26.08.2022, 15:30
Оқылды: 101

Тұтынушы құқығын қорғау: Енді ұялы телефонды тапсырып, ақшасын қайтаруға болады

Елімізде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Оған сәйкес, енді сатып алушылар көңілінен шықпаған ұялы телефондарды тапысырып, ақшасын қайтарып ала алады. Бұрын заңда мұндай норма болмаған еді.

1

Фото дереккөзі: gov.kz

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Ләзім Мияшева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қолданыстағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР заңында тұтынушы азық-түліктен басқа тауарды сатып алған сәттен бастап 14 күн ішінде оны айырбастап алуға құқылы. Сатушыда айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда ол тауарды қайтарып алып, ақшасын беруге міндетті. Ескеретіні – тауар қолданылмаған және бұзылмаған күйінде сақталуы тиіс. Айта кету керек, азық-түліктен басқа тауарлардың барлығын бірдей айырбастауға, қайтаруға болмайды. Мәселен, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, іш киім, шұлық, жануарлар мен өсімдіктер, талшықтардан жасалған маталар, трикотаж және гардин төсемі, кілем, шілтер, бау, сым, ұялы телефондар қайтаруға жатпайды.

Ал заң енгізілетін түзетулер нәтижесінде бұл тізімнен ұялы телефондарды алып тастау көзделген. Осы түзетулер қабылдаған кезде тұтынушы, ұялы телефонды айырбастау және қайтару мүмкіндігіне ие болады», - деп енетін өзгерістерге тоқталды Ләзім Мияшева.

Оның айтуынша, жаңа өзгерістерге сай сатушы тауарды қайтарған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде тұтынушыға ақшаны қайтарып беруге міндеттеледі. Сондай-ақ, сатушыда айырбастауға қажетті тауар болмаса, онда ол он күн ішінде жаңа тауарды тауып беруі тиіс.

Қоса кетсек, бұл уақытқа дейін елімізде тұтынушылар құқығын қорғайтын Омбудсмен институты енгізілетінін хабарлап едік.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале