2.11.2026, 15:30
Оқылды: 5

Синоптиктер болжамы: Биыл қыста ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» синоптиктері қыс мезгіліне арналған консультациялық маусымдық болжамын жариялады. Еліміздің солтүстік-батысының, солтүстігінің, солтүстік-шығысының жекелеген аудандарында және Орталық Қазақстанда жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан көп болуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

жп ағаш қыс 2026 (7)

Синоптиктер болжамынша, Қазақстанда 2026-2027 жылдардағы қыс салыстырмалы түрде жылы әрі жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде болады. Кей жерлерде боран соғып, жел екпіні күшейеді. Сондай-ақ көктайғақ пен тұман болуы ықтимал. Температураның құбылуына байланысты қар жамылғысының бетінде мұз қабаты пайда болуы мүмкін.

Желтоқсан айы

Желтоқсан айында еліміздің барлық аумағында ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 2°С жоғары болады деп күтіліп отыр. Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында болады.

Ал нормадан көп жауын-шашын мына өңірлерде күтіледі:

  • Солтүстік Қазақстан облысында;
  • Павлодар облысының басым бөлігінде;
  • Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстік жартысында;
  • Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының солтүстігінде;
  • Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында;
  • Солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс өңірлердің кейбір аудандарында.

Қызылорда облысының оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері нормадан аз болады.

Қаңтар айы

Қаңтарда республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады. Ал елдің солтүстік-батыс бөлігінде температура норма шамасында сақталады. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Ақмола облысының солтүстік-батыс жартысында ауа температурасы қалыпты деңгейде болады. Еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында күтіледі.

Нормадан көп жауын-шашын:

  • Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында;
  • Атырау облысының батысында;
  • Маңғыстау облысының батысында болжанады.

Ал жауын-шашын мөлшері нормадан аз болатын өңірлер:

  • Қызылорда облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде;
  • Ұлытау облысының қиыр оңтүстік-шығысында;
  • Қарағанды және Абай облыстарының қиыр оңтүстігінде;
  • Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының солтүстік жартысында.

Ақпан айы

Қыстың соңғы айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–3°С жоғары болады деп күтіледі. Ал солтүстік және шығыс өңірлерде температура норма шамасында сақталады. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, Павлодар облысының басым бөлігі, Абай облысының солтүстік-шығыс жартысы, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстігі бар. Ақпан айында еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп болжанып отыр.

Жауын-шашын мөлшері норма шамасында болатын өңірлер:

  • Батыс Қазақстан және Атырау облыстары;
  • Түркістан облысы;
  • Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай және Қызылорда облыстарының басым бөлігі;
  • Ұлытау облысы;
  • Ақмола облысының қиыр оңтүстік-батысы;
  • Қарағанды және Жамбыл облыстарының қиыр батысы.

Ал жауын-шашын мөлшері нормадан аз болатын аймақтар:

  • Маңғыстау облысының оңтүстік-шығыс жартысы;
  • Ақтөбе облысының оңтүстігі;
  • Қызылорда облысының оңтүстік-батысы.
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале