14.03.2023, 9:30
Оқылды: 91

Ұстаз: кеше, бүгін және ертең

«Бүгінде  оқушыларға сәл-пәл  ұрысып, дауыс көтерсе, мұғалім кінәлі болып, жауапқа тартылып жатады. Ал біз оқушы болған кезде мұндай жағдайлар ешқашан орын алған емес. Бізге ұстаздарымыз ұрысатын, «указкамен»  салып қалатын, соның барлығын ата-анаға айту деген түсінік біздің санамызда болмапты. 

IMG-20230310-WA0096

Ұстаздың айтқаны – әрқашан заң. Таңғалатыным, сол кездерде ата-аналар да ұстаздың үстінен мүлде шағымданбайтын, ұстаздардың әрбір  іс-әрекетін дұрыс деп есептейтін. Тіпті, көшеде ойнап жүріп ұстаздарымызды көріп қалсақ, көрінбей  қашып кетуге тырысатынбыз. Қатарластарымыздың: «Апайға айтып қоямын», – деген үш ауыз сөзі біз үшін ең қорқынышты, ең үрейлі сөз болатын. Жаман әдеттерімізді ұстаздарға көрсетпеуге тырысатынбыз. Қазір бірақ, мұндай емес. Адам өзгерді дейміз бе, әлде заман ба?.. Ақыл парасаты биік, қашан да үлкен мақсаттарды көздейтін, сөзі мен ісі бір жерден табылатын, ары мен жаны таза, бар ғұмырын жас ұрпаққа білім  беруге арнаған, адамгершілігі мол ұстаздарды адам  ешқашан ұмытпайды...». Алдыңғы буын ағалардан осы тақылеттес  естелік-пікірлерді көп естиміз.
Иә, заман өзгерді. Жақсысы да болар, жаманы да болар. Ұстаздарды  арыздайтын ата-аналар да, дау қуып жүретін мұғалімдер де, жік-жік болып, бастары бірікпейтін мектептер де кездесіп қалып жатады. Оны екшейтін, әрине, уақыт. Бірақ дәл қазіргі сағатта, мүмкіндігінше олқылыққа жол бермей, педагогиканың ауыр жүгін  шама келгенінше  қайыспай,  бірлесе көтеру – бүгінгі ұстаздардың міндеті. Шалғай ауданнан хат келді «Үзіліске». Жаңақалада «Ашық алаң кездесуі өтіпті. Аты айтып тұрғандай, мақсаты ашық сөйлесу, пікірлесу, көкейдегі көп сауалға жауапты бірге іздеу екен. Шараның өтуіне мұрындық болған – аудандық ардагер ұстаздар  ұйымы мен  білім беру бөлімі. Тақырып: «Ұрпақтар сабақтастығы – тәрбиенің көзі». Сабақтастық туралы сөз болғасын, бұл жерде аға буын мен кейінгі ұрпақтың өзара алқаласқан кеңесі болатыны белгілі. Сосын да шараға облыстық педагогика саласының ардагер ұстаздары, атап айтқанда, педагогика саласының ардагері, Қаратөбе ауданында 25 жылдан астам аудандық білім саласын басқарған азамат, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақ КСР-ы және Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің  құрметті қызметкері, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Абай Шыныбекұлы Мұхитов, «Жас дәурен» балалар кешенін он жыл басқарған, жиырма жылдай колледж директоры болған, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің  құрметті қызметкері, Батыс Қазақстан облыстық ардагер ұстаздар ұйымының төрағасы Қанат Жайықұлы Қырықбаев, Жәнібек, Бөрлі аудандарының білім беру бөлімін көп жыл басқарған, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Сапарғали Сиражұлы Сиражев арнайы келген. Педагогика саласы ардагерлерінің еске алар естеліктері де,  өмір  тәжірибелерінен алынған  әсерлі әңгімелері де көп, әрине. «Үлкен ұжымды басқару, ұйымшылдық, педагогтердің өзара  қарым-қатынастары, білім-тәрбие саласындағы  ер-азаматтардың рөлі, әр маманның өзіндік жауапкершілігі туралы  ғибратты әңгімелері – үлкен өнеге мектебі. Басшылық қызмет атқарған ардагерлердің сөз мәнері, зиялылық тұнған әңгімелері, үлкен тұлғалардың бойындағы кішілік пен кісілік қасиеттері,  жүздерінен жылылық ескен ұстазға тән келбеттерінің өзі жиналған қауымға бір үлгі. Үлкен кісілердің жүрген еңбек жолдары, іс-тәжірибелері  пікір алмасу алаңының  жұмысына арқау болды.
Бір сағаттық ашық  алаң бірнеше жылға жетерлік  азық бергендей. «Мені ұжым тәрбиеледі, кейін мен өзім де ұжым тәрбиелейтін дәрежеге жеттім», «Ұжым болған соң әр түрлі пікір болуы – заңды, тек ауызбіршілік пен ұйымшылдық керек», «Қандай жағдай болса да, адамшылықты жоғалтпай, салауатты өмір салтын ұстану керек» деген  сияқты ойға ой қосар, тереңде жатқан түйткілдерді қозғар пікірлер ұстаздар қауымын бей-жай қалдырған жоқ.
Шара соңында жас мамандармен арнайы кездесу өткізілгені және бір психологиялық ұтқыр қадам болды. Жас ұстаздардың  өздерін толғандырып жүрген  сұрақтарын ашық қоюына мүмкіндік берілді. Мәселен, «Балаға білім негізі мектепте беріледі. Ал жоғары оқу орны көбіне кәсіби бағдарды ғана оқытады. Мектептен  әр түрлі деңгейдегі біліммен шыққан оқушылар ақылы болса да, мұғалімдік мамандыққа оқуға түсе алады. Мектепті «3» деген бағамен бітірген оқушы қаншалыкты мұғалім болып жұмыс істей алады?» деген сұрақ болды жастар тарапынан. Сондай-ақ «Осы күні немере-жиендеріңіздің мұғалімдерімен таныс шығарсыздар? Қазіргі мұғалімдер мен кезіндегі өз әріптестеріңізді салыстырғанда қандай айырмашылықтар байқайсыздар?..» деген жанды сұрақтар  болды. «Әлемде көптеген табысты адамдар «3-ке» оқыған. Мектепте бала ашыла алмауы мүмкін, неге мұғалім болмасқа, өзінде ынта болса, бола алады», «Қазір қосымша білім беру орталықтары өте көп, ата-аналар балаға шамадан тыс жүктеме артады. Баланы өзі қалаған бір бағытқа бағыттау керек. Ал бұрынғы мұғаліммен қазіргі мұғалімдердің арасы – жер мен көктей... Әрине, барлығы бірдей нашар деуге болмайды, әйтсе де біздің кезімізде ұстазға бірыңғай талап деген болатын, мүмкін содан да болар... Немеремізге  жанымыз  ашыған күндер болып тұрады. Тіпті, басқа мектепке ауыстырған жағдайлар да бар. Он саусақ бірдей емес қой... Жақсы мамандар да бар!»  деген шынайы жауаптар берілді. Әрине, бұл кездесуде айтылған ойлар қатып қалған заң немесе ереже емес, әрлі-берлі ақылдасу, жария жүздесу ғана. Бірақ осындай көкейтесті  кездесулер бүгінгі ұстаздар қауымына әбден керек деп ойлаймын. «Өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастыра жүргізгеннен тәрбие саласы ұтпаса, ұтылмайды», – деп жазыпты белсенді оқырманымыз, Жаңақала ауданы ардагер ұстаздар ұйымының жетекшісі Рая Апахаева.
Қосып, аларымыз жоқ. Басқа аудандар да осы бастаманы іліп әкетсе игі...

Дариға Мұштанова,
«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»
медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале