4.05.2021, 0:51
Оқылды: 257

Халық қолдаса шешілмейтін шаруа жоқ

Сәуірдің 30-ы күні облыс әкімі Ғали Есқалиев Теректі ауданына  жұмыс сапарымен барып, атқарылып жатқан істермен және қолға алынған жаңа жобаларды көзбен көрді. Өңір басшысын шаруа барысымен аудан әкімі Арман Өтеғұлов таныстырды.  

0B55623A-C86B-421F-9C7A-2C3EFB846152

Облыс әкімі әуелі күрделі жөндеуден өткен Ақсуат жалпы орта білім беретін мектебінде болды. Бұл білім ошағының іргетасы 1984 жылы қаланған екен. Қырық жылға жуық жібі түзу жөндеу көрмеген ғимаратқа «жаңа өмір» беру жобасы өткен жылдың мамыр айында басталған. Қарашада бітуі тиіс, құны 231 млн. теңгеден асатын жұмыс мердігер – «Алтим» ЖШС-ның салғырттығы кесірінен 55 күнге кешігіп, желтоқсанның аяғында әзер біткен. Атап айтқанда, мердігер тапсырыс берушінің талаптарына құлақ аспаған, жөндеу кестесін сақтамаған, жұмыс күші мен білікті мамандар жеткіліксіз болған. Осыларды ескере келіп, тапсырыс беруші мердігерді сотқа беріп, қосымша 1,7 млн. теңге өндіріп алған.

Ал енді ғимаратқа келетін болсақ, күні бүгін 325 оқушы білім алатын мектептің төбесі (шатырымен қоса) түгел алмастырылып, есік-терезелері, едені, жылу, электр жүйелері толық жаңартылды. Сырты сайдингпен қапталып, ауласына өрнектас төселді. Өңір басшысы мектеп жанынан ашылған 40 бүлдіршін тәрбиеленетін шағын орталықты көрді. Ауылда 5 жасқа дейінгі балалар саны өсіп келе жатыр. Осыған орай мектептің бір жақ бөлігінен толық күн жұмыс істейтін балабақша ашуды тапсырды Ғ.Есқалиев.

Жалпы, Ақсуатта 1 мыңнан аса тұрғын бар, ендеше сапалы ұялы және интернет байланысын жеткізу өте маңызды. Осы орайда  БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызмет және мұрағаттар басқармасы ауылда Mesh желісін орнату бойынша пилоттық жоба бастаған. Ол жөнінде басқарма басшысы Петр Лежников баяндады. «Транстелеком» компаниясы секундына 40 мбит жылдамдықпен ақпарат тасымалдайтын талшықты-оптикалық желісі арқылы ақсуаттықтарға қызмет көрсетуге әзір. Құрылғы бағандарға орнатылған кәдімгі модемдерден тұрады. Осындай модемдерді ауыл ішіне жиі орнатса, сымсыз, әуе арқылы интернет беруге мүмкіндік мол. Облыс әкімі қажетті модемдер сатып алу мәселесін халықпен ақылдасып шешу қажеттігін жергілікті атқамінерлердің  қаперіне берді.

Өңір басшысы одан әрі «Үлгілі ауылға» айналуды мақсат тұтқан Новопавловкаға ат басын тіреді. Жағырапиялық тұрғыдан тиімді орналасқан, жолы тақтайдай тегіс елді мекенді алдағы уақытта тамаша ауылға айналдыруға мүмкіндік мол. Округ әкімі Бақтияр Карл ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарлама жасағаннан кейін Ғали Нәжімеденұлы Новопавловка орта мектебінің бос тұрған бөлігінен кәсіппен шұғылдануға ынталы тұрғындар үшін ашылған орталықты қарады. Кезінде 464 оқушыға шақтап салынған ғимаратта қазір бала саны аз, 108 шәкірт білім алуда. Сол себепті, мектеп ғимаратының едәуір бөлігі бос тұр. Жаңағы орталық соны тиімді пайдалану мақсатымен құрған.  Орталық заң жүзінде мектептен бөлек тіркелген, ауылдық округ әкімі аппаратының теңгерімінде. Яғни коммуналдық шығындарын өзі өтейді. Бұл жерде шағын кәсіпкерлер қолдарынан келетін, көңілдері қалаған істерімен айналыса алады. Ғали Есқалиев мектептің шеберханасына барып, тауық балапандары өсіп кеткенше күтіп-бағатын арнайы қорапшалардың жасалу барысын тамашалады. Көп шығынды қажет етпейтін, ағаштан құрастырылатын қорапшада балапанға жем-суы әзір тұр, ең бастысы жыртқыштардың құрбанына айналмайды. «Жыл сайын қаншама адамға грант беріп, құс асырауға жағдай жасаймыз. Бірақ алған құсын өсіре алмай, құртып алатындар да аз емес. Сол себепті, осындай тәжірибені басқаларға таратып, мұқият түсіндірулеріңізді сұраймын», – деді Ғали  Нәжімеденұлы.

Облыс әкімі Магистральный ауылындағы «Петрореф» ЖШС-на да барды. Серіктестік басшысы Бақтияр Тұрлыбековтың айтуынша, кәсіпорын мұнайды өңдеп, кеме отыны, нефрас, мазут өндіретін өңірдегі жетекші компания. 96 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өткен жылы жергілікті бюджетке 112 млн. теңге, ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында 25 млн. теңге салық құйған. Жалпы, кірісі 606 млн. теңге құрайды. Жылына 60 мың тонна өндірілген өнім ішкі нарыққа қоса, Ресей, Беларусь, Румыния, Германияға экспортталуда. Кездесуде компания басшысы болашақта құрылыс саласына аса қажетті битум өндіретін кәсіпорын салу жобалануда екендігін айтты. Оны Ғ.Есқалиев те қолдады. «Облыстағы құрылыс саласына жыл сайын 30 мың тоннадай битум қажет. Егер мүмкіндіктеріңіз болса, біздің мекеме-ұйымдар битумды қуана-қуана сатып алады. Қалғанын сыртқы нарықтарға шығаруға болады. Мәселе туындаса айтыңыздар, өз тарапымыздан көмектесуге, қолдауға әзірміз», – деді әкім.

Подстепный ауылында өңір басшысына аудандағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін (АӨК) құру барысы нақты мысалдармен баяндалды. Бүгін таңда ауданда 34 АӨК құрылған, 26-сы жұмыс істеп тұр. Ғ. Есқалиев шаруалардың назарын мал басын асылдандыруға, заманауи сүт өндірісі мен өңдеу үрдісін батыл енгізуге аударды. Таза табиғи өнімнің артықшылықтарына тоқталып, кәсіп иелерінің қойған сауалдарына жауап қайтарды.

Осы бағыттағы әңгіме Юбилейный ауылында құрылысы жүріп жатқан «Ringo-Milk» ЖШС-ның сүт өндіру кешенінде де жалғасты. 600 бас сүтті сиыр саууға қабілетті кешен жыл соңына дейін іске қосылмақ. Іске қосылған уақытта 39 адамды жұмыспен қамтиды және өңірдегі сүт өңдейтін кәсіпорындарға сапалы сүт береді  деп жоспарлануда.

Келесі кезекте Ғали Нәжімеденұлы Ақжайық ауылы тұсындағы Жайық өзенінен арнаға су айдайтын қалқымалы су сору стансасына барды. Осы станса көмегімен Теректі және Ақжайық аудандарының жекелеген елді мекендерінің малына су жеткізілмек. Сондай- ақ, жақын келешекте «Жайық – Шалқар » арнасын іске қосу, «Ащы – Азынабай – Тайпақ» арнасын және «Азынабай – Тайпақ» арналарын қалпына келтіру жұмысы басталады деп жоспарлануда.

Өңір басшысы асыл тұқымды мал өсіретін «Барқын», «Айсұлу» шаруа қожалықтарын аралап, «Бақыт», «Тұлпар» шаруа қожалықтарының егіс алқаптарын көрді. Заманауи технологиялардың қолданылуын тексерді. Мәселен, «Тұлпар» жұмыс барысында химикат ерітіндісін дәл мөлшерде қолданатын, препарат шығынын төмендететін және өнімділікті 10 пайызға ұлғайтатын аутоматтандырылған «ақылды» су бүріккіш сатып алған. Өзге де мықты техникалары жетерлік.

Жұмыс сапары соңында Ғ.Есқалиев Жаңа өмір ауылында құрылысы тоқтап тұрған  300 орын-

дық мәдениет үйіне барды. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған мердігер – «Домостроитель» ӨК-ның кесірінен қазір мұнда барлық жұмыс ауқымының бар-жоғы 5,8 пайызы орындалған, яғни тек іргетасы құйылған. Мердігермен келісімшарт біржақты тоқтатылған. Өңір басшысы аудан әкіміне аталмыш мәселені «сақалды» құрылысқа айналдырмай, тездетіп шешу жолдарын іздестіруді тапсырды.

 Тоқтар Кенжеғалиев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале