2.11.2023, 10:45
Оқылды: 1099

Жаңа патенттер: БҚО-да «Самұрық» бұқасы мен Жәнібек типті жылқы санатқа алынды

 

Жәнібек ауданының «Әлем» шаруа қожалығы Көшім жылқысының Жәнібек типі мен қазақ ақбас тұқымының Самұрық жаңа зауыттық желісін сұрыптап шығарды. Бұл жөнінде «Әлем» шаруа қожалығының басшысы Ескендір Елемесов хабарлады. Қожалық жетекшісінің айтуынша, жуырда екі бағыттағы жұмыс бойынша патент қолға тиген. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ғалымдарымен бірлесіп жылдар бойы жүргізген селекциялық жұмыс нәтижесін берді.

 патент (1)

– Шығыс Қазақстан облысындағы «Шалабай» және Батыс Қазақстан облысындағы «Айсұлу», «Әлем» шаруа қожалықтары «Подарок», «Летчик», «Қыран», «Самұрық» атты төрт бұқаның аталық ізін шығарды. Елімізде бұл бағыттағы сұрыптау жұмыстары 15 жылдан кейін «жеміс бергенін» атап өткен орынды. Біздің қожалық «Самұрық» желісі бойынша ірі қара баптап отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті ережесіне сай жаңа зауыттық желілер сынақтан қыркүйек айында сәтті өтті. Мемлекеттік комиссия бір-ауыздан мақұлдады. БҚАТУ ғалымдарының ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуіне қолдау білдірдім. 1994 жылы Алматы қаласынан келген ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Валерий Степачевпен Көшім жылқысының жаңа типін шығару үшін бірлесіп жұмыстана бастадық. Бірақ ол кісі, өкінішке орай, қан қысымы салдарынан қайтыс болды. Одан кейін Алматы қаласында тұрса да, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ғылыми жобаларына атсалысып жүрген ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Амангелді Туралиевпен бірге жылқының Көшім тұқымын жетілдіру жұмысын сәтімен жалғастырдық. Көшім айғырларын жергілікті биелермен қосып, жаңа типті сұрыптап шығардық, – деді Ескендір Кафарұлы (суретте).

патент (5)

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Рухан Құлбаевтың айтуынша, Самұрық ақбас тұқымының жаңа аталық ізін шығару мақсатында 2016 жылдан бері белсенді жұмыс жүргізілген. Қазіргі таңда «Әлем» шаруа қожалығында Самұрық 100195791 зауыттық желісіне жататын ақбас тұқымды 150 бас сиыр бар. Тірілей есептегенде, олардың табындағы орташа салмағы – 500 келі. Сүттілігі мен қоңдылығы тұрғысынан сарапшылар жоғары баға  беріп отыр. Табынның 78%-ы тұқым сапасы бойынша жоғары сыныптарға жатқызылады. Жаңа желідегі селекция жұмысы ет сапасын жақсартуға, сиырлардың сүттілігін және бұқалардың өсу қарқынын арттыруға бағытталған. Қазақтың ақбас тұқымының аталық ізіне тән қасиеттер ұрпақтарына тұрақты түрде беріледі. Самұрық 100195791 зауыттық желісі бойынша өсірілген бұқалардың салмағы 5 жыл ішінде 870 келіге дейін жетеді. БҚАТУ-дың ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Амангелді Туралиев – жылқы шаруашылығын жіті зерттеп жүрген ғалымдардың бірі. Ол жоба аясында асыл тұқымды Көшім жылқысының генотипін кеңейту, тектік қорын сақтау мақсатында жүргізілген селекциялық жұмыс сәт-ті жүргізіліп келе жатқанын былайша әңгімеледі.

патент (6)

– Көшім тұқымының Жәнібек типі – Заманторы және Доскүрең деген екі зауыттық желіден шыққан айғырлардың ұрпағы. Керемет генотип. Жаңа тип саналатын айғырдың алдыңғысының салмағы 630 келіге дейін тартады. 1994 жылы зерттеу жұмысын бастаған ғалым марқұм Степачевтың идеясын сәтімен жалғастырдық. Сұрыптау жұмысының жемісіне мемлекеттік комиссия мүшелері риза болып, оң баға берді. «Әлем» шаруа қожалығының басшысы Ескендір Елемесов – жылқы селекциясының қыр-сыры мен бағып-күту технологиясын терең меңгерген кісі. Шар-уашылықта зоотехникалық есеп толық деңгейде жүргізіледі. Асыл тұқымды Көшім тұқымының генотиптері де жақсы қалыптасқан. Тұқым өнімділігі де көңілден шығады. Жәнібек типіне жататын үйірдегі биелердің 90 пайызы құлын тапты. Жылқылардың көпшілігі күрең және торы түсті. Айғырлардың мойыны және сауыры жуан, жоны жалпақ, еті тығыз, ірі болып келеді, – дейді Амангелді Туралиев.

 патент (4)

Қазіргі уақытта «Әлем» шаруа қожалығында ақбас тұқымды 500 сиыр бар. Барлығы да қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасында тіркелген. Қожалық жетекшісі бірінші және екінші класс болып есептелінетін бұқалардың барлығын түгелдей сатқанын айтты. Біздің өңірдегі шаруашылықтардан бөлек көрші облыстардан, оның ішінде Ақтөбе облысынан сатып алушылар көп. Одан бөлек шаруашылықта Көшім тұқымды 700 жылқы бағылады. Ескендір Елемесов болса, мал шаруашылығы бойынша тұқым сапасын арттыру үшін селекциялық жұмыстарды одан әрі жалғастыратынын  мәлімдеді.

патент (3)

Нұртай Алтайұлы,

«Орал өңірі»

патент (2)

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале