14.12.2021, 10:15
Оқылды: 84

«Ұлттық спортқа қолдау болса...»

Жеке кәсібі арқылы қазақ халқының ұлттық, рухани құндылығын дәріптеуді қолға алған бизнес өкілдерінің бірі  – Ақылбек Ишанов. 

Халқымыздың  жүгі нарда, қазаны теңде болған көшпелі тірлігінде жылқының  алар орны ерекше. Жеті қазынаның бірі саналатын жануармен, тіпті салт-дәстүр мен ұлттық ойындар біте қайнасып жатыр. Атбегі, ұлттық спорт жаттықтырушысы Ақылбек Миразатұлының кәсібі Қамбар  ата түлігінің қадір-қасиетін арттыра түсуде.   

WhatsApp Image 2021-12-06 at 17.45.01

Бала кезінен атқұмар болып өскен ол аға-інілерімен бірге ат баптап, шабандоз атанған. Жылқымен арадағы байланысы есейген соң да үзілген жоқ. Ол жоғары оқу орнын бітіріп, ұлттық спорт мектебінде қызмет етіп жүрген кезінде кәсіп ашуға бел байлайды. 2018 жылы облыс орталығындағы Зашаған бау-бақша серіктестігінің шет жағынан 20 сотық жер алып, «Ишанов» жеке кәсіпкерлігін құрады. Бие сауып, қымыз өндіруді қолға алады. «Өзімде жылқы болмаған соң, ағамнан  екі бие алып келдім. Саумал мен қымызға сұраныстың көптігінен көрші-көлемнің өзін қамти алмайтынбыз. «Бие санын көбейтпейсің бе?» деген ұсыныстар айтыла бастады. Бүгінде жаз мезгілінде 15-20 биеге дейін сауамыз. Тұрғындар қымызды қонақтыққа, садақаға деп көп алады», – дейді Ақылбек Миразатұлы.

Кәсіпкер жары Ақмоншақ Мақсотқызы екеуі  «Саба» этнокешенін дамытуды қолға алған. Шағын ғана  үйдің  бөлмелері ұлттық нақышта безендірілген. Кітап сөресіне түрлі жастағы оқырмандарға арналған кітаптар жиналған. Саумал  ішуге келген жандардың кітап оқып, әңгіме-дүкен құрып отыруларына жағдай жасалыпты. Ал бір бөлме шағын сүт цехы іспетті.  Онда  қымыз дайындайтын күбілер тұр. Кәсіпкер  2019 жылы 1,9 млн теңге  қайтарымсыз грантқа ие болыпты. Бұл қаражатқа бие сауатын аппарат,  шабандоздардың шлемін, ат әбзелдерін алған.

– Былтыр пандемия кезінде осында «Азамат» ұлттық-танымдық лагерін ұйымдастырдық. Ер балаларды  ат әбзелдерімен, аттың  дене  мүшелерімен таныстырдық. Атқа мініп-түсу, отыру, шана жегу, садақ ату, қамшы өруді үйреттік. Сонымен бірге салт-дәстүр, ырым-тыйымдар, жеті ата, жеті қазына жөнінде құнды мәліметтер беруге тырыстық. Қамшы өру мен садақ атудан шеберлік  сағатын өткіздік. Лагерьде балалар бір-бірімен жақын танысып,  жаңа достар тапты. Алайда пандемия болған соң, көп адамды жинауға мүмкіндік болмады. Сол кезде қала әкімінің орынбасары болған Бақытжан Нарымбетовке барып, қолға алған  кәсібіміз жөнінде айтқан едім. Ол кісі Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Орал» спорт клубының  жанынан ат спорты бөлімін ашайық деген ұсыныс айтты. Оның ұсынысы қала әкімдігі мен қалалық мәслихат тарапынан  қолдау тауып, биыл 26 сәуірде біздің базамызда  спорт клубының ат спорты бөлімі ашылды.  Қазір мұнда  балалар көкпар, аударыспақ, жамбы ату және теңге ілуден жаттығып жүр. Облыстық «Бәйге» федерациясының президенті Есенғалиев Берік ағамыз  «ұлттық спорт мектебінің жанынан шабандоз класын ашу керек» деп  айтқан еді. Қазір осы  бағытта жұмыстанудамыз, – дейді  кәсіпкер.

WhatsApp Image 2021-12-06 at 17.45.00 (1)

Ашылғанына бір жыл тола қоймаса да, ат спорты  бөлі-мінің балалары  мектепішілік жарыстарға,  ашық облыстық чемпионатқа қатысып үлгерген. Жақында аталмыш бөлімде  ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өткен еді. Алғаш рет ұйымдастырылған тай көкпарына 9-13 жас аралығындағы балалар қатысты. Осыдан-ақ жеткіншектер арасында ат спортына деген зор қызығушылықтың барын көруге болады.

– Балалар каникул кезінде ат спорты бөліміне көп келеді. Олардың арасында ауылдан қалаға қыдырып келген балалар да бар. Мен «Ауылдарыңда ат жоқ па?» деп сұрасам, «Малды мотоциклмен, көлікпен бағады, атқа көп ешкім мінбейді» дейді. Ал  жылқыны теледидардан ғана көретін қаланың балалары үшін  бәрі  қызық. Жақында ат спортынан өткен жарыста балалардың едәуір «пісіп» қалғанын байқадық. Физикалық тұрғыдан шыныққандары анық көрініп тұр. Балалардың да, ата-аналардың да ат спортына деген қызығушылығы  артып келеді. Қала болса үлкен. Облыс орталығының 6-9-ықшамаудандарында тұратын ата-аналар жиі хабарласады. Олар спорт бөлімінің өздеріне алыс екенін айтады. Сондықтан қаланың  өзге  аумақтарынан да осындай ат спорты бөлімдері ашылса деп ойлаймын. Әу баста алған 20 сотық жеріміз жаттығуға тарлық етуде. Жаттығатын жақсы алаң салғымыз келгенмен, жер мәселесі қиын болып тұр. Мәселен, тоғайдың төменгі жағында жаттығып жүрген алаңқайды  күл-қоқыстан тазалап қоямыз. Бірақ тұрғындар қоқыс төгіп, шашып кетеді. Ал оларға мұның жөнсіз екенін айтсақ, «сенің жерің емес қой» деген уәж айтады. Шынымен, солайы солай, бірақ қоқыс төгуге болмайды емес пе?  Ол жерге учаскелік полицияны да шақырдық. Бірақ қазір неше түрлі адам бар. Бізге ерегескендер  шөбімізге  тиісіп, бір қастық жасап кете ме деген ой келеді. Мемлекеттен кәсібімізді дамытып, жаттығуға арналған алаң салуға жер сұрадық. Алайда әзірше бұл мәселе шешілген жоқ. Енді бәрі уақыт еншісінде. Жалпы, ұлттық  спортқа  мемлекет тарапынан  қаржы бөлініп, кең қолдау көрсетілсе деп ойлаймын, – дейді Ақылбек Миразатұлы.

Ер балаларды ұлттық рухы биік азамат етіп тәрбиелеуге үлес қосып жүрген ерлі-зайыпты кәсіпкерлер төрт ұл-қыз өсіріп отыр. Тұңғыштары Айсұлтан бес жасынан бастап атқа мініп, ата-анасына қолғабыс етіп келеді.

Айта кету керек, ат спорты бөліміне тірек-қимыл  аппараты бұзылған балалар  иппотерапияға келеді. Сонымен бірге түрлі бәйгелер қарсаңында мұндағы шабандоз балаларға «құда түсушілер» де көбейген. Қалай десек те, қазақы құндылықтарды бойына сіңіріп, «Ер қанаты – ат» екенін ұғынып өсіп келе жатқан ер балаларды көріп, көңіл бір марқаяды. Тек ел игілігі үшін құны зор кәсіпті қолдау назардан тыс қалмаса екен.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Ілияс Тұрарбеков,

Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей оқушысы:

– Әкем ат спортымен шұғылдансаң,  денсаулығың мықты болып, күшің көбейеді дейді. Менің ат спорты бөліміне келіп жүргеніме төрт ай болды. Жылқыға  қатты қызығамын. Қазір ат ерттеуді, серке көтеруді үйрендім. Жаңа достар таптым. Мектептегі  достарым да осында келіп жүр. Мұнда уақытымыздың қалай өтіп кеткенін білмей қаламыз.

 

Мұстафа Ықсан, 

Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей оқушысы:

– Алғашында бұл жерде саумал ішіп, жылқыларды қызықтап жүрдім. Бірақ аттан қорқатынмын. Ат спорты бөлімі ашылғанда үй жақтағы балалармен бірге мен де келдім. Қазір атқа мінуді, ерттеуді үйрендім, ат әбзелдерін жатқа білемін. Жалпы, жылқы туралы көп мәлімет алдым. Көкпарға қатысып, қорғаушы болып ойнадым. Біздің «Болашақ» командамыз І орын алды. Болашақта ат спортын дамытып, жаттықтырушы болғым келеді.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале