кітаптың арасындағы кейбір дүниелерге көз салсақ, қай кезде де Ғ.Сейтақтың өршіл өлеңдері жұрттың жүрегінде, елдің аузында жүргеніне көз жеткізе аламыз. Соның ішінде «Маңдай» жас ақынның тұңғыш жинағы бола тұрса да, мұнда кәнігі қаламгерге тән ой мен кестелі тіл аңғарылып тұратынын айтқанымыз жөн. Ал қаламгердің бұдан кейінгі кезекті жыр жинағы «Нарынның нар ұлдары» жөнінде не деуге болады? Әңгімеміздің басында айтылып өткендей, бұл жинақта еліміз бен халқымыздың басынан өткен шым-шытырық оқиғалар және ұлы тұлғалардың тағдыры поэзиядағы көркемдік шешімін тапқан. Сонымен бірге бүгінгі қоғамымыздың бірқатар қырлары мен қатпарлары нәзік лиризмның шоғына малынған. Мұндағы ой орамдары барша оқырман қауымды ел мен жерді шексіз сүйіп, оған қай кезде де қызмет жасай білуге шақыра алады. Дәл осы тұста өзіміз куә болған нақты бір детальға тоқтала кетсек. Әріптесіміздің «Нарынның нар ұлдары» атты жинағы белгілі заңгер, есімі Ақ Жайық өңіріне танымал азамат Бақтияр Баймырзаның жұмыс үстелінің үстінде жатқанына талай мәрте куә болғанмын.

– Бәке, сірә, Ғайса-Ғалидың өлеңдері сізге ұнайтын болса керек. Әйтпесе, оның кітабы үнемі үстеліңіздің үстінде тұрмас еді, - дедім бір күні жақын араласып жүрген азаматқа.

– Оған сөз бар ма? Мен алғашқы еңбек жолымды Ордадан бастадым ғой. Мұнда сол қасиетті құм өңірі мен оның нар ұлдарының көркем сөзбен түйіндеген көріністері бар. Бұл кітап маған сонысымен қымбат, - деп жауап қайтарып еді ол. Айтайын дегенім, суреткердің бұдан кейінгі жыр жинақтарында да сергек сезім күйі, орнықты ой, айшықты тіл, өршіл рух пен қайсар мінез ұдайы көрініс тауып келеді. Біреулер сырт қарағанда, Ғайса-Ғали Сейтақтың намыстан жаратылған ұл, елдіктің ерен жыршысы екенін байқамауы да мүмкін. Мұндай жандар оның поэзиясымен тереңірек танысуға ден қойса, бұған әбден көздерін жеткізе алар еді.

Бір сөзбен айтқанда, оның шығармашылық жолы өлеңді кәсіп етіп немесе оны ермек қылған кісінің ісі емес, керісінше, поэзияны жанының жалауы етіп, сыңарындай серігіне айналдыра білген адамның ісі деуге болады. Ақын шығармаларына талдау жасаған тұста оның кейінгі жылдары «Арыс» баспасынан шыққан «Қасиет қонған қара жер» атты жинағын аттап өту еш мүмкін емес. Мұнда қаламгердің ақындық, азаматтық әрі өз елі мен жерінің адал ұлы ретіндегі тұлғасы одан сайын айқындала түседі. Жинақта сонау Алтын орда дәуірінен басталған көне тарихымыздың көркемдік шындыққа айналып үлгерген үзіктері кім-кімді де толғандырмай, толғатпай тұра алмайды.

Ақын өлеңдерінің тағы басты құндылығы – дәл де нақты көркемдік түйін жасай білуінде. Тіпті бүгінгі күні қазақ ақындарының арасында жырлы да жұтты ноғайлы тарихы хақында және өксікті де өкінішті Сақмар, Қобан, Аққұм, Ақбұлақ, Орынбор, Сарайшық, Жетікүрең, Қарамола, Тұзтөбе тақырыптары жөнінде дәл Ғайса-Ғалидай жеріне жеткізе жазған ақын шыға қойды ма екен?! Әй, сірә, жоқ шығар. Бұған Қазақстан Жазушылар одағында 2019 жылдың әдеби жыл қорытындысына арналған жиында поэзия саласы бойынша баяндама жасаған ақын Нұржан Қуантайдың оны жылдың үздік поэзиялық жинағы қатарына қосқанын айтуға болады.

4787eb55-6e18-436f-8ce7-83d3abf9af9e (1)

Филология ғылымдарының докторы, белгілі баспагер ғалым Ғарифолла Әнес бұдан екі-үш жыл бұрын Аbay.kz порталында жазылған тарихи-танымдық эссесінде Ғ.Сейтақтың Алаш арыстары жөнінде жазған толымды да толғақты жырлары мен өлеңдері мектеп оқулықтары мен хрестоматияларға енгізуге сұранып тұрғанын айтқан еді. Оның бұл ой-пікірлері мен ұсыныстары қолдауға әбден лайықты деп білеміз. Ақынның елдік пен оны еңселендіруге үндеген асқақ жырлары алдағы уақытта әдебиет зерттеушілері мен оқулық құрастырушылардың назарына ілінсе, игі.

Қаламгер өлеңмен қатар Исатай мен Махамбет, Сырым би және Әбілхайыр хан жөнінде тарихи дастандар жазып, осы жанрда өзінің әлеуеті мен шеберлігі қандай екенін байқап көріпті. Бұған байланысты өз ойын тарих ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан универститетінің доценті Жаңабек Жақсығалиев бізге былайша жеткізді:

– Мен, әрине, әдеби құбылыстардың ішкі иірімдері мен тәсілдерін жетік біле бермейтінімді жасырып қалғым келмейді. Бұл – шығармашылық тұлғаның жеке өз ісі мен құпиясы. Дегенмен тарихи дастандарға қалам тартар кезде Ғайса-Ғали Сейтақтың тарихшы маман ретінде бізбен кеңесіп отыруы оның парасаттылығы мен ойлау жүйесінің тереңдігін таныта алады деп білемін. Әдеби шығармада көркем сөз шебері тарихи шындықты айтуы шарт бола қоймайтын шығар. Дегенмен бұл ретте ақын өз дастандарында тарихи шындық пен көркем шындықтың арасынан орамды түйін жасай білуі оның шеберлігінің белгісіндей әсер қалдырады. Ол кісі бүгінгі күні кемел жасқа келіп отыр. Осындай ой-парасат биігіне көтеріле білген ақынның толымды тарихи тұлғалар жөнінде дастандар жазып ой толғауы жазылмаған заңдылық секілді.

Ғайса-Ғали Сейтақ – өзінің елі мен жерін шексіз сүйе білетін, сол сүйіспеншілігін көркем тілмен кестелей алатын қарымды қалам иесі. Көпшілігіміз қатпары қалың Бөкей хандығының тарихын, Нарын құмының бірқатар беймәлім беттері мен иірімдерін Ғайса-Ғалидың ойлы да мағыналы поэзиялық туындыларынан тапқанымыз да шындық.

c29e76c4-df6b-44d2-8b9d-42a92d94c901

Біз білетін Ғайса-Ғали тек қазақ әдебиетінің деңгейімен шектеліп қалмай, орыс және көптеген шетел классиктерінің еңбектерімен де барынша кеңірек танысуға ден қояды. Оның үй кітапханасы Орал қаласындағы ең бай үй кітапханаларының бірі екеніне де қол қоя аламыз. Ғайса-Ғали Сейтақтың тағы бір қыры, үнемі саламатты өмір салтын ұстанып, зейнет жасына жеткеніне қарамастан спортты серік ете білуі. Бүгінде ол – өзі ұзақ жылдардан бері қызмет жасап келе жатқан «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы волейбол мен футбол командаларының белді мүшесі.

Көркем әдебиетті көп оқып, сол дүниелер бойынша ойлы пікір таластыру біздің буынға алдымыздағы әріптес ағалардан дарыған қасиет дей аламын. Олар бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Ғайса-Ғали Сейтақтың поэзия мен журналистикадағы тәлімгер ұстазы Жанғали Нәбиуллин, Ғарифолла Көшенов, Мәжит Қайырғалиев, Тихон Әліпқали, Құбаш Қажымовтар болатын. Бүгінгі қоғамда кітап оқу үрдісін компьютер, интернет секілді ақпараттық технологиялар ығыстырып бара жатқандай көрінеді. Алайда мұның қай-қайсысы да көркем әдебиетті оқудан алар ләззат пен тағылымның орнын айырбастай қоюы екі талай.

Ғайса-Ғалидың бір өлеңінің соңғы қос шумағы былайша аяқталатын:

«Мен сөйлемеді деп өкпелемеңдер, адамдар,

Жүрегім менің  сөйлеп тұр.

Оның шыны да, сыры да осы деп білемін.

Иә, оның жүрегі қашан да сөйлеп тұрады. Оған бүгінгідей мерейлі жасына абыроймен көтерілген күні ақ адал достық көңілден әдебиетте сенің еліңе бергеніңнен берерің көп, сондықтан да қамшыны баса түс, Ғайса-Ғали дос демекпін. Қарымды қаламгер бүгінгі күні өзінің пайғамбар жасына келген шағында да шабыттың пырағында нық отыр. Сірә, шабыттың шаңқай түсі де дәл осы кез болса керек.

Темір Құсайын

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале