Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми жиындарда еліміздегі қалалардың сәулет өнері жаңа сипатта әрі ұлттық бағытта даму керектігі жөнінде орамды ой айтқаны мәлім.

Мемлекет басшысы ұлттық болмысты сақтау, тарихи сананы жаңғырту және елдік құндылықтарды қоғамдық өмірдің барлық саласына терең енгізу мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Мәселен, 2025 жылы Президент мәдениет және өнер майталмандарымен кездескенде, ұлттық бірегейлік тек мәдениет пен әдебиетте ғана емес, қалалардың келбетінен, қоғамдық кеңістіктерден, сәулет өнерінен де көрініс табуы қажет екенін бірнеше мәрте атап өтті.
«Халық руханиятының тағы бір маңызды қыры – сәулет өнері. Қалалар мен елді мекендер келбеті – ұлт мәдениетінің айнасы. Ұлттық архитектура, түптеп келгенде, ұлттық санаға ықпалын тигізеді. Елімізде сәулет өнерін жетік меңгерген, оны ұлттық нақышқа бейімдей алған мамандардың тұтас буыны өсіп келеді. Мұндай дарын иелеріне мейлінше қолдау көрсету қажет. Осы орайда жас сәулетшілердің арнайы байқауын ұйымдастырып, ұлттық сыйлық тағайындауға болады», – деген еді ҚасымЖомарт Тоқаев.
Иә, қалалар мен ауылдардың кескін-келбеті – ұлттық бірегейліктің көрінісі. Сондықтан Президент жас сәулетшілер арасында арнайы байқау ұйымдастыруды ұсынды. Расымен де, ұлттық идеологияға сай, архитектурасы бойынша ұлттық бояуы айқын бірегей мәдени-тарихи нысандар салынбайтынын көріп-біліп жүрміз. Елде ғимараттардың қасбеттерін әрлеу «қалдық қағидаты» бойынша қарастырылып келеді.

Шаһарларымызда «Хайтек» стиліндегі архитектуралық урбанистік шешімдердің тым көп қолданылуы, ұлттық ою-өрнек, түр-түс, шығыс нақышының жұтаңдығы, бірыңғай сұр түсті «қораптардың» көбейіп кетуі көңіл көншітпейді. Елге туристер назарын аудару және жастарды патриотизмге баулу үшін құрылыс саласында бірегей тарихи-мәдени нысандардың бой көтергені маңызды. Сәулет өнері де мәдениет ұлттық сананы қалыптастырады, сондықтан архитекторлар мен урбанистер осыны ескерсе дейміз. Сондықтан Президент этностильдік ерекшелігі зор сәулетті құрылыстарды көбейту керектігі жөнінде айтып отыр.
Шын мәнінде, сәулет жай ғана құрылыс емес. Сәулет – халықтың дүниетанымы, тарихи жады, эстетикалық талғамы мен рухани құндылықтарының тасқа қашалған шежіресі. Әлемнің дамыған мемлекеттері өздерінің ұлттық ерекшелігін, ең алдымен, қалаларының көрініс-көркі арқылы танытады. Қай елге барсаңыз да, сол халықтың мінезі мен мәдениетін ғимараттарынан, алаңдарынан, көшелерінен аңғаруға болады. Сондықтан ұлттық айдентика мәселесі бүгінгі күні тек сәулетшілер мен дизайнерлердің ғана емес, мемлекеттік идеологияның да маңызды бағытына айналуға тиіс. Ұлттық айдентика дегеніміз – халықтың тарихи тамыры мен мәдени кодын заманауи ортада танытатын көркемдік және мазмұндық белгілер жүйесі. Ол сәулеттен, қала дизайнынан, ескерткіштерден, қоғамдық кеңістіктерден, тіпті көшелерді безендіру мәдениетінен көрініс табады.
Былтыр ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құныдылықтары мен бағыттары» атты құжатқа үңілейік.
«Елдің тарихи-мәдени ерекшеліктерін айқындайтын ұлттық нышандардың тізімін жасау – әлем жұртшылығына ортақ тәжірибе. Ұлттық нышандар елдің өзіне тән ерекшелігін тануға, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді», – делінген құжатта.
Ұлттық нышандар тізімі:
Ұлттық ұран – «Алға, Қазақстан!»;
Ұлттық түстер – аспан түстес көк, алтын сары түс;
Ұлттық кітап нышаны – Абайдың «Қара сөздері»;
Ұлттық бірлік нышаны – шаңырақ;
Ұлттық музыкалық аспап нышаны – домбыра;
Ұлттық өсімдік нышаны – қызғалдақ;
Отандық өнім шығарудың ұлттық белгісі – «Made in Qazaqstan»;
Ұлттық хэштег – #Qazaqstan, #QAZ болып бекітілді.
«Ұлттық нышандар жалпыұлттық айдентиканың, атап айтқанда, мемлекеттік құрылымдардың, әкімшілік-аумақтық бірліктердің, білім беру, мәдениет және спорт мекемелерінің, азаматтық қоғам институттарының базалық элементтеріне айналуға тиіс», – деген қағидат, сөз жоқ, біздің назарымыздан тыс қалмауы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, ғасырлар бойы Ақ Жайық атырабының рухани, мәдени және экономикалық орталығы болған Орал қаласының келбеті де жаңа көзқарасты қажет етеді. Қала күн сайын жаңарып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Алайда сол жаңарудың ұлттық сипатпен сабақтасуы – Отанымыздың ұлы мәртебелі Тәуелсіздігінің талабы.

Біз кейде қаланың дамуын тек жаңа тұрғын үйлердің салынуымен немесе инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуымен өлшейміз. Бірақ кез келген қаланың шынайы келбетін оның рухы қалыптастырады. Ал РУХ ұлттық дүниетанымға негізделген сәулеттен басталады. Егер біз Оралды ұлттық нақыштағы заманауи қала ретінде қалыптастырғымыз келсе, онда сәулеттік саясатқа деген талапты күшейтуіміз қажет. Бұл мәселе тек эстетикаға ғана қатысты емес. Бұл – ұлттық мемлекеттік идеология мәселесі. Себебі сәулет адамдардың тарихи жадына, туған жерге деген сүйіспеншілігіне, ұлттық мақтаныш сезіміне тікелей әсер етеді. Ұлттық өрнекпен көмкерілген қоғамдық кеңістіктер, қазақы дүниетанымнан бастау алған сәулеттік шешімдер, өңір тарихын сөйлететін архитектуралық элементтер тұрғындардың туған қаласына деген құрметін арттырады.
Бүгінгі таңда Орал қаласында салынатын әлеуметтік нысандарға, мәдениет ошақтарына, саябақтарға, алаңдарға және жаңа тұрғын аудандарға ұлттық сәулет нақыштарын үйлесімді енгізудің нақты талаптарын қалыптастыру қажет деп санаймын. Бұл ретте ұлттық нақышты тек ою-өрнекпен шектеуге болмайды. Ұлттық сәулет дегеніміз – кеңістік мәдениеті, табиғатпен үйлесім, тарихи сабақтастық және қазақтың дүниетанымына негізделген сәулеттік философия.
Оралдың болашақ келбеті оның өткен тарихымен үндескенде ғана толыққанды болады. Сондықтан қаланы дамыту жөніндегі әрбір шешімде ұлттық мазмұн мен қазақы рухани құндылықтар басымдыққа ие болуы тиіс. Бұл – ұрпақ алдындағы жауапкершілік әрі елдік сананы нығайтудың маңызды тетігі.
Бүгінде еліміз бойынша бірнеше қала әкімдіктері жанынан урбанистік орталықтар құрылды. Бұл жаңа ұлттық урбанистика мектебін қалыптастырудың бастамасы болуы мүмкін. Өте маңызды қадам. Сол себепті Президент сәулет арқылы халқымыздың өзіндік ерекшелігін, ұлттық руханиятын паш ететін жаңа жобалық шешімдер ұсына алатын сәулетшілердің ұлттық негіздегі жаңа да жас буынын қалыптастыру жөнінде мәселе көтерді.

Қалаларды қазақы руханиятқа негіздей отырып, кешенді түрде абаттандыру, көркейтіп-көгалдандыру ұлттық сананы берік қалыптастырады, ұлттық бірегейлік пен патриотизмді нығайтады.
Құрылыс нарығында бірыңғай футуристік жобаларды ғана ұдайы назарда ұстаймыз деп, шын мәнінде, ұлттық сана, төлтаным мәдениетке тірек-таяныш болатын ұлттық танымды жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы маңызды мәселе – ұлттық бірегейлікті, халықтың өзіндік ерекшелігін сәулет арқылы насихаттауға болатынын алға тартып, нақты бағыт-бағдар нұсқады.
Ресей Федерациясының «Алтын сақинасына» енетін қалалар келбетінен (Мәскеу, Новгород, Псков, Суздаль, Ярославль, Сергиев Пасад, Владимир, Кострома), Орталық Азиядағы Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан шаһарларының шығыстық шырайынан және Еуропа мемлекеттеріндегі ғажайып сәулет туындыларынан осы елдердің мәдениеті мен тарихын паш ететін нағыз ұлттық архитектураның асқақ үлгілері айқын аңғарылады.
Өзбекстан Республикасы да өзіндік ерекшелікке жомарт ел. Әлемдегі ең әдемі музей ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген, шығыстық мәнердегі ою-өрнектермен безендірілген, өзбек халқының мәдени коды болып есептелінетін мәдени, ғылыми, тарихи, діни кешен – Ислам өркениетінің орталығы сәулет өнерінің тарихи сананы қалыптастыруға және елдің туристік тартымдылығын арттыруға әсерінің жарқын мысалы болып табылады.

Жалпыұлттық бірегейлікке жаһандық трендтер нұқсан келтірсе, әр халық түп-тамырынан ажырап, ұлт тұтастығына сызат түсіп, идеологиялық тұрғыда мемлекеттіліктің тұрақтылығы әлсіреуі әбден мүмкін. Әлемде ондай мысалдар жеткілікті. Сондықтан бүгінгі таңда қасбеттерді безендіру стиліне түзетулер енгізіп, ұлттық нақыш (этноколорит), ою-өрнектер енгізетін уақыт келді деп санаймыз. Этностиль, ою-өрнек – бұл рәміздер, ал рәміздер – бұл идеология. Сондықтан ұлттық сәулет мәселесі өте маңызды.
Тарихи шаһарлардың сәулеттік келбетін ұлттық нақышпен дамыту – елдің мәдени болмысын айқындайтын маңызды бағыттардың бірі. Бұл тұрғыда Түркістан қаласы соңғы жылдары түркі дүниесінің рухани әрі мәдени орталығына айналып келеді. 2026 жылғы 15 мамырда Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбындағы бейресми саммиті өтті. Саммит қарсаңында қалада ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық кеңістіктер ұлттық танымда, ұлттық талап-талғамда безендірілді. Қаланың кіреберісіне қазақ халқының тарихи мұрасын бейнелейтін Тайқазанның сәулеттік ком-позициясы орнатылып, ұлттық нақыштағы киіз үйлер тігілді. Бұл киіз үйлерде түркі халықтарының салт-дәстүрі мен қолөнерін танытатын мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, қонақтарға ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды. Саммит барысында Түркістан мәртебесі тағы бір мәрте айқын көрінді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі өркениеті орталығын құру бастамасын жариялап, оның іргетасын қалау рәсіміне ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қатысты. Бұл орталық түркі халықтарының ортақ тарихи және мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қызмет етеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы хәкім Қожа Ахмет Яссауи мұрасын жүйелі зерделеу мақсатында Яссауи ғылыми орталығын құру жөнінде тапсырма берді.
Орынды жерінде айта кетейік, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен бауырлас қазақ халқына тарту ретінде айтулы шаһарда жаңа мешіт салынды. Зәулім ғибадатхана екі ел арасындағы достық пен рухани байланыстың жарқын өнегесіне айналды. Мешіт сәулетінде дәстүрлі ислам архитектурасы заманауи инженерлік шешімдермен үйлесім тапқан. Биіктігі 61 метрге жететін мұнаралары бар ғимараттың сыртқы көрінісі мен ішкі безендірілуінде ұлттық ою-өрнектер мен ислам каллиграфиясының көркем үлгілері кеңінен қолданылған. Бүгінде бұл мешіт Түркістанның сәулеттік салтанатын айшықтап, қаланың керемет жаңа рухани әрі мәдени нысандарының біріне айналды. Мұндай жобалар бауырлас елдердің рухани байланысын нығайтып, Түркістанның халықаралық беделін арттыра түседі. Ұлттық сәулет элементтерін, тарихи символдарды және дәстүрлі мәдениетті қаланың заманауи дамуымен ұштастыру – Түркістанның басты ерекшелігіне айналып келеді. Сондықтан шаһарларда ұлттық мәнерде дамыту тек көркемдік шешім емес, тарихи жадыны сақтап, ұлттық бірегейлікті нығайтатын маңызды мемлекеттік саясат-тың бір бағыты болып саналады.
Әр қаламыздың келбеті егемендігімізді, ұлттық бірегейлігімізді, елдігіміз бен рухани ерекшелігімізді айшықтап тұрса, бұл – ұлттың мәдени келбетін қалыптастырудағы үлкен жетістік болар еді. Ұлттық руханиятқа негізделген сәулет, қоғамдық кеңістіктер мен мәдени нысандар креативті индустрияның дамуына серпін беріп, туризмді, қолөнерді, дизайнды және шығармашылық кәсіптерді өркендетуге жол ашады. Өзіндік бет-бейнесі бар шаһарлар елдің бәсекеге қабілетті брендін қалыптастырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды заманауи сипатта дәріптейтін креативті экономиканың маңызды тірегіне айналады.
Гүлжанар Шөкеева,
облыстық қоғамдық даму басқарма басшысының орынбасары