5.02.2021, 16:15
Оқылды: 581

Трекин мектебіндегі ең алғашқы қазақ сыныбын ашқан ұстаз

Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.

мек2

Орал қаласының іргесінде орналасқан Трекин ауылында бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Оның ішінде орыстар, немістер, украиндар және қазақтар, өзбектер тағы басқа ұлт өкілдері бар. Кеңестік кезеңде бұл ауылда қазақ мектебі тұрмақ, қазақ сыныбы да болмаған. Барлық бала орыс мектебіне барған. Осы олқылықтың орнын толтыруда қарапайым ауыл тұрғындары мен ауыл әкімінің ерен еңбектерін бірі білсе, бірі білмейді. Қарапайым ұстаздардың ішінде бүгіп жатқан сырлары, басынан өткен оқиғалары өте көп. Олардың әңгімелерін тыңдай отырып, «Ұстаз» деген сөз тек қана балаға білім беруге жаралған жан ғана емес екенін түсінеміз. Жас ұрпақтың бойына елжандылық дәнегін сеуіп, көктететін де осы қарапайым жандар. Ауылымызда осындай қарапайым, бірақ еліміздің өркендеуіне зор үлесін қосып жүрген адамдар айтарлықтай көп. Солардың бірі – Оразова Алия Қабиқызы.

мек1

Оразова Алия Қабиқызы – Қаратөбе елінің тумасы. Ол 1949 жылы 21 маусымда Қаратөбе ауданының Шалғын ауылдық советінде дүниеге келеді. 1956 жылы Қоскөл ауылында мектеп табалдырығын аттайды. 1967-1968 жылдары Жымпиты ауданында 1 жылдық мұғалімдер курсын тәмәмдады. Алғашқы еңбек жолын 1969-1970 жылдары Қаратөбе ауданының Ханкөл селосында бастауыш сыныпқа сабақ беруден бастады. Жымпиты ауданының Жосалы ауылының мектебінде 8 жыл еңбек етті.

1984 жылы Трекин ауылына көшіп келеді. Келген жылдары бұл ауылда қазақ отбасылары өте аз болған. Осы себепті ме ауылда қазақ мектебі болмапты. Өз бауыр еті балаларының қазақ тілінде білім алып, үлкен азамат болуын армандаған жанды бұл жағдай алаңдатты.

1992 жылы жолдасы екеуі балаларымызды қазақ тілінде оқытсақ екен деген тілекпен, ауыл ішінен балаларын қазақша оқытқысы келетін отбасыларын іздестіре бастайды. Санаулы қазақ отбасыларының ішінен қазақ сыныбына баратын 7 бала жиналды. Ата-аналар осы тілекпен ауыл әкімі Алдияр Сансызбайұлы Халеловке жолығып, ол кісі тарапынан ұсыныстарына қолдау тауып, бұл мәселе аудан басшылығына жетеді. Қоғам қайраткері және белсенді көмекші ретінде осы мәселені шешуге ауыл ақсақалы Орынгали Галимович Галимов та атсалысты.

1992 жылы орыс мектебінің ішінен алғашқы қазақ сыныбы ашылып, Оразова Алия Қабиқызы ұстазы болып тағайындалып, 7 қазақ баламен сабақ беруді бастап кетеді. Сол кездегі мектеп директоры Плотникова Любовь Григорьевна болатын.

Алғашқы қазақ сыныбы, алғашқы қиындықтар жөнінде Оразова Алия былай деп еске алады:

«Басында қазақ сыныбының ашылуына сыни көзқараспен қарағандар көп болды. Олардың ойынша, қазақ сыныбының болашағы жоқ дегенге келді. Себебі, көптеген ата-аналар балаларын орысша оқытуға құмар болды. Ол бір жағынан, заман талабы еді.

Үлкен мектеп ішінде орын болмайбастауыш мектеп ғимаратында оқыдық. Екі бөлмесінде орыс сыныптары, бір бөлмесінде біз оқыдық. Түске шейін мен 1-сыныпты оқытамын, түстен кейін тәрбиеші Ақмарал Амирова сабақ берді. 7 оқушымның ішінде тілдері орысша шыққандары да болды. Ішінде екі-үш бала ғана қазақша сөйлейді. Тілдері орысша шыққандықтан, оларға қазақша үйрету үшін бар күшімді салдым. Бастапқыда қазақ тіліндеоқулықтар болған жоқ. Өзімдегі бар кітаптармен, түнімен отырып, көрнекіліктер жасап, сабаққа дайындалумен, бастауыш мектепте сабақ берген тәжірибеммен алып кеттім. Дүкенге барып, магниттік тақта, түрлі суреттер, әріптер сатып алатынмын. 2-сыныпқа келгенде тағы кітап жетіспеушіліктен Шідерті ауылына барып, қазақ тілінде оқулықтар алып келгенім есімде.
Кітап мәселесін біртіндеп шешкеніммен, кадр мәселесі қиындау болды. Алғашқы сынып жетекшісі өзім болғанмен, келесі жылдарда ашылатын сыныптарға мұғалім тапшы болды. Қазақ сыныптар үшін жан-жақтан мұғалімдер іздестіріліп, пән мұғалімдері бастауыш сыныптарға сабақ берді.

Кейінгі жылдары ауылдағы қазіргі бала бақша ғимаратында оқыдық. Бұл жерде екі орыс сыныбы, үш қазақ сыныбы оқыды. Гүлнар Бахиева 4 баламен 1-сыныпқа, Нұрсұлу Измуханова 2 баламен 2-сыныпқа, мен 9 баламен 3-сыныпқа сабақ бердік. Ол жерде де орын жетіспеушіліктен дәлізде оқыған кездер болды.

Ауданнан әдістемелік кітап сұрасам, олар кісі жібереді. Келген кісілер сабаққа кіріп, сабағыма риза болып кетіп жүрді. Ауданнан келген кісілерге жағдайымызды айтып, жіберетін едім. Қазіргі таңда сол кездегі айтқан өтініштерімізді аудандық білім бөлімі аяқсыз қалдырмай, қолдан келгендерінше қолдау көрсетіп, көмек беріліп отырғанын мақтанышпен еске алуға болады».

Құдай қалап, ауылға сол жылдары бір кездері Әлия апайымыз іргетасын қалаған қазақ сыныптарының саны артып, қазірде үлкен жаңа мектепте 524-ге тарта оқушы білім алуда.
«40 жыл болсаң мұғалім болсаң да, 45 минуттық сабағыңа дайынсың ба?» деген ұстанымды берік ұстанып, Трекин ауылында ұстаздық еткен жылдарында 1-сыныпта 7 балаға қазақ тілінде әріп танытып, «Алғашқы ұстаз» атанды. 2-сыныпта тағы 2 бала қосылып, 9 баланы білім нәрімен сусындатқан. Осы еңбек жолындағы алғашқы 9 түлегі білімнің сан жолында еңбек етуде. Қазіргі таңда 3 қыз бала мұғалімдік қызмет атқарып жүр. Отбасылы, 2 баласы, 2 немересі бар. Ұлағатты ұстаз Алия Қабиқызы отбасының ұйытқысы болып, балалары мен немерелерінің қызығын көріп отырған абзал ана.

 

Жанаргүл Сабирова,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сәндібек Мадияр,

тарих пәнінің мұғалімі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале