19.04.2024, 16:35
Оқылды: 77

Ұстаздан шәкірт  озса  игі...

Жас адамның қалыптасу кезеңінде үлкен орын алатын тұлғалар болады. Ақыл-кеңесін аямайтын, сәл босаңсысаң, қамшылай түсетін, оқу-тоқуға, ғылым мен білімді сүюге шақыратын... Шәкірттері үшін сондай бір жанашыр жан – ардагер ұстаз Меңзипа Қаматаева. Ол  биылғы сәуір айының 22 жұлдызында мерейлі 70 жасқа толмақ.

WhatsApp Image 2024-04-19 at 17.33.56

Меңзипа Рамазанқызы  1954 жылы қазіргі Ба­тыс Қазақстан облысы­ның Казталов ауданында дүниеге келген. А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институ­тында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын Казталов ауданының құрамын­дағы Жаңажол ауылында (бұрынғы Фурманов ауданының Ақкөл ауылы) орналасқан Карл Маркс атындағы мектепте бастаған. Бұл білім ошағында екі  жылға жуық жұмыс істеген. Содан кейін Жас ауылындағы мектепке ауысқан. Ол осы мектепте зейнеткерлікке шыққанша, яғни 1973 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2012 жылға дейін жұмыс істеді. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Талай шәкірт тәрбиеледі. Қырық жылдан астам уақыт бойы ұстаздық қызмет етті. Орал қаласына қоныс аударғаннан кейін де бала оқытуды тоқтатпай, 2017 жылға дейін репетитор ретінде тер төкті.

2012 жылы 12 мамырда «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасы бойынша Қазақстан оқу ассоциациясы ұйымдастырған жиынға қатысып, педагог ретінде кәсіби біліктілігін ұштаған. Сол жылы «Қазақстан әйелдері» журналының «Қазақ әйелдерінің энциклопедиясы» бөлімінде ұстаздық еңбегі туралы мақала жарияланған. Мектепте қызмет атқара жүріп, қоғамдық жұмыстарға да араласты. Аталған білім мен тәрбие ошағы жанындағы Қазақ тілі қоғамының төрайымы бола жүріп, көптеген іс-шараларды ұйымдастырды. Оған қоса дарынды балалар тобы, гуманитарлық пәндер бірлестігі, ұстаздардың шығармашылық тобы, «Жас тілшілер» үйірмесі және қазақ тілі кабинетіне жетекшілік етті. Сынып жетекшісі ретінде де жұмысын тыңғылықты атқарды. Ауылдағы әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары, аудандық «Коммунист», «Жалпақтал өңірі», «Сарыөзен тынысы», «Ауыл айнасы» газеттерінің арнайы тілшісі болды. 30 жыл бойы ауылдың тыныс-тіршілігі, мектеп өмірі, еңбек ардагерлері және мұғалімдер жөнінде мақала-материалдар жазды. Таяуда «Тілшілік өмір – ел айнасы» атты авторлық кітабы жарыққа шығады. Еңбегі еленіп, бүгінге дейін түрлі деңгейдегі  алғысхаттармен, құрмет грамоталарымен марапатталған.

– «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, өмірден өз орнын табу, қалаған мамандығын игеру – әрбір адамның міндеті. Менің бала кезден арманым – ұстаз болу.

«Табиғат адам үшін  жаралыпты,  Бар қызық ұстаздардан таралыпты» дегендей, мені бұл мамандықты меңгеруге жетелеген Карл Маркс атындағы мектептің тіл-әдебиет пәндерінен сабақ берген марқұм ұстаздарым – Бердіғали Иманғалиев пен Ерсайын Меңдіғалиевтер. Олардың ұстаздық қасиеттері мені тіл маманы болуға мектеп қабырғасынан жетелеген. Зор сенім артып, үміт күткен ізгі еңбектері, білім нәрін сусындатқан әрбір сәттері – менің жүрегімде оқушылық өмірдің қимас, қайта оралмас сәттері болып мәңгі жатталды. Мен қазір байырғы ұстаз болсам да, қанша есейсем де, әрқашан өз ұстаздарымның алдында бас иемін, өзімді олардың алдында әлі де шәкірттей сезінемін, – дейді Меңзипа Рамазанқызы.

Ол арқа сүйер азаматы Тастенбек Қарекеновпен бірге төрт перзент тәрбиелеп өсірген. Жұбайы 2005 жы­лы өмірден өткен. Оның ізбасар­лары – өзінің екі қызы. Үлкен қызы Салтанат Қарекенова 1998 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын қа­зақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. Ол анасымен бірге Жас негізгі білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған. Оған қоса тәрбие ісінің меңгерушісі қызметін атқарған. Қазіргі таңда Жаңақала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының қосымша білім бе­ру педагогі. Кіші қызы Гүлжанат Мырзабекова – филология ғылым­дарының магистрі, Батыс Қазақ­стан инновациялық-технологиялық университеті Білім және менеджмент институты филология, мәдениет  және оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы. Қос ұлы Эльбрус пен Абзал да жоғары оқу орнын бітірген. Меңзипа Рамазанқызы – бүгінде  біраз немере-жиен, тіпті үш-төрт  жиеншар да сүйіп отырған бақытты әже.

– Меңзипа апай – өте еңбекқор жан. Маған Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» поэмасын жаттатты. Апайдың үйіне қона жатып, олимпиадаға дайындалатынбыз. Соның арқасында талай мәрте жүлде алдық. Ол – ұлтжанды тұлға. Кеңес кезеңінде өмір сүрсек те, ол бізді қазақы тәрбиемен өсірді. Туған жердің қадір-қасиетін ұғындырды. Алақандай Жас ауылында тұрдық. Бала күнімізде қиялға беріліп, ауылымыз күні ертең қалаға айналып, темір жолдар салынады деп ойлайтынбыз. Сондай сезіммен өстік. Меңзипа апай – менің анам Баян Қабиеваның сыныптасы. Сол себепті де мен ол кісіге жақын болдым-ау деймін. Мен ұстазымды туған анамдай құрметтеймін. Өзіңіз ойлап көріңіз, қай бала қай мұғалімнің үйіне барып, олимпиадаға дайындалады?! Ал  ол бүкіл шаруасын тастап, күн демей, түн демей сүйікті ісімен шұғылданатын. Өлеңді өте көп жаттатты. Кейін өлең құрастыруды, ұйқастыруды үйретті, – дейді ардагер ұстаздың шәкірті, филология ғылымдарының кандида­ты Жібек Болтанова.

Меңзипа Рамазанқызының Са­ғыныш Өтепәлиева, Дина Қалымова, Әсел Ғабдырахимова, Айкөркем Рахимова, Дамира Сағидуллина, Ақжарқын Жантасова, Қаламқас Ғабдуллина және Әсет Құбаев секілді шәкірттері де тіл маманы атанып, еңбек майда­нында жетістіктерге жетіп жүр.

– Қазақ тілін оқыту барысында Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастап, тілге қатысты деректер баланың қабылдау деңгейі мен мүмкіндігіне қарай тиімді қолданылуы керек. Сабақ тек жа­лаң білім беруге құрылмай, оқушының қызығушылығына, шы­ғармашылық  ізденістеріне орай­ластырылуы қажет. Жалпы мұға­лімдердің педагогикалық-методикалық әдіс-тәсілдерді (технологияларды) жетік меңгергені жөн. Шетелдік ғалымдар мен педагогтердің жаңашыл ізденісте­рімен танысып, білім берудің түрлі амалын қолданған ләзім. Бүгінде қазақстандық ұстаздар ұлт­тық дүниетаным ерекшеліктеріне байланыстырылған өздерінің ауторлық бағыт-бағдарын да қалыптастырып үлгерді. Жалпы қазақ тілі – түркі тілдері деп аталатын алып бәйтеректің бір тармағы. Тіл қоғамда қалыптасып, дамиды, қоғамға қызмет етеді. Өйткені өзгерістердің бәрі тіл арқылы жүзеге асады. Әлемдегі өзге де тілдер сияқты, қазақ тілінің де қалыптасуы және даму кезеңдерін тарихи тұрғыдан қарастыру арқылы біз тілдің тарихи құбылыс екеніне де көз жеткіземіз. Адамдар тіл арқылы бір-бірімен пікір алмасады, тіл арқылы өзінің ойын жеткізеді және тілдердің дамуына, өрістеуіне ықпал етеді, – дейді Меңзипа Рамазанқызы.

Оның айтары көп. Жастарды білімге, ғылымға шақырудан жалыққан емес. Ол – менің де тұлға ретінде қалыптасуыма айтулы ықпал еткен аяулы жан.

Марлен  Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале