20.09.2022, 10:45
Оқылды: 543

Жайықта айтыс өтті дүбірлеген

Облыс орталығындағы «Атамекен» өнер ордасында белгілі өлкетанушы, жазушы-журналист, ақын Қайыржан Хасановтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Жырлайды Жайық» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтыс тізгінін  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парасат және Құрмет ордендерінің иегері Жүрсін Ерман қолға алды. Ақ Жайықтың төрінде өткен аламан айтысқа арнайы келген облыс әкімі Ғали Есқалиев ақындарға сәттілік тіледі.

ca26a4a6-302a-4cf9-b68a-4e7b09eb5300

– Жайықтың жағасында жыр тойы өз жалауын көтермек. Бүгінгі той белгілі өлкетанушы, жазушы-журналист, ақын Қайыржан Хасановтың туғанына 80 жыл толуына арналады. Ағамыз – даланы әнмен тербеген Сал Мұхит, атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиев, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев сынды дарындар туған қасиетті өлкенің перзенті. Кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған азамат. Бүгінгі айтыста ақындарымыз ағамыздың жарқын бейнесін  жаңғыртып, жүректерге жол табады деп сенеміз. Жүрсін ағамыздың дүбірлі доданың тізгінін ұстауының өзі бұл шараның маңыздылығын айқындайды. Айтыстың мазмұнын ашатын ақындарымызға сәттілік тілейміз, – деп сөзін сабақтаған облыс басшысы ақынның жары Ырысты Кәкімқызына сый-құрмет көрсетті.

Өз кезегінде ақын Жүрсін Ерман Қаратөбе сапарынан алған әсерімен бөлісті.

–  Шынын айтқанда, Қайыржан Хасановтың есімі ел-жұртқа онша мәлім емес. Кеше ақынның туған жерінде болып, көптеген дерекпен танысып, таң-тамаша қалдық. Бір ғана адам тұтастай институттың жұмысын істеп, елдің тарихын қозғап, артына қаншама мұра қалдырған. Бүгін ұлдары әке есімін ұлықтап еске алуда. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген сөз осы балаларға арналғандай, – деп әкелерін еске алып, дүйім елдің басын қосып, дүбірлі той жасаған ардақты азамат ұрпағына ризашылығын білдірді.

e581c103-585b-40f3-b1af-f489f3e82d94

Аузымен құс тістеген азулы ақындар өнер көрсеткен жыр бәйгесінің қазылар алқасына  Құрмет орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов төрағалық жасады. Қазылар алқасының сапында айтыскер ақын, сазгер, журналист Бекжан Әшірбаев, ақын, журналист, публицист, ҚР Парламентінің депутаты Жанарбек Әшімжан, эпик жыршы, этномузыкатанушы, фольклорист Берік Жүсіп, айтыскер ақын, әнші, термеші Жәкен Омаров, жерлес ақын Талант Арғынғали, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдырниязова, ақын, ұстаз, Қазақ-стан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім беру саласының үздігі Дариға Мұштанова, ақын-ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева, айтыскер ақын, журналист Бауыржан Халиолла сынды еліміздің руханиятына елеулі үлес қосып жүрген қаламгерлер болды. Жыр додасына есімін ел танитын айтыскерлермен қатар, жас дарындар да қатысты. Олардың қатарында  республикаға танымал Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Нұрмат Мансұров, Рүстем Қайыртайұлы және басқа ақындар бар.

e0760785-fb08-41b2-9d52-c79abbcc664c

Жыр бәйгесін асыға күткен жұртшылық  «Атамекен» өнер ордасына көп жиналды. Көрермендер арасында аудан-ауылдан ат терлетіп келгендер де жетерлік екен.

Көпшілік алқалай күткен айтысты Бауыржан Ширмедин  мен Сезімхан Шұғайып бастады. Әп дегеннен екпіндете сөз бастаған Бауыржан ақын құрдасына әзілдегендей сыңай танытқанымен, қарсыласының жан ашуын тырнап жібергендей әсер  қалдырды.

– Алматы жақтан келгенсің,

Алматы жақ аман ба?

Жүрген жер ғой ұлылар,

Қаңтарда саған оқ тиді,

Оқ жүрегіңе дөп тиді,

Оқтан кейін өрт тиді,

Сенің де қайғың қыруар.

Көңіліңнің кірі бар.

Ал айналайын, Шұғайып,

Кезегіңді берейін,

Қолыңа жырдың туын ал.

Сенің де айтқан сөзіңнің

Бірі шекер, бірі бал.

Ақ Жайыққа қош келдің!

Бетіңнің қан мен күйесін

Ақ Жайыққа жуып ал, – деп арындатқан ұйқастары сәл табалағандай боп кеткенін өзі де байқамаған секілді. Сахнада өзін салмақты, сабырлы ұстап, шымыр шумақтарымен көпшіліктің құрметіне бөленген Сезімхан Шұғайып Қаңтар оқиғасы – бар қазақтың қасіреті екенін орамды ойларымен, әуезді үнімен  жеткізе білді.

– Белгілі болды маған бала сырың,

Арзан сөзбен алдама  Алашымды

Қан-күйеңді Жайыққа жу деп айтып,

Жұрт алдында болдың-ау жанашырым.

Қаңтар – ол бар қазақтың қасіреті,

Қайғысы емес Алматы қаласының.

Қаны судай аққанда баласының,

Көз жасы төгілмеп пе еді анасының?

Өткенде бір өртенді өзегіміз,

Ыстығы көтеріліп даласының.

Қан-күйемді Жайыққа жуғанымен,

Бірақ ол кетіре ме жан ашуын?

Қарағым, қара өлеңмен емдемесең,

Жарамды жаза алмайды қара суың.

Сенбі күні сағат 11.00-де басталып кешкі 19.00-ге дейін созылған айтыс зал толы көрерменді жіпсіз байлады. Кешке дейін табан аудармастан  айтысты тамашалаған жұртшылық әр жұптан нәрлі сөз күткендей. Жалпы айтыскер ақындар  белгілі өлкетанушы, жазушы-журналист Қайыржан Хасановтың өткен өмір жолы, артына қалған мол мұрасы туралы сөз қозғап, бүгінгі тұрмыс-тіршілік, қымбатшылық, жол мәселесін де жырға арқау етті. Белгілі айтыскер ақын Рүстем Қайыртайұлының бүгінгі заманды ертегі кейіпкерлерімен бейнелеп берген жыр шумақтары көпшілікке қатты ұнады. Мұны көрермендердің аямай алақан ұрғанынан айқын аңғаруға болады.

– Уақыт-ай дөңгелегін зырылдатқан,

Ертең тарих болады бүгінгі ақ  таң.

Бала кезде ертегі көп оқып ем,

Оқиғасы құйқаңды шымырлатқан.

Сол бір кейіпкерлермен кездессем деп,

Армандап таңым атып, күнім батқан.

О тоба,  сол кейіпкерлер  бүгіндері

Секілді бізбен бірге тұрып жатқан.

Базарың Керқұла атты Кендебайдай

Сәт сайын бағасы өсіп шұғылдатқан,

Кредит  жалғыз көзді дию секілді,

Төлемеген байғұсты шырылдатқан.

Теңгеміз салмағы жоқ қаңбақ шалдай,

Доллар көрсе қалықтап, зырыл қаққан.

Жемқорлар – көлтауысар секілді ғой,

Бір-ақ асап бюджеттің түбін қаққан.

Интернет Бегі қызы Бекторыдай,

Ақылдан адастырып жымың қаққан.

Мыстан кемпір секілді кей блогер,

Миыңды сыпыртқымен ұрып жатқан.

Қарлығаштай қайырымды қазағымды,

Сақтай көр айдаһардай зұлым жаттан.

Түбінде мақсатыма жетем ғой деп,

Өмірін ертегідей сүріп жатқан, – деп өлең өрген Рүстем Қайыртайұлы қарсыласы Біржан Байтуовпен әдемі айтысты.

Нұрмат Мансұров пен Райымбек Өтеповтың айтысы аға мен інінің арасындағы сыйластықты паш еткен әсерлі айтыстардың бірі болды.  Нұрмат Мансұровтың заңгер екенін алға тартып:

– Ағамен қалыспай бірге айтысу,

Айтыстың заңдарында бар бап шығар.

Ағаны сыйла деген  заң болғанымен,

Бірақ та жеңбе деген заң жоқ шығар, - деп төкпелеткен Райымбекке тәжірибелі айтыскер ақын Нұрмат Мансұров ағалық ақ тілегін жолдады.

...Сақтанып айтысайын інімменен,

Жеңімпазы болсам да сан жарыстың.

Оралдың ақындарын білеміз ғой,

Не екенін білмейді қорғаныстың.

Бұл аймақтың тышқандай баласы да,

Жонын шымшып ойнайды жолбарыстың.

Төгіліп жыр төгілсе таңдайыңнан,

Хабар беріп тұрғандай хал-жайыңнан.

Бұйырса, жұлдыз болып жанасың-ау,

Бір жарық көріп тұрмын маңдайыңнан.

Оралдың келешегін көргендеймін,

Құшақтап бауырымды қол берейін.

Тұсауыңды мен кестім ағаң болып,

Тәтті өлең төге берсін бал көмейің,

Болашағың бүгіннен байқалып тұр,

Алдыңды кеспей бүгін жол берейін, – деп жас талантқа жолын беріп, киелі сахнада аға мен іні сыйластығының шынайы үлгісін көрсетті.

Ақындар айтысы барысында  ақын, әнші-термеші Жәкен Омаров, эпик жыршы, әнші, этномузыкатанушы Берік Жүсіпов жырдан шашу шашса, ақын, журналист Жанарбек Әшімжан өлең оқып, айтыстың көрігін қыздырды. Қазылар алқасының шешімі бойынша айтыстың бас жүлдесін Бекарыс Шойбеков  (Түркістан облысы) иемденді. І орынды Талғат Мықи (БҚО), ІІ орынды Мұхтар Ниязов (Қызыл-орда облысы) пен Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы), Райымбек Өтепов (БҚО) алды. Ал ІІІ орынды  Айбек Қалиев, (Қостанай облысы), Рүстем Қайыртайұлы (Алматы қаласы), Нұрбол Жауынбаев (Ақтөбе облысы) теңдей бөлісті. Сондай-ақ  Қ. Хасанов атындағы арнайы сыйлық Жайықтың Жансаясына табысталды. Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен түркістандық Біржан Байтуов  «Арнайы сыйлық» иегерлері атанды. Жыр бәйгесінде ел ықыласына бөленген арынды ақындар шабыттандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Айтыс соңында ақындарымызды арнайы жүлделермен марапаттаған қазылар алқасының төрағасы, белгілі жазушы М.Құлкенов Қ. Хасановтың жары Ырысты Кәкімқызына «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының» «Еңбек даңқы» төсбелгісін табыстады.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале