Өзбекстанда Lion Park хайуанаттар бағындағы үш арыстан таңғы бесте тордың есігі ашық қалып, сыртқа шығып кеткен. Оларды ішке кіргізбек болған 44 жастағы күзетшіні жыртқыштар талап өлтірген. Бұл туралы Ұлттық арна жазды.
Сурет: pixabay.com
Таңертең жұмысқа келген қызметкерлер көмекке арнайы адамдарды шақырып, екі арыстанды транквилизатор қолданып ұйықтатып, торға қамады. Ал ұстатпаған үшіншісін жергілікті аңшы атып өлтірді.
«Сол жерге тәртіп сақшылары, арнайы мақсаттағы қарулы отряд келді. Оқиға болған орын тексеріліп, сот-медициналық және ДНҚ сараптамасы тағайындалды», - деп хабарлады елдің Бас прокуратурасы.
Қазір еңбек қауіпсіздігін сақтамауға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Lion Park хайуанаттар бағы 5 жылдан бері жұмыс істейді. Онда 10 африкалық арыстан мен 5 алан, қоңыр аю, шиебөрі және тағы да басқа көптеген жабайы аң-құс бар.