13.12.2019, 9:29
Оқылды: 279

Желтоқсан ызғары

Jeltoqsan-720x430

Уақыт сырғып өткенімен, 1986 жылдың желтоқсан ызғары әлі де санаңды сарсытады. Бүгіндері ол туралы жазылып та жатыр, жазыла­ да жатар. Сол алмағайып тұста, жаппай бас көтерген қаншама жастың тағдырына балта­ шабылды. Әділетсіздіктің салдарынан бірінің өмірі қиылды, қайсыбірі сотталды, тағы бірі оқудан шығарылды, жұмыстан қуылды, т.т. Толғауы тоқсан толайым тағдыр ­талай жастың обалына қалды. Қазіргі кезде солардың көпшілігі елеусіз ғана өмір кешуде.­ Олар айғайламайды, «біз желтоқсан батырымыз» деп те айтпайды. Шын мәнінде, желтоқсан жүгін солар көтерді, біз олар жөнінде не білеміз, әлде не білмейміз…
Желтоқсан көтерілісі менің де өмірімде үлкен із қалдырды.

Желтоқсанның сол бір ызғарлы он ­алтыншы жұлдызы ­сұрланып-ақ­ тұрды. Біз де сол күні әдеттегідей жұмысқа шықтық. Бірге істейтін өзге ұлттың өкілдері бізге қарағыштап, өзара күңкілдесіп жүрді. Түскі үзіліс кезінде Орталықтың респуб­лика басшысы Д.А.Қонаевты қызметінен босатып, орнына Мәскеуден жіберілген Колбин деген беймәлім адамның тағайындалғанын естідік.
Санада қаумалаған сұрақ. Ол кім? Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, өмір салтынан хабары бар ма? Одан басқа, мейлі өзге ұлттың өкілі болсын, бір азамат табылмай қалды ма? Орталықтың бұл не басынғаны? Осындай сан қилы сұрақ, әрбір көкірегі ояу, көзі ашық қазақ азаматтарының көкейінде тулап жатты.
Әрбір халықтың өз көсемі болуы тиіс. «Кеңес өкіметі тағы да қитұрқылыққа са­лып, өздері көксеген әлдебір саясатын алға тартты ма? Біз кімбіз сонда?» деген сұ­рақ мазалап, ішкі ашу-ызаға ұласып жатты.
Жұмысқа да ынта болмады, сағат үш-төрттің шамасында, құрылыс бригадирі Маиданкин, неге екені белгісіз, аяқ астынан жұмыстан ерте босатты. Жұмыстан босай сала Ж.Саин мен Төле би (ол кезде Комсомольский) көшесінің қиылысында орналасқан «Арман» деп аталатын жатақханамызға келіп, ­жуынып-шайынып болған кезде, «Орталық алаңға қазақ жастары жиналып жатыр, олардың өткізіп жатқан бейбіт шеруіне, тәртіп сақтау қызметкерлері, солдаттар және ­арнайы жасақ қызметкерлері күш көрсетіп, ұрып-соғып қамап жатыр» деген хабарды естідік.
Төртінші қабаттағы, төрт жүз он үшінші бөлмеден бірге тұратын Ержан екеуміз жүгіріп төмен түсіп едік, бірінші қабаттағы кіреберісте «Алматы промстрой» басшылары мен белсенділері толып жүр екен. Білектеріне қызыл шүберек байлап алған. Олардың «далаға шығуға болмайды, қайда барасыңдар, қайтыңдар» дегеніне қарамастан, итермелеп далаға шығып, орталық алаңды бетке алдық.
Абай көшесі мен Абылай хан (бұрынғы Коммунистический) көшесінің қиылы­сынан көліктен түсіп, жоғары көтерілдік. Пушкин атындағы кітапхананың шығыс жағынан Ішкі істер қызметкерлері жолы­мызды кес-кестеп, жібермеуге тырысты.
– Біз қазақпыз, ел мүддесі үшін орталық алаңға қалайда барамыз, – деп, олармен қақтығыса жүріп, алаңға қарай өтіп кеттік. Алаң маңында тек қана қаракөз бауырларымыз. Бәрі де неге болса­ да шы­даймыз дегендей, тастай түйініп алған. Қабақтары қатыңқы, жанарларынан қайсарлықтың ізі байқалады. Барлық­тарының талап ететіні – «Қазақты қазақ, болмаған күнде, осы елде туып-өскен ­азамат басқару керек, қазақ халқымен санасу керек, Д.А.Қонаев орнына келсін» деген әртүрлі үндеулер таратып жатты.
