18.07.2026, 13:00
Оқылды: 41

Зерттеу: Қазақстандықтардың 86,9 пайызы Президентке сенеді

Қазақстандық қоғамдық даму институтында «Sarap» сарапшылар клубының отырысы өтіп, онда жаңа Конституция жағдайындағы қоғамдық үміт пен азаматтардың белсенділігі талқыланды.

IMG_20260718_131134_489

Фото: kipd_kz

Шара барысында институт жүргізген «2026 жылдың ІІ тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуал» және «Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» атты екі әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелері таныстырылды. Сауалнама қорытындысы елдегі мемлекеттік институттарға деген сенімнің жоғары екенін және электоралдық кезеңнің тұрақты жағдайда басталғанын көрсетті.

​Зерттеу деректеріне сүйенсек, қазақстандықтардың 84,1 пайызы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты деп бағалаған, бұл І тоқсандағы көрсеткіштен (70,4%) едәуір жоғары. Респонденттердің 88,5 пайызы өз көңіл күйін жақсы немесе бірқалыпты деп белгілесе, өмірге қанағаттану деңгейі 85,8 пайызды құрады. Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы (50,5%) соңғы бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын, ал 60,1 пайызы алдағы уақытта оң өзгерістер күтетінін айтқан. Бұл ретте жастардың оптимистік көзқарасы ерекше байқалады: 18-28 жас аралығындағы азаматтардың 87,1 пайызы саяси ахуалды оң бағалап, 65,6 пайызы болашақтан жақсылық күтеді.

​Сонымен қатар мемлекеттік институттарға, оның ішінде ел Президентіне деген сенім деңгейі 2026 жылдың ІІ тоқсанында 86,9 пайызға жетті. Саяси белсенділікке келетін болсақ, респонденттердің 75,1 пайызы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға дайын екенін білдірген. Оның ішінде 37,6 пайызы дауыс беруге нық ниетті болса, 37,5 пайызы сайлауға бару ықтималдығы жоғары екенін жеткізген. Сайлауға қатысуға әсіресе аға буын өкілдері (80,7%), жоғары білімі бар азаматтар мен ауыл тұрғындары барынша әзір. Сарапшылар алдағы сайлау науқаны елдің саяси жүйесін дамытудағы маңызды кезең болатынын атап өтті.

Анықтама ретінде айта кетсек, ҚҚДИ сайлау кезеңінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу үшін Орталық сайлау комиссиясында ресми аккредитациядан өткен.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале