6.10.2022, 11:01
Оқылды: 220

Торқалы той құтты болсын, БҚУ!

Университет қашан құрылды?

1932 жылы қазан айында Қазақстандағы екінші педагогикалық институт Орал қаласында ашылды. Оған 1937 жылы А.Пушкиннің есімі берілді. Сол жылы әйгілі орыс ақынының 100 жылдығы тойланған болатын. БҚУ педагогикалық институттан көп салалы классикалық университетке, аймақ бойынша жетекші оқу орнына айналды. Бүгінде бұл университет – негізгі кәсіби білім беру бағдарламаларын табысты жүзеге асырушы, ірі ғылыми білім беруші.

WhatsApp Image 2022-10-06 at 10.38.08

Ең жас профессор...

Қажымұрат Мақсотұлы Ахмеденов профессор атағын 2020 жылы 42 жасында алды. Ол – БҚУ ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректордың міндетін атқарушы, география ғылымдарының кандидаты.

Рита Бекжанқызы Сұлтанғалиева қауымдастырылған профессор атағын 2021 жылы 37 жасында алды. Кандидаттық диссертациясын 2009 жылы 25 жасында қорғады.

WhatsApp Image 2022-10-06 at 10.37.55

 Ең жас доктор...

Владислав Сергеевич Зубков 2014 жылы 30 жасында PhD доктор атағын алды. Айта кетейік, әлемдік деңгейдегі докторлық атаққа Батыс өңірінен ие болған тек осы кісі.

WhatsApp Image 2022-10-06 at 10.37.43

Тұлғаға айналған түлектер

Күні бүгінге дейін университеттен 75 мыңнан астам түлек қанаттанды.

Серікқали Ғабдешұлы Шарабасов – филология ғылымдарының кандидаты, профессор, әдебиеттанушы

WhatsApp Image 2022-10-06 at 10.33.13

Отарәлі Бүркітов – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, тілші, ғалым

буркитов

Мәтжан Максимұлы Тілеужанов – филология ғылымдарының докторы, ғалым, профессор, әдебиет зерттеушісі, фольклортанушы

Бірғаным Сарықызы Әйтімова – мемлекет және қоғам қайраткері

Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов – саясаттану ғылымдарының докторы, БҚУ-дың құрметті профессоры

Леонид Игнатевич Беда – екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, ұшқыш-шабуылдаушы, КСРО-ға еңбек сіңірген әскери ұшқыш

Энгельс Ғаббасұлы Ғаббасов – жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Рафиг Измаилович Нафигов – Татарстан Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы

Борис Федорович Железчиков – КСРО ҒА Поволжье археологиялық институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы

Асан Дабысұлы Тайманов – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор

Есенбай Ағелеуұлы Ағелеуов – биология ғылымдарының докторы, профессор

Серік Жамбылұлы Шәпкенов – Атырау облысының әкімі

Павел Романович Букаткин – тарихшы, өлкетанушы

Снежанна Имашева – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Жансая Ғалымжанқызы Мусина – «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын

Отан үшін от кешкен

1941 жылы 22 маусымда институтта соғысқа өз еркімен барғысы келетін оқытушылар мен студенттердің шеруі өткен. Алғаш болып майдан шебіне аттануға оқытушылар  П.Гусак, П.Хлебников, Д.Киреев, студенттер И.Афанасьев, В. Жевак, З. Муканов жазылған. Соғыс уақытында институттың 180-нен астам оқытушысы майданда болды.

Жеңісті хабарлаған Жолдықайырова

Алғаш Батыс жұртшылығына Жеңісті облыстық радиодағы «Соңғы жаңалықтар» бағдарламасында филология факультетінің сол кездегі студенті, диктор Меруерт Жолдықайырова хабарлады. Елдің есінде қалған сөзі – «Гитлер, капут!». Меруерт Жолдықайырова 96 жасында өмірден озды. Жастайынан жетім қалып, «Университет – әкем, кафедра – анам» деп ғұмыр кешті. Өмірінің 80 жылын университетте өткізді.

WhatsApp Image 2022-10-06 at 10.37.43 (1)

Үздіктер қатарында

2005 жылы Францияның астанасы Париж қаласында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «SPI Алтын белгісінің» лауреаты атанды.

2006 жылы 16 қыркүйекте БҚУ мен Болоньядағы (Италия) Еуропа елдерінің білім беру ұйымдары ассоциациясы білім беру жүйесін үндестіру мақсатында Магна Хартия құжатына қол қойды.

2006-2007 жылдары университет Ұлыбританиядағы Оксфорд қаласында «Бірлескен Еуропа» және «Еуропалық сапа» халықаралық марапатына ие болды. «Ұлттық экономика көшбасшысы» халықаралық премиясына Ресейдің  Мәскеу қаласында қол жеткізді. Астанада өткен «ХХІ ғасырдағы білім және ғылым» атты ІІІ және IV халықаралық көрмеде «Интеграцияланған оқу бағдарламаларын талдауға, өндіріске енгізуге қосқан үлесі үшін» және «Жоғары оқу орындарының ең үздік басылымы» дипломдарымен марапатталды. ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы табыс етілді.

WhatsApp Image 2022-10-06 at 10.37.20

2009 жылғы ресейлік  «Рейтор» тәуелсіз агенттігінің мәлімдемесі бойынша
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – әлемге танымал 500 университеттің үз-діктерінің қатарына енген Қазақстанның 7 жоғары оқу орнының бірі. ҚР жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін және білім беру жүйесінің сапа көрсеткішін айғақтайтын 2011 жылғы рейтинг нәтижесі бойынша үздік ондыққа кірді.

Чемпион түлектер

Университет студенттерінің арасынан 500-ге тарта Әлем, Азия, Еуропа чемпионы шықты. 1200 түлек «Спорт шебері» атағын алды.

Елена Вячеславовна Антонова – шаңғы спортынан Қазақстан Республикасының ХДСШ (халықаралық дәрежедегі спорт шебері). Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы. 1994 жылы Лиллехаммерде (Норвегия), 1998 жылы Наганода (Жапония), 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ), 2006 жылы Туринде (Италия) және 2010 жылы Ванкуверде (Канада) өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы. 2003 жылғы Аомори префектурасында (Жапония) өткен қысқы Азия ойындарында эстафета бойынша чемпион атанды және 5 шақырым классикалық жүгіруден қола медальға қол жеткізді.

Анастасия Александровна Баннова – садақ атудан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы. 2008 жылы Бейжіңде (Қытай) және 2012 жылы Лондонда (Англия) өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы.

Алексей Викторович Дергунов – байдарка есуден Қазақстан Республикасының ХДСШ. Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы. 2008 жылы Бей-жіңде (Қытай) және 2012 жылы Лондонда (Англия) өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы. Тегеранда (Иран) оздырылған 2011 жылғы Азия чемпионатының чемпионы және күміс жүлдегері. 2013 жылы Өзбекстанның Самарқанд қаласында 1000 м, 500 м, 200 м қашықтық бойынша Азия чемпионы атанды. Гуанчжоуда (Қытай) 2010 жылы Азия ойындарының күміс жүлдесіне ие болды. 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) 1000 метр қашықтық бойынша Азия ойындарының чемпионы болды.

Нұрберген Батырғалиұлы Жұмағазиев – шорт-трек бойынша Қазақстан Республикасының ХДСШ. Қазақ-стан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы. 2014 жылғы Сочидегі (РФ) Олимпиада ойындарының қатысушысы. 2016 жылы 1000 метр қашықтықта Каннда (Оңтүстік Корея) өткен Әлем кубогінің жеңімпазы. 2017 жылы Алматыда 28 дүниежүзілік қысқы универсиадада 1 500 метр қашықтық бойынша қола жүлдеге ие болды. Минскіде 1000 метр қашықтық бойынша өткен Әлем кубогінде қола жүлдені місе тұтты.

Рустам Баротович Куватов – жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының ХДСШ. Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы. 2004 жылы Афинада (Греция) және 2008 жылы Бейжіңде (Қытай) өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы. 2006 жылы Иорданияда және 2007 жылы Жапонияда өткен Азия чемпионаттарының қола жүлдегері.

Екатерина Алексеевна Ларионова – еркін күрестен Қазақстан Республикасының ХДСШ. Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. 2013 жылғы Әлем чемпионатының және 2014 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.

Материалдық-техникалық база қай деңгейде?

Университетте жаратылыстану-география, филология, физика-математика, педагогика, тарих, экономика және құқық факультеттері, 22  кафедра, 7 оқу ғимараты, 3 студент жатақханасы, экология және биогеохимия сынақ зертханасы, спорт сарайы, 5 спортзалы, 2 ашық спорт алаңы, агробиостанса және «Өркен» газеті жарыққа шығатын редакциялық баспа орталығы бар. Төрт  ғылыми зертхана, 18 оқу зертханасы, 7 виртуалды зертхана, 4 лингафон, мұражай, медициналық орталық және мультимедия кабинеті жұмыс істеп тұр. Гуманитарлық мамандықтардың ғылыми-әдістемелік қоры – 18 ғылыми-әдістемелік кабинет заманауи құралдармен жабдықталған.

WhatsApp Image 2022-10-06 at 10.39.32

Оқуда озат болсаң...

Бүгінгі таңда 2023 студент мемлекеттік шәкіртақы иегері. Жалпы студенттер саны – 6427. Бұдан бөлек 6 факультетте бір-бірден М.Өтемісов, А.Пушкин, В.Иванов, А.Тайманов, М.Тілеужанов, Г.Кушаев атындағы 6 атаулы және 20 Тұңғыш Президент атындағы шәкіртақы иегері бар.

Мемлекеттік шәкіртақы (педагогикалық мамандықтар бойынша) – 58800 теңге;

Мемлекеттік шәкіртақы (педагогикалық емес мамандықтар бойынша) – 36650;

Атаулы шәкіртақы – 15 000 теңге;

Тұңғыш Президент атындағы шәкіртақы (педагогикалық мамандықтар бойынша) – 95460 теңге;

Тұңғыш Президент атындағы шәкіртақы (педагогикалық емес мамандықтар бойынша) – 73320 теңге;

Магистратура – 86987 теңге.

WhatsApp Image 2022-10-06 at 10.40.15

БҚУ-дың бүгінгі келбеті

Бүгінде университетте 17 ғылым докторы, 131 ғылым кандидаты, 10 философия докторы, 159 магистр қызмет атқарады. БҚУ көп салалы білім және ғылым саласы, әлеуметтік ғылымдар және бизнес, техникалық ғылымдар және технологиялар, қызмет көрсету, білім беру, гуманитарлық ғылымдар, құқық, өнер, жаратылыстану ғылымдары бағыттары бойынша кадрлар даярлауды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Жоғары оқу орнында түрлі бағытта зерттеу жүргізіледі. БҚУ бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі 16 жобалық ассоциацияның құрамына кіреді.

Түлектерге көмектесетін орталық

Университетте мансап және жұмыспен қамту орталығы жұмыс істейді. Ол еңбек нарығындағы жағдайды үнемі бақылап отырады және түлектерге жұмыс іздеуге көмектеседі. Аталмыш орталық өңіріміздегі және көрші облыстардағы 800-ге жуық білім беру, бизнес ұйымдарымен байланыс орнатып отыр. Жұмыс берушілерден келіп түскен өтінімдер бойынша түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндігі туады. Биыл 1868 студент университетті тәмамдап, оның 1338-і жұмысқа орналасқан.

Нұрлан Серғалиев,

М. Өтемісов атындағы БҚУ басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы, профессор, биология ғылымдарының кандидаты:

WhatsApp Image 2022-10-06 at 10.35.30

– БҚУ – ұлағатты ұстаздардың ұясы. Ғылым мен білімнің қайнар көзіне, халық ағарту саясатының қозғаушы күшіне айналған қасиетті қара шаңырақ. Оқытушыларымыз алыс-жақын шетелдегі тәжірибелі мамандармен байланыс орнатып, білім-білігін арттыру мақсатында талмай оқып, ізденіп келеді. Қазақстан қоғамындағы демократиялық қайта құруларға және әлеуметтік-экономикалық қалыптасу үдерістеріне негізделген біздегі қызмет үнемі жетілдіріліп отырады. Университетіміздің үлкен ғылыми-педагогикалық, кадрлық, ресурстық әлеуеті бар. Біз сол себепті болашаққа нық сеніммен қараймыз!

Кәмшат Ихсанова,

М.Өтемісов атындағы БҚУ тарих, экономика және құқық факультетінің 3-курс студенті: 

– 90 жыл аз уақыт емес. Бір ғасырға жуық уақыт ішінде университетіміздің атағын аспандатып, халықаралық, республикалық деңгейдегі байқауларда топ жарған талантты шәкірттер өте көп! Біз секілді жастарға үлгі көрсете білетін аға-апаларымыз білім алған оқу орнында дәріс тыңдау, әрине, мақтаныш. БҚУ-да білім сапасы жақсы. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар оқытушылар бар жиған-тергенін ақтаруда. Олар қолдау білдіріп, мұрат-мақсаттарымызды нақтылауға жәрдемдесіп, бағыт-бағдар беруден әсте жалыққан емес. Біз де соларға қарап, талаптанып, ғылым-білімнің алып әлеміне еніп кеттік. Бәсекеге қабілетті, өз-өзін жан-жақты дамытқан маман мемлекетінің де мерейін асыратыны сөзсіз. Университетіміздің мәртебесі асқақтай берсін!

Нұрбану Төлеубаева,

М.Өтемісов атындағы БҚУ филология факультетінің 2-курс студенті:

– БҚУ менің өмірімді өзгертті. Талантымды шыңдап, таныла бастадым. Мен оқушы кезімнен өлең жазамын. Университетіміздегі «Өркен» газетіне жазған-сызғандарым жарияланды. Тек жеке шығармашылықпен шектелмей, өзімнің спортқа да икемім бар екенін көрсете білдім. Тоғызқұмалақтан Алматы қаласына жолдама алып, топтық есеп бойынша 2-орынға көтерілдік. Университте ұйымдастырылған іс-шараларға қалмай қатысып, барынша белсенділік танытуға тырысамын. Біздің болашағымыз үшін тер төгіп жүрген оқытушыларға алғысымыз шексіз.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале