21.06.2024, 12:01
Оқылды: 175

«Жабдықталған жағажай – қауіпсіздік кепілі» – төтеншелік

Облыс әкімдігінің 2023 жылғы 31 тамыздағы 192 қаулысына сәйкес су нысандары мен су шаруашылығы құрылыстарында бұқаралық демалыс, туризм және спортқа арналған 31 орын белгіленді. Оның 10-ы – коммуналдық меншікте болса, 21-і – жеке жағажай. Бүгінгі таңда су айдындарының түбін тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жөнінде жақында өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы Махмуд Таңатов айтты.

FCC530FB-204C-444A-A0E6-356CD79EAA0F

– Облысымызда 37 рамалық-модульдік бассейн бар. Оның 19-ы қала сыртындағы, 15-сі мектеп жанындағы лагерьлерде, қалған 3-еуі қосымша білім беру орталықтарында орнатылды. Шомылу кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті 5 мобильді сүңгуірлік топ пен 34 сүңгуірлік жабдық, 20 жүзу құралын және 12 патрульдік аутокөлік дайындады. Құтқарушылар күн сайын су айдындарының қауіпті және жабдықталмаған жерлерінде рейд жүргізеді.

Бүгінде 500-ге жуық рейдтік іс-шара өтіп, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары жазылған 8 мыңнан астам жадынама таратылды. Су айдындарының қауіпті учаскелерінде 240 тыйым салу белгісі орнатылды. Жыл басынан бері аталған қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін ӘҚБтК-ның 412-бабына сәйкес 5 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы салынған айыппұл – 64 610 теңге, -  дейді Махмуд Маратұлы.

Ақпараттық-профилактикалық жұмыс шеңберінде департамент қызметкерлері теледидар мен радио арқылы хабар таратып, баспа басылымдары мен әлеуметтік желілерде мақала-материалдар жариялаған.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мүдделі құрылымдар, яғни төтенше жағдайлар және полиция департаменті, білім беру, дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ мәдениет басқармасы ата-аналар комитеттерімен, нұсқаушылармен, демалыс базалары мен жағажайлардың иелерімен практикалық іс-шаралар өткізген.

Спикердің сөзінше бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасып тұрмақ. Айта кетейік, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау ҚР ӘҚБтК-ның 412-бабына сәйкес жеке тұлғаларға 7 АЕК, заңды тұлғаларға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале