12.05.2022, 10:00
Оқылды: 462

Шәкірттерім – мақтанышым, мерейім

Өмір – сырға толы қызық әлем. Сол өмірде маған бұйырған бақтың бірі – ұстаздық. Ұстаз болу мен үшін зор мәртебе. Шәкіртіңнің жақсы қасиеттерін шыңдап, жаман әдеттен аулақ болуға үйрету, жол көрсету – мен үшін бір ғанибет. Әр шәкірттің жүрегіне жол табу мені одан әрі ұмтылдырады әрі қызықтырады.

7DA3229D-90BE-4B3C-B7F5-59116B081912

Ұстаздық еткен жылдары байқағаным, әр бала – жеке бір әлем. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын қадір-қасиет пен ерекшелікке ие шәкірттерімнің әрқайсысының жеке тұлға болып қалыптасуына бар күш-жігерімді салып келемін.

Ұстаз да диқан секілді. Өзі еккен дәннің жемісін көргенде, еңбегінің зая кетпегеніне қуанады. Сол секілді білім мен тәрбиенің нәрінен сусындаған оқушыларымды саналы азамат қатарынан көргенде, шын қуанамын. Өткен күн, оқушылық өмір – олар үшін қандай қымбат болса, олармен өткен әрбір сәт маған да сондай кымбат.

Ұстаз бақыты – шәкіртінің жеткен жеңісі мен жетістігі емес пе? 2012 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, алғаш еңбек жолымды бастаған жер, ол  –  ат төбеліндей ғана жұрты бар Серебряков ауылындағы орта мектеп болатын. Қызметке келген жылдан бастап жастықтың жалыны да шығар, бірден білек сыбана кірісіп кеттім. Бүгінде 10 жылдың көлемінде қызмет қылған білім ошағынан жаныма жақсы әріптестер мен жанып тұрған шәкірттер таптым.

Баптауыммен бәйгеге түскен мықтыларымның осалы жоқ-ты. Барған бәйгеден дипломсыз оралмайтын. Еңбегіміз сол бір жапырақ қағазға қараған шақта, бұл – мен үшін де, мектеп үшін де мерей екені жасырын емес.

Биылғы оқу жылы да сәтімен, толағай табыстармен аяқталып келеді. Абай, Қадыр, Ақұштап, Махамбет оқуларының жүлдегерлері суретті сөйлетіп тұрған сәт.

Жалпы, жақсы нәтижеге жете білу үшін өз мамандығыңды өте жақсы көруің керек, уақытпен санаспау қажет. «Төзімді еңбек бәрін де жеңбек». Менің әрбір шәкіртімнің шыққан шыңында тынымсыз еңбек пен үлкен жауапкершілік жатыр. Мен өзімнің ұстаз болғанымды да, шәкірттерімді де үнемі мақтан етемін!

 Бауыржан Зинешов,

Серебряков жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі, филология ғылымдарының магистрі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале