21.02.2022, 12:00
Оқылды: 133

Спорт жанашырын еске алды

Өткен сенбіде Орал қаласында өңір спортының дамуына өзіндік үлесін қосқан, аталған саланың шебер ұйымдастырушысы бола білген Марат Нұрғалиевті еске алуға арналған ардагер спортшылар арасында волейболдан ашық турнир өтті. 

IMG-20220221-WA0086

Жарыста Тасқала, Казталов аудандарының командаларымен қатар, Орал қаласындағы "Денсаулық", "Намыс", "Нарын", "Ағайлар" командалары бақ сынады.

IMG-20220221-WA0084

Айта кетейік, Марат Балғазыұлы - еліміз егемендік алып, еңсесін тіктей бастаған жылдары қазақ спортын ілгері жылжытып, көк байрағымызды әлемдік ареналарда көтерілуіне өзіндік үлесін қосқан азамат. Теректі топырағында дүниеге келіп, Жалпақталда жетіліп, Тасқала ауданынан еңбек жолын бастаған ердің есімі спорт сүйер қауым мен әріптестері, жақын-жуығы мен достарының есінде жаңғырып тұрары анық.

IMG-20220221-WA0085

-Өкінішке орай, бүгін еске алып отырған досымыз, қатарласымыз Марат жасындай жарқылдап, аққан жұлдыздай дүниеден ерте өтті демесек, артынан өшпес ізін қалдырған азамат. Жоғары білім алған соң, ол еңбек жолын қазіргі Тасқала ауданы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы болып бастаған еді. Кейін аталған аудандағы спорт комитетінің бастығы қызметін абыроймен атқарып, аудан спортын өрге сүйрей білді. Еңбегімен еленген жас маман мұнан соң облыстық спорт басқармасы бастығының орынбасарлығына, кейін басқарма басшылығына тағайындалып, өңір спортын республикалық деңгейге көтере білді. Облыс спортының тізгінін ұстаған он жылдың ішінде Марат Балғазыұлы өңірде алғаш рет жасөспірімдер арасында допты хоккейден әлемдік чемпионат оздырды. Осы аралықта облысымыздағы "Жайық" волейбол командасы республикалық жарыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көріне білді. Орал қаласынан мұз айдыны салынғаннан кейін білікті жаттықтырушыларды өңірге шақырып, спорттың шорт-трек түрін дамытуға зор үлес қосты. Сол кезде жаттыққан жасөспірімдер бүгінде еліміздің көк туын әлемдік жарыстарда желбіретуде. Өмірден өтпес бұрын "өзімді басқа салада да сынап көрейін" деген мақсатпен Жамбыл облысындағы Луговой ат зауытын басқарып, оны қалпына келтіруге тер төкті. Ол еңбегі де еш кетпеді. Бір өкініштісі, сол өңірде жүріп, жол апатынан қаза тапты. Марат Балғазыұлы мінезі бір беткей, қайсар, принципшіл, адамгершілігі мол, туғандарына қамқор, достыққа берік, ортасына адал, айналасына қайырымды, үлкен жүректі жан болатын. Өткелі отырған осы шараны пайдаланып, жора-жолдастарының атынан Марат досымыздың отбасына, тума-туыстарына оның есімінің жадымызда мәңгі сақталатынын айтқым келеді. Спорт жанашыры болған азаматқа арнап, еске алу турнирін ұйымдастырған барша ағайынға өз ризашылығымды білдіремін, - деді жарыстың ашылу салтанатында сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар.

Жарысқа қатысушылардың алдында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов те Марат Балғазыұлының өшпес еңбек жолына тоқталып, спортшыларға сәттік тіледі.

Тартысты өткен жарыс соңында жүлделі бірінші орынды "Нарын" командасы, екінші орынды "Ағайлар" командасы иеленсе, үшінші орын Тасқала ауданының командасына бұйырды.

IMG-20220221-WA0083

Жеңімпаз командалар мен жекелеген аталым иелеріне жарысты ұйымдастырушылар атынан дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале