Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Ұлттық тарих күні» тарихи зерттеу жобалар сайысының республикалық кезеңінде І орынды еншілеп, Стамбулға жолдама ұтып алды.

Қазақстан тарихына қызығушылықты арттыру мақсатында «Qazaq Foundation» жеке қоры ұйымдастырған жарысқа мектебіміздің 9-сынып оқушылары – Аяулым Елзанқызы және Санат Қилау қатысты. Зияткерлеріміз «Тәуелсіздік қарсаңындағы Орал: 1991 жылғы қыркүйек оқиғасы» тақырыбында дайындаған деректі фильмді назарға ұсынды. Алдымен, аталған сайыстың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған жас тарихшылар республикалық сайыста тақырыптың өзектілігі әрі мазмұндылығымен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Оқушыларымыз деректі фильмді дайындау барысында белгілі ақын-жазушы, журналист Мұнайдар Балмолдадан сұхбат алып, жергілікті газеттерден мәліметтер жинады. Мұрағат қорындағы ресми құжаттар мен тың деректерді зерделей отырып, сәтті туындыны жарыққа шығарды. Оқушылардың жетекшісі – мектебіміздің тарих пәні мұғалімі Лариса Бердагалиева байқау барысында тәжірибе бөлісу тренингіне қатысқанын да айтты. Тарихи деректермен жұмыс бағытында өзге әріптестеріне кәсіби бағдар беріп, ерекше әсермен оралғанын жеткізді.
Айта кетейік, жеңімпаз атанған оқушылар алдағы уақытта Түркия еліне тарихи-танымдық экспедицияға аттанады.
Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің баспасөз қызметі