Мен қазақ ұл-қыздарының қайсарлы­ғына бірінші рет сол жерде куә болдым. Жастардың осыншама ұйымшылдығына іштей көңілім марқайып, бойыма күш-қуат құйылғандай. Біз де жиналған жұртқа қосылып орталық алаңды бетке алып қозғалғанымыз сол еді, сол жақ беткейден қолдарына шошаңдатып резіңке таяғын ұстаған солдаттар лап қойды. Қарапайым халықты ысырып, жаншып-таптап ­барады. Жанымдағы Ержан түсінбей: «Бұл қалай, не болып барады?» деген сұраулы көзбен маған жалтақ-жалтақ қарайды. Мен оған: «Тапжылма, олар бізге не істейді? Біз заңға қарсы ештеңе де істеген жоқпыз» дедім. Бұл менің үлкен қателігім еді. Әп-сәтте әлгі содырлар қолымызды артқа қайырып, басымыздан соққылап ала жөнелді. «Жіберіңдер, мен не істедім?» дегеніме құлақ асар адамды көрмедім. Қарама-қарсы келіп қалған әскери полковник шеніндегі славян тектестен: «Жолдас полковник, не үшін?» деп айғайлап сұрап үлгердім. Ол осыны күткендей, жүрісін тоқтатпастан келген бетінде, бар пәрменімен соқты. Көзім қарауытып, тістерім сынып, басым айналып құлап түстім. Есімді жинағанда екі солдат қолдарымды қайырып, жерден көтеріп жатыр екен. Сол кезде ашу-ыза, кек қосылып, бір дүлей күш мені тік тұрғызғандай сезіндім. Бар пәрменіммен босана беріп, әлгіні мен де тептім. Менің тепкім, әлде артқа шегінгенде ­шалыныс­ты­ ма, шалқасынан түсті. Осы кезде, қайта қаумалаған солдаттар желкелеп, жоғарыға қарай баспалдақтан сүйреп ала жөнелді де, дубинкамен қаруланған ­арнайы жасақ қызметкерлерінің ортасына­ қарай итеріп жіберді. Олар мені күтіп тұрғандай, шеңбер жасап тұра қалып, допша тепкілеп, соққының астына­ ала жөнелді. Көзім қарауытып, дүние төңкеріліп кетті. Кіресілі-шығасылы есімді бір жинағанымда, ақ халатты қыз­дың жан ұшыра «убьете, убьете» деп шың­ғырып, менің үстімде екі қолын жайып­ шырылдап тұрғанын байқадым. Далбасалап бас киімімді іздеп, жер сипалап жатқанымды білемін. Солдаттардың әрі-бері сүйреп жүрген кезі еміс-еміс есімде.
Есімді машинаның ішінде жатқа­нымда жинадым. Көзімді ашсам, өңкей жастарды көлік ішіне толтырып алған. Соққы жемеген жан жоқ. Арнайы көліктің артқы жағындағы будканы лықа толтырып алған. Іште еш ауа жетпейді, кейбіреулері талықсып жатты. Көлік бағыт алып келген жеріне жетіп, есікті ашып жібергенде ауызға тақау тұрған бес-алты азамат далаға құлап түсті. Есікті қайта жауып, құлағандардың қолдарын қайырып алып кетті. Осылайша, үш-төрт рет қайталағаннан кейін, бізге де кезек келді. Арамыздан бір жігіт: «Жігіттер, есік ашылысымен сыртқа қарай жүгірейік» деді де, бастап кетті. Есіктің алдында тұрғандарды иықпен қаға-маға сыртқа жүгіріп шықсақ, машинадан кеңсенің алдына дейін иықтасқан, қолдарына резіңке таяқ ұстаған солдаттар толып тұр. Солдаттардың арасымен жүгірген күйде, денеге тиіп жатқан соққыларды елемес­тен, кеңсе ішіне жүгіріп кірдік. Бұл жерде бізді күтіп тұрғандар, жалма-жан бетімізді дуалға қаратып, қолымызды басымызға көтеріп қойып, тінтуді ­бастады. Аяқ киімнен бастап, бас киімнің бауына дейін бәрін үзіп-жұлып алып тастады. Кіреберістен,төрге дейін қаз-қатар тізілген жігіттерді соққының астына алып, шетінен әкетіп жатты. Кезек маған да жетті, желкелей дүрелеп ортада тұрған орындықтың қасына алып келді.
Аядай камера – қапырық, қолқаны алатын сасық иіс. Тұсымнан ыңырсыған таныс дауыс естіліп, жер бауырлап жақындап қарасам, менімен ілесе шыққан Ержан. Соққыдан сау тамтығын қалдыр­мапты. Түннің бір уағында өз-өзіне келіп, ес жиған жігіттер, жөн сұрасып, қозғала бастады. Бірімізді-біріміз демеп, иықтасып отырып, танысып жаттық.
Таң ата тағы да сұрақ-жауап алуға екі қолымызды қайырып, біртіндеп шығара бастады. Кезегімде дырылдатып капитан шеніндегі қазақтың алдына алып кірді.
Үстел басында отырған әлгі, бірден: «Біз бәрін де білеміз, қанша адамды пышақтағаныңды, қанша адамды ­таспен ұрып жыққаныңды өз еркіңмен бірден жаза бер. Болмаса қиын болады. Мойныңа бірнеше адам өлімін іліп жіберемін» деп қорқытып, қолыма қалам-қағаз беріп үстелге отырғызды. Мен қағазға аты-жөнімді және «қоғамдық көлік ішінен ұстап алып кетті» деп жазып бердім. Камерада тек осылай жазамыз деп ақылдасқан едік. Алаңда ұсталдым десем, басым бәлеге қала ма деп қорықтым.
Сәлден кейін әлгі капитан менің жазғанымды оқып шығып, ашуға мінді. «Сен не, мені мазақ қылып тұрсың, мен нені айтамын соны жазасың, болмаса осы жерден сенің өлі денең шығады. Сенің денеңді алаңнан тауып алдық деп акт жазып, моргқа жіберемін» деді зілденіп. Мені қайта үстелге отырғызып, алдыма қағазын қойды, бірақ ештеңе шығара алмады. Мұрнымнан сорғалап аққан қанды сүртумен әбден әбігерленді. Ақырында қайтадан камераға қайтарды.
Сағыздай созылған азапты күн сұрақ-жауап алумен өтті. Шөл қысып әкетіп барады. Түнге қарай бізді күзетіп жүрген­дерге қанша жалынсақ та су алдыра алмай қиналдық. Бізге жақындаса бастары бәлеге қалардай, алыстан қашқақтап жүрді. Әйтеуір, бір орыстың жігіті бір шелек сумен, екі бөлке нан әкеліп ортамызға қойды. Нанды бәрімізге тең бөліп талғажау еткен болдық.
Ертесіне, он тоғызыншы желтоқсан күні бір майор келіп: «Әй, оңбағандар, наркоман, алқаштар, бәрінің көздерін жойып, неге қаланың сыртына шығарып тастамаған мыналардың» деп кіжінді. Түске таман бәрімізді бір-бірлеп, қолы­мыз­­ды артқа қайырып, сыртқа алып шықты. Есік алдында автобус тұр екен. Бізді соған мінгізді. Сөйтіп, Мате Залка кө­ше­сімен Төле би (сол кездегі «Комсо­мольский») көшесінің бойындағы, ­Алмалы ми­лиция бөлімшесіне алып келіп түсіріп, қайтадан камераларға бөліп қамады.
Бұл жолы подполковник шеніндегі қазақ азаматы, камерадан тергеуге өзінің бөлмесіне алып шықты. Реңі қарайып, түтігіп кеткен. Артқа қайырылған ­қолым­ды,­ күшпен көтерген сайын ­жаным көзіме көрінді. Сол кезде байқадым, қолымның буындарының бәрі де булығып ісініп кеткен екен.
Мен оған «қорықпаңыз, мен өз аяғыммен жүріп барамын, қашпаймын, қолымды жіберіңіз» дедім. Ол маған сенді ме, жоқ әлде аяушылық жасады ма, артымнан жүріп отырып, мекеменің үшінші қабатында орналасқан бөлмеге алып келді. Орындыққа жайғасқан соң, алдыма ақ қағаз қойды да: «Қалай болды, қай жерде ұсталдың, қандай бұзақылық жасағаныңды түгел жазып шық, өтірік жазғаннан пайда жоқ» деп, біздің ісіміздің шешіліп қойғанын түсіндірді. Өзі терезе алдына барып ұзақ уақыт темекі тартып, қалың ойдың құшағында тұрды. Ол от пен оқтың арасында не істерін білмей жүрген бейшара адамға ұқсап кетті. Менде оған деген аяушылық пайда болды. Біраз уақыттан кейін менің жазған түсініктемемді оқымастан, бір қағаздардың арасына сала салды да: «Не болып жатыр өзі, сендерді қатты ұрып-соқты ма?» деп сұрады. Бұл сұрақ менің қатты ашу-ызамды туғызып: «Жоқ, ­басымыздан сипап жатыр» дедім тістеніп, қызбаланып орнымнан тұрып кеткенімді де байқамай қалдым. Сол кезде майор шеніндегі орыс азаматы бөлмеге кіріп келді де, әй-шайға қарамастан, тепкінің астына алды. Көк-ала қойдай қылып шаршағанынша сабады, бет-аузымды қан жауып кетті. Подполковник майорға тіл қатпастан қарап тұрды. Ажыратуға немесе қой деп айтуға ­жарамады. Әлгі майор сабап болған соң, «бұлар адам емес, бұлар осылай жерде жатуы ­керек» деп қайтадан сыртқа шығып кетті. Иленген қамырдай жерде жатқанымда, тергеуші қолтығымнан ­демеп тұрғызып, коридордың шет жағында орналасқан краннан жуынып алуға алып келді. Қолым көтерілер емес, буындарым ісініп кеткен, икемге келмеді. Бұны көрген тергеуші бет-аузымды алақанымен өзі ­жуысып, қайтадан камераға әкеліп ­тастады. Сағат бес-алты уақыт шамасында бізді біртіндеп мекеменің жоғарғы қабатында орналасқан үлкен бөлмеге кіргізді. Іші толған солдаттар, төр жағында сот мүшелері отыр. Аты-жөнімді сұрап болған соң, сол күнгі оқиғаны сұрады. Айтып болғанымша залдағы солдаттар шулап кетті. Бәрі де куәгерлер екен. «Ол маған тас лақтырды, пышақпен қорқытты, балағаттап, боқтап бағынбай күш көрсетті».
Сот алқасында сот басшысы: «Ерніңізге не болған, сізді біреулер ұрып- соқты ма?» деп, күтпеген жерден сұрақ қойды. Не айтарымды білмей, абдырап тұрып қалдым. Астыңғы ернім тісіме жаншылып, екіге бөлініп, ісініп кеткен, бет-аузым көнектей. «Шынымды айтсам, шағымданғандай болармын, шындық кімге керек, осылар білмей отыр дейсің бе» деген ой санамнан жүгіріп өтті. Денемді тіктеп, сұқ саусағымның ұшымен жоғарғы жақты меңзеп: «Басыммен жоғары көтеріліп, ерніммен жерге шаншылып құладым» дедім зілденіп. Бөлме ішінде бір сәтке тыныштық орнап қалды. Тыныштықты залда отырған куәгерлер бұзып, жиынды жалғастырып кетті. Әлгі өтірік куәгерлерді тыңдап болған соң, сот алқасы үш жылға бас бостандығымнан айыруға, Алматыда құрылыста істеуіме байланысты және бұрын істі болмағаныма сәйкес «екі жылға шартты жаза қолданылсын» деп, лезде үкім шығарып залдан шығарып жіберді.
Мең-зең болып түс көргендей, Ішкі істер бөлімшесінің алдында не істерімді білмей абдырап, біраз уақыт тұрдым. Ауа райы суық екен, аяздың ызғарынан ес жинағандай болдым. Қайда тұрмын, неғып тұрмын, енді не болады, қазір көшеден тағы да ұстап алса, осыншама жағдай қайтадан қайталана ма деген үрей мен қорқыныш пайда болды. Қайтадан кері бұрылып бөлімшеге кірдім. Кезекшіден ең болмаса бір парақ анықтама қағаз берсейші деп сұрап едім, «тірі шыққаныңа қуан, енді тез жоғал бұл жерден» деп, итермелеп далаға қайтадан шығарып жіберді.
Желтоқсанның ызғарлы аязы «алдыңда әлі ауыр сынақ бар, абай бол» дегендей, жылы қабақ таныта қоймады. Төле би көшесі мен Өтеген батыр (бұрынғы ­Мате Залка) көшесінің қиылысына барып трамвайға отырған кезімде көлік ішіндегі жолаушылар қайта-қайта жалтақтап карай берді. Оларға назар аудармаған күйімде, өз аялдамамнан түсіп, бөлмеме көтерілдім. Бөлмедегі жігіттер мені көріп, аруақты көргендей үрейленіп, состиып тұрып қалды. Мән-жайды түсіндіріп болған соң, айнаға барып қарап өзімді-өзім ­танымай қалдым. Самайымды айналдыра, құлақтың жан-жағы, мойнымды айналдыра қып-қызыл болып қатып қалған қан дақтарын көріп шошып кеттім. Трамвай ішіндегі жолаушылардың жалтақтап маған неге қарағанын сонда ұққандай болдым. Жуынып-шайынып болған соң, төсегіме құладым.
Жиырма екінші желтоқсан күні денемді көтере алмай біраз әуреге түсіп, сүйретіліп зорға дегенде жұмысқа бардым. Мазам болмаған соң, бригадирге барып сұранып кеттім.
Ертесіне, яғни жиырма үшінші желтоқ­­сан күні жігіттер: «Промстрой» басшы­лығында «жолдастық сот» болады, соған шақырып жатыр, үстіңнен бригадир арыз жазыпты» десті. Сөйтсем, мен елді «ұлтқа бөліп», ұлт араздығын тудыр­ған екенмін. Онымен қоса жұмысты да өз ер­кіммен сұранбай тастап кеткен көрінемін.
Жалақор бригадирден не үшін арыз жазғанын білу мүмкін болмады. Жұмыс басында жиналыс басталды. Жиынға он бір адам қатысты. Күн тәртібінде менің мәселем. Ісімді қарап «жолдастық сотқа» жіберу, болмаса тоқтату туралы шешім қабылдау. Алты адамның бір ауыздан қабылдаған шешіміне сәйкес, іс мекемеге жіберілді. Ертесіне тағы да құр сүлдемді сүйретіп, «Алматы Промстрой» мекемесіне келдім. Мекеме іші ығы-жығы. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан адамдар. Ешкімде көңіл күй жоқ. Теңселіп жүргендердің барлығы өзіміздің қаракөздер. Қасыма бұрын көрмеген, бейтаныс бір кісі келіп «далаға шығып кетші» деп ымдады. Әлгі кісінің соңынан еріп, мекеменің оңтүстік жағынан екінші қабатқа көтеріліп, бір бөлмеге кірдік. Бөлме ішінде мен танымайтын үш адам болды. Есік-терезені ішінен бекіткеннен соң, бөлме ішіндегілер өздерін «осы мекеменің партия ұйымының басшыларымыз» деп таныстырды. Бөлме ішінде тығылып, сыбырлап қана сөйлесіп, бүкіл жағдайдың жай-жапсарын тәптіштеп сұрап алғаннан кейін: ­«Сенен кім сұраса да, мен партияға кандидат едім, кеңестік армия қатарында жүргенде өткенмін, менің ісімді партия ұйымының басшылары қарап, қатаң шара қолданып, кандидаттықтан шығарды дегейсің. Болмаса ісің насырға шауып тұр. Қайтадан Ішкі істер бөлімшесіне жібермекші. Біз қазір саған керекті қағаз­дардың барлығын реттеп қоямыз. Сен енді тікелей жатақханаңа бар да, ертең жұмысыңа шық» деп, келген жолыммен кейін қайтарып жіберді.
Желтоқсан көтерілісінде алаңға шығамыз деп, соттала жаздағанбыз. Бұл менің ғана емес, көтеріліске қатысқан мыңдаған адамдардың тағдыры еді. Желтоқсанның ызғарлы күнінде Үкімет үйінің алдына жиналған он мыңдаған адамның бірі болып біз де жүрдік. Сол күндері алаңдағы аппақ қардың үстінде жастардың қанының дағы қалды. Ол аяққа тапталғанымен, қазақтың рухы тапталмады. Сол рух тәуелсіздікке қарай ұмтылып келе жатты.

Есенғали ҚАЛШАЕВ,
желтоқсаншы

Ana tili

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале