1.02.2020, 20:03
Оқылды: 276

Шетелдік нөмірлі көліктерді тіркеуге байланысты мамандандырылған ХҚКО күшейтілген режимде жұмыс жасауда

1 ақпаннан бастап Орал қаласындағы мамандандырылған ХҚКО (автоЦОН) күшейтілген жұмыс режиміне көшті. БҚО Полиция департаменті, БҚО бойынша кедендік бақылау департаменті, БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарынан жасақталған жедел топ дүйсенбіден жексенбіге дейін күнделікті сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) елдерінен кірген автокөліктерді тіркеу жайлы азаматтарды қабылдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

 

IMG-20200201-WA0025

Бұл шаралар азаматтардың бір ай көлемінде уақытша тіркеуден өтіп үлгеруі үшін ұйымдастырылуда.

-ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес ҚР ІІМ еліміздің территориясына 1 ақпанға дейін кірген көліктерді тіркеудің жол картасын жасады. БҚО Полиция департаменті, БҚО бойынша кедендік бақылау департаменті, БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарынан жасақталған жедел топ азаматтарды қабылдауда. Қабылдауда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) елдерінен кірген автокөліктерді тіркеу шарттары мен ережелері түсіндірілуде, - дейді процессингтік орталық басшысы, полиция полковнигі Мерхан Аженов.

IMG-20200201-WA0026

Әзірге көлікті тіркеу жүзеге аспаған, көлік иелері аталған орталықтан түсінік алуда.

Мерхан Аженовтың айтуынша, ЕЭО елдерінен келген көліктерді уақытша тіркеуге қою үшін мемлекеттік баж салығы төленеді. Ол үшін көлік техникалық тәртіпке сәйкес болуы тиіс. Содан кейін сары түсті қазақстандық мемлекеттік нөмір беріледі.

Бүгінде елімізде шетелде тіркелген 170 мыңдай көлік жүр. Бұл нақты дерек емес.

Бұған дейін шетелде тіркелген көліктерін сенімхат арқылы жүргізіп келген қазақстандықтардың алдында енді үш жол ғана қалды. Біріншісі көліктерін заңды түрде тіркеуге қою. Екінші жолы – тіркеуді қымбатсынса, көлігін ел аумағынан шығару. Себебі зауыттан шығарылған жылына байланысты кейбір көліктің салығы өзінен қымбатқа шығып тұр. Үшінші және басқа мүмкіндік қалмаған жағдайдағы шешім - көлікті қосалқы бөлшекке сату. Бұл жүз мыңдаған қазақстандықтың әлеуметтік жағдайына өте ауыр тиері сөзсіз.

Нұрлыбек Рахманов,

«Жайық Пресс» ақпарат агенттігі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале