13.05.2025, 10:30
Оқылды: 599

Тектілік тұғырындағы қайраткер

Бүгіннің биігінен қарасам, тағдыр мені талай текті тұлғалармен табыстырыпты. Қым-қуыт тірлікте біразымен сырласып, біріне аға, біріне іні болдық. Айтулы азаматтармен, тұғырлы тұлғалармен кездесесің, пікірлесесің, ой бөлісесің. Сапарлас, дәмдес болғанда көкейге ой түйесің. Ол – өмір заңдылығы. Расында, қызмет бабында әртүрлі ұлттың талай перзентімен араластық. Олардың бәрі есімде әрқилы жағдайда қалды. Солардың ішінде өзіндік орны бар, тұлғалық қасиеті арқылы танылған – Қырымбек Елеуұлы Көшербаев ерекше құрметке ие.

WhatsApp Image 2025-05-13 at 11.26.06

Қазақ танымында аса құдіретті, өте қадірлі «тектілік» дейтін ұғым бар. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген де қанатты сөз бар. Тектілік – ол адамға тән кісілік құндылық. Ата-баба әруағын ардақтай білу, ата-ананың борышын ақтауға жан-тәнімен берілу, ағаны арқа тұта сыйлау, ініге ілтипат көрсету. Текті адам – барынша қарапайым, жүзі жылы, мейірімді, сыпайы, әдепті, инабатты, биязы мінезді, кешірімшіл, үлгілі, өнегелі адам. Тектілік кездейсоқ қалыптаспайды. Текті адамға ата-бабасының жақсы қасиеттері, парасаттылық үлгісі, ділі, дүниетанымы рухани сабақтастықпен беріледі. Осы тектілік қасиеттер Көшербаевтар әулетінде ұрпақтан-ұрпаққа  сақталып, жалғасын тауып келеді.

Қырымбек Елеуұлы – Арал-Қазалы өңірінің түлегі. Оған тектілік арғы бабалары Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Жетес би, Жаңқожа батыр, Ресей патшасын мойындатқан Сартай батырдан дарыған.

«Өткеніңді еске алу – өскендіктің белгісі» деген сөз бар. Қырымбек Елеуұлының жеке басының алғашқы қалыптасуы ұрпақ құндылықтарынан бастау алған. Ержетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер ата-анасы арқылы, отбасында қалыптасқан, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Осы отбасылық құндылықтарды Қырымбек  Елеуұлы өзінің «Айналайын, Азаттық» атты еңбегінің «Көкжиекте ақ алтын бір сызық бар» атты бөлімінде шебер суреттей білген.

Көшербаевтар ұрпағы – бүгінде алып бәйтеректей қанат жайып, көбейіп, көркейіп отырған әулет. Қоғамға танымал тұлға, белгілі мемлекет, қоғам қайраткері  Қырымбек Елеуұлы  құрастырып шығарған «Айналайын Азаттық», «Зұлмат» атты  кітаптарын бастан аяқ оқып шыққанда,  осыған  анық  көзім  жетті.

«Қазақ баласының өмір жолындағы  алғашқы өтетін мектебі – ата мен әженің тәрбиесі. Олар кім болып өмір сүру керек екенін ұғындырып, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның парқын көрсетеді. Бұл –  баяғыдан бері жалғасып келе жатырған дала заңы. Ұлтымыздың келешегі үшін орнын ойсыратуға болмайтын, ұрпақ  өміріндегі ең маңызды мектеп те осы –  самайын  ақ  шалған  ата мен әже. «Жүре келіп алған жөргемнен, есейе келе алған еншімнен балалық шағымда құлағыма құйып алған қазынам әлдеқайда қымбат екен. Бала күнімнің сарғайған парақтарын ақтарсам, осы бір ойлар шырмауықтай шырмайды. Жанымның терең бір түкпірінен біреу маған елжірей қарап, маңдайымнан аялай сипап тұрғандай күй кешемін.  Өңірінен жусандай хош иіс аңқыған сол мейірімді адамның құшағына  тығылып, етегіне оралғым келеді. Күн өткен сайын оның тұлғасы ой өлкемде асқақтап көрініп, биіктей береді. Ол жан – менің  азамат ретінде қалыптасуыма  ерекше ықпал еткен Көшербай атам еді. Бойыма  өнегесінің дәнін екті, үлгісінің хұсыни-ілім хатын оқытты. Қолымдағы бүлдіргелі  бұзау тіс қамшының түп иесі –  атам екенін ұмытқан емеспін. Сондықтан бұл ғұмырнамалық кітабымның әлқиссасында  атам туралы айтпақпын», – деп бастайды Қырымбек Елеуұлы өзінің  «Айналайын, Азаттық» атты естелік кітабын.

Атасы Көшербай Дәрібаев – қолына құрық ұстаған, Арал өңіріне мәшһүр жылқышы болып, Ұлы Отан соғысы кезінде Құландыда жылқы өндірісін басқарған. Қызыл әскер жауынгерлерінің жауға шабар пырағын өсіріп, жұмысын адал атқарған күш жігері үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған.

Әкесі Елеу – Сыр елінің төрт ауданын басқарған. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және Ленин, Ұлы Октябрь революциясы ордендерімен марапатталған. Кезінде Қорқыт атаның,  Тұрмағамбет Ізтілеуовтің рухани мұраларын, Жаңқожа батырдың, Ғани Мұратбаевтың өнегелі ғұмырын дәріптеп, күрескен мемлекет және қоғам қайраткері. Анасы Дәнеш Құрманбайқызы – республикаға еңбегі сіңген ұстаз, тарихшы. Атақты нарком Темірбек Жүргенов – нағашы атасы.

«Мен атамның «қышқа тайлақ» баласы болып, қолында өстім. Қаршадайымнан  еңбекке, табандылыққа, бастаған ісін аяқтамай тынбайтын шөгел болуға баулыды. Тайыма мініп алып, жылқысын қайырысып, қасына қара болып еріп жүретінмін. Жүрегі жұмсақ, дархан жан болғанымен, қажетті кезде баланы да, басқаны да аямайтын қаталдығы да бар еді. Атамның қатал мінезі мені төске түскен шалғыдай шыңдады. Маңдай теріңді төгіп, қолыңды ойып жұмыс істесең, дауыл қопара алмас қарағайдай қажырлы болсаң ғана көксеген мұратыңа жете аласың. Күні ертең дәм-тұзың таусылғанда бұл алдамшы дүние қалады соңыңда. Ешбір жылтырақты көріңе бірге алып кете алмайсың. Сондықтан тіршілігіңде  жақсылық жаса, қайырымды іс қыл. Сол ғана сенің артыңда өшпес із болып қалады деп, құлағыма насихатын құйып отырды. Бірде атамды қатты ренжіткенім есімде. Сегіз өрім қамшысымен ұрғанда  ұзынымнан түстім. Күнде еркелетіп, мойнына  асылатын атамнан мұндай қаталдық көрмеген мен қатты өксіп жылап, ұйықтап кетіппін. Оянып кетіп қарасам, аяғыма  кірген тікенекті  шығарып, аялай сипап отырған атамды көрдім, жүзінде ұйыған мейірім, көзінде тұнған мұң тұрды. Осы оқиғадан кейін  ол кісі маған қол көтерген емес. Сол сегіз өрім қамшыдан қалған із арқамда әлі бар. Маған  ол обал мен сауаптың не екенін ұқтырып жазып берген атамның жазуы сияқты көрінеді. Бір жолғы ашу  үстінде  сілтеген қамшысымен-ақ  өмірімнің бойтұмары қылып тағатын ой қалдырған есіл қартты сағынбасқа шараң қайсы?!», – деп  Қырекең  атасы  Көшербайды егіле еске алады.

Бала тәрбиесіндегі қазақтың бір озық үлгісі – әже мектебі. Қандай қызметте, қандай лауазымды атқарып жүрсе де, әже мектебінен шыққандар бойындағы айрықша жылылығынан кімнен тәрбие алғанын білдіріп тұрады. «Тәжен  әжем ұстаған сары қымызды ішкен адам аңсап, екінші қайтып оралмауы мүмкін емес еді. Алыстан ат өксітіп келген кісілер тәтті қазанжаппайды жеп, сары қымызды жұта отырып, неше алуан сыр ақтаратын. Атамның батасын алғалы, әжемнің қымызын сағынып келген қонақтарды «құт келеді, аяғымен бірге ырыс іргемізге аттайды» деп, атам қашанда құрақ ұшып жүретін.  Үлкен кісілер қайтыс болғаннан кейін бір қауым ел көшіп кеткендей, ескі жұртта жалғыз қалып қойғандай құлазып қалдым. Сол кезде көзім жетті – біздің табалдырықтан әрдайым үзілмейтін қонақтар, думанға толы мерейлі сәттердің барлығы – атам мен әжемнің дархан пейілінен, ыстық ықыласынан екен. Дала философиясын сақтаған көшелі қарттардың көзін көріп, өнегесін алып, өсиет-насихатын тыңдағаным үшін Жаратушыға мың мәрте шүкір деймін. «Біздің әулет – ұялы елді ордасына  сыйдыратын қара шаңырақ болған екен», – деп еске алады Қырымбек Елеуұлы.

Қырымбек Елеуұлы Көшербаев – мемлекеттік қызметтің көп сатысынан өткен белгілі мемлекет,  қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы. Орталық атқарушы құрылымдарда қызмет атқарды. Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарын басқарды. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасының Білім, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт, туризм министрі, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы және қосымша Финляндия мен Армениядағы төтенше және өкілетті елшісі, ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып адал қызмет етті.

Президент Үкіметке әлеуметтік салаларды сақтап және дамыту мүмкіндіктерін бір жүйеге келтіру үшін 1997 жылдың күзінде республикалық бюджеттің 57 пайызын құраған Білім, Мәдениет және
Денсаулық сақтау министрлігін құру туралы шешім қабылдады. Министр болып Қырымбек Елеуұлы тағайындалды. Білім саласындағы жаңа стандарттар, жаппай компьютерлендіру және «Болашақ» бағдарламалары, денсаулық сақтау саласында сақтандыру жүйесін енгізу және т. б. инновациялық бағыттарға бет бұру басталды. Нарықтық экономиканың ерекшеліктерін ескеріп, жаңа заңдар қабылданды. Қырымбек Елеуұлының тұлғалық болмысы,  оның күрескерлігі мен қайраткерлігі осы тұста анық байқалды. «Ғылымсыз, білімсіз дүние бос, қазіргідей күрделі заманда қоғам алдында тұрған қыруар мәселенің шешімін де білім мен ғылым анықтайды», – деп тұжырымдаған Қырымбек Елеуұлы бұл жұмысқа аса жауапкершілікпен қарады. Ғылымның сол тұстағы ең үлкен проблемасы оны басқару тетігін таба білуге тәуелді екеніне мән беріп, оңтайлы шешім қабылдай білуі – басшының білім-парасаты мен ұйымдастырушылық қабілетін айқын танытты.

2000 жылы Қ. Е. Көшербаев Батыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалды. Бұл саяси міндетті жоғары кәсіби деңгейде атқара білген Қырымбек Елеуұлы аймақтың дамуына негізгі мүмкіндік – Қарашығанақ газ-конденсат кен орнының  инвесторларымен тиімді қарым-қатынас жасуға көп еңбек сіңірді.  Мемлекет басшысының жарлығымен Қарашығанақтағы бірлескен басқару комитетіне алғаш рет әкім мүше болды. Әлеуметтік жобаларға бөлінетін қаржыны кеңінен пайдаланудың жолдарын тапты. Аймақтың энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін 120 мегаваттық газотурбиндік электр стансасы салынды. Кен орнының санитарлық қорғау аймағында қауіпті жағдайда қалған Тұңғыш кентінің тұрғындары үшін Орал қаласында баспана салып, көшіруге қажетті жағдайлар жасады. Ежелгі Орал қаласының қазақы тарихын дәлелдейтін археологиялық орталық ашып, тиісті жұмыстар жүргізді. Бөкей ордасында Кеңес одағы кезінде бұзылып кеткен Жәңгір хан ставкасында болған ғимараттар қалпына келтіріліп, Капустин-Яр полигонының аймағында қалып қойған Салық Бабажановтың сүйегін  Жәңгір хан мен Дәулеткерейдің кесенелерімен қатар салып, тарихи әділеттілікке қызмет жасады. Ресейдің көршілес бес аймағымен тығыз байланыс орнатты. Жайық бойындағы көпір, жаңа қазақ театры, мұз айдыны сарайы т. б. салынды. Абаттандыру мен көгалдандыруға  көп  көңіл  бөлінді.

Өзіндік орнықты ойы, таңдаулы ұстамы мен ұзақ жылғы еңбек жолы, кісілігі мен кішілігі жүзінен білініп тұратын, жүрегі жұмсақ, ақжарқын  жанды Жайық жұрты зор құрмет білдіріп, бағалады. Батыс Қазақстан облысын басқарған жылдары көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Жауапты жұмыста талапшылдығы, қарапайымдылығы, жалпы адамгершілік қасиеттері жарқын көрініп отырды. Жайық жұрты Қырымбек Елеуұлын осы қасиеттері үшін күні бүгінге дейін сыйлап, мақтаныш етеді.

Сол жылдар – қайраткер ғұмырындағы қызықты да қиын, бірақ жемісі мол, талай жарқын жеңістерге қол жеткізген жылдар болды. Орал жұртының айтатыны «Қаланың мүлгіген келбетін әкім Қырымбек Көшербаев  қана өзгерте алды ғой. Егемен елдің мүддесін қорғады, халық қамын түгендеді. Қаланың сәулеттік сәніне нұқсан келтірмей, жаңартып, жаңғыртты. Кең ойлап, кемел пішетін кісі еді. Әттең, тез кетіп қалды» деген пікірлер болды. Облыста әкім ауысқан сайын, әлеуметтік желілерде «Көшербаевты қайтарыңдар» деген ұсыныс, пікірлер де айтылып тұрды.

Адам өзінің кім екендігін анық  таныту үшін жұрттың есінде қаларлықтай істер тындырып, өшпес із қалдыру керек.  Қырымбек Елеуұлының өмірінде Батыс Қазақстан облысының орны бөлек.

Қырымбек Елеуұлы Батыс Қазақстан облысының әкімі болған 2002-2003 жылдары мен Орал қаласындағы  Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры болатынмын. Қырымбек Елеуұлы бірнеше рет қызметтік іссапармен оқу орнында болып, ұжымның тыныс-тіршілігімен танысып, ақыл-кеңестерін беріп, ынталандырып кететін. Университет ұжымы Қырымбек Елеуұлының қамқорлығы мен қолдауын үнемі сезініп отырды. Оқу орнындағы игі бастамаларымызға үнемі қолдау көрсете білді.

2002 жылдың қараша айында әкімнің тікелей қолдауымен университет Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрамынан бөлініп, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті болып қайта құрылды. 2002 жылы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев мені және Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Тұяқбай Зейітұлын қабылдауына шақырды. Өңір басшысы бұл қабылдауына облыстағы екі ірі білім ордасына көрнекті реформатор, ағартушы және мемлекет қайраткері Жәңгір хан мен қазақтың алмас қылыштай ақыны, күйші-композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманұлы  бастаған көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы Махамбет Өтемісұлының  есімін беру туралы ұсынысымен бөлісті. Қоғамда кеңестік идеологияның Жәңгір ханға байланысты санаға сіңіріп тастаған «Хан емессің, қасқырсың, Қас албасты басқырсың» деген біржақты түсінігі берік орныққан кезі болатын. Бұл ұсыныс оқу орындарының кеңейтілген Ғылыми кеңесінде талқыланып, мақұлданды. Облыс әкімінің ұсыныс, қолдауымен 2003 жылдың 30 мамырында ҚР Үкіметінің шешімімен университетке қазақ даласына білім-ғылым нәрін себуші реформатор Жәңгір ханның есімі берілді. Осы жылдың 14 қазанында білім ордасының бас ғимараты алдындағы алаңға Жәңгір ханның ескерткіші орнатылды. Ескерткіш орнатуға да ұсыныс білдіріп, қолдаған – Қырымбек  Елеуұлы болды.

2018 жылы БҚО мәслихатының шешімімен Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағы берілді. Қызылорда облыстық мәслихатының кезектен тыс XX сессиясында Батыс Қазақстан облысының делегациясын басқарып барған сол жылдағы облыс әкімінің орынбасары Ғабидулла Оспанқұлов Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағын табыс етті. Сол кездегі Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің құттықтаухаты табысталды. Ол құттықтаухатта «Облыстың Құрметті азаматы атануыңыз – өңірімізде қалған «Көшербаев қолтаңбасының» қоғамдық мойындалуы. Жаңа мыңжылдықтың бас кезінде Орал өңірінің гүлденуіне қосқан үлесіңіз үшін сізге өңір тұрғындарының атынан алғыс білдіремін!» деп жазылған.
Батыс Қазақстан облысы ардагерлер кеңесінің сол жылдардағы төрағасы Абат Есенғалиев «Қырымбек Көшербаев Ақжайық өңірінде рухани құндылықтарды ұлықтап, мәдениет саласында да қыруар істер атқарды. Қырымбек Елеуұлы қызмет еткен жылдары Бөкей ордасы тарихи кешенін, тәуелсіздік тарихында жаңадан театр ғимаратын салып берді. Педагогикалық институтқа Махамбеттің, ауыл шаруашылығы институтына Жәңгір ханның есімдерінің берілуіне ұйытқы болды. Қырымбек Елеуұлының тынымсыз еңбегінің нәтижесін қазір Сыр елі де көзбен көріп, ойға түйіп отыр», – деді осы кездесуде.

Қырымбек Елеуұлы – білікті мемлекет, қоғам қайраткері болумен қатар, қамқор отағасы, қадірменді әке. Өз кіндігінен өрбіген ұрпағының барлығына қазақы әдеп пен тәрбие берді. Парасатты да аяулы жары, ардақты ана Гүлнар Мұстафақызы Матаева екеуі Оңталап, Еркін, Салтанат есімді тәрбиелі, білімді, елге сыйлы азаматтарды тәрбиелеп өсірді. Олар қазіргі таңда білімді де білікті маман ретінде әр салада жемісті қызметтер атқаруда.

«Өмір – ел-жұрты сыйлап, құрметтеген жақсылармен, жақсы адамдармен сәулелі, тұғырлы», «Уақыт – әділ сыншы, мінсіз таразы» дейді халық даналығы. Қазақтың біртуар ұлы – Қырымбек Елеуұлы өзінің зор абыройы мен атағына рухани адамгершілігі мен азаматтығының арқасында ие болды. Кісілік келбеті мен болмыс-бітіміне келсек, саналы да сырбаз, қарапайым қалпынан айнымайтындығы, кімге де болса қол ұшын беруге әрдайым даяр тұратыны сүйсіндіретін.

Құрметті Қырымбек Елеуұлы! Сізді мерейлі 70 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – сіздің өміріңіздегі шын мәнінде ерекше және мерейлі оқиға, жеті онжылдықтың бай тәжірибесі мен даналығының көрінісі. 70 жас – бұл тек сан емес, бұл сіздің өмір жолыңыздағы еңбектеріңіздің, жетістіктеріңіздің және өткен өмірдің мол тәжірибесінің  белгісі.

Өз ісіңізге берілгендігіңіз бен кәсіби шеберлігіңіз, әділдігіңіз бен адамгершілігіңіз үшін замандастарыңыз сізді белгілі мемлекет, қоғам қайраткері, білікті маман, ақжүрек азамат ретінде құрмет тұтып, сыйлайды. Сіз барлық атқарған мәртебелі қызметтерде жоғары белсенділік танытып, ел ішінде үлкен беделге ие болып отырдыңыз. Өнегелі еңбегіңізбен, тындырымды ісіңізбен және қарапайым да парасатты мінезіңізбен үлкен абырой-беделге ие болған елге танымал тұлғасыз.

Ғалым, мемлекет, қоғам қайраткері ретінде сіз көптеген жетістіктерге қол жеткіздіңіз. Жауапты жұмыстарда сіздің талапшылдығыңыз, қарапайымдылығыңыз, жалпы адамгершілік қасиеттеріңіз жарқын көрініп отырды. Көпшілік қауым сізді осы қасиеттеріңіз үшін сыйлап, мақтаныш етеді.

Адал еңбегіңіз арқылы жеткен барлық жетістіктеріңіз баянды болсын! Алдағы уақытта бар бастамаларыңыз бен игі істеріңізге сәттілік, басыңызға ұшпас бақыт, ортаймас дәулет тілеймін! Абыройыңыз артып, мерейіңіз үстем бола берсін! Өзіңізге және отбасыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілеймін! Атқарып отырған игілікті ісіңізде қанатыңыз талмасын, қажыр-қайратыңыз әрқашан арта берсін! Жүрер жолыңыз ұзақ, шығар тауыңыз биік болсын!

 

Қазыбай Бозымов,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, 

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының академигі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале