14.11.2026, 9:30
Оқылды: 6

Жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіруші қазақстандық кәсіпорындар таңбалау жүйесіне тіркеле бастады

2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

IMG-20261114-WA0754

Фото: minpromstroykz

Нарыққа қатысушылар жаңа талаптарға қазірден дайындалуда: тауарларды таңбалау жүйесіне айналымға қатысушылардың 55-і тіркелді.

Жеңіл өнеркәсіпке үш негізгі топқа біріктірілген 20-дан астам қосалқы сала кіреді: тоқыма өнеркәсібі – 61,3%, киім өндірісі – 32,2%, былғары және одан жасалатын бұйымдар өндірісі – 6,5%. 2025 жылы Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп нарығының көлемі $3,6 млрд-ты құрады. Салада 18,3 мың адам еңбек ететін 1 419 кәсіпорын жұмыс істейді.

Цифрлық таңбалауды енгізу өнімнің заңсыз айналымын қысқартуға, тауар нарығының ашықтығын арттыруға, сондай-ақ отандық адал өндірушілер мен импорттаушылар үшін тең мүмкіндік пен бәсекелестік жағдай қалыптастыруға бағытталған. Жаңа жүйе тауарлардың айналымның барлық кезеңіндегі қозғалысын қадағалауға және бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, көлеңкелі айналымның азаюы отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын барынша пайдалануға, шығарылатын өнім түрлерін көбейтуге және қазақстандық тауарлардың ішкі нарықтағы үлесін ұлғайтуға ықпал етеді.

Таңбалау қалай енгізіледі

2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап былғарыдан және жасанды үлбірден жасалған жекелеген бұйымдар, киімнің кейбір түрлері, шаңғы костюмдері, төсек-орын, асхана және асүй бұйымдары (дастарқандар, майлықтар, асүй сүлгілері, орамалдар мен алжапқыштар т.б.) міндетті таңбалауға жатады.

2027 жылғы 1 наурыздан бастап бұл талап сырт киімнің жекелеген түрлеріне, жемпірлерге, кардигандарға, жейделерге, блузкаларға, шарфтарға және тауарлардың басқа да санаттарына қолданылады.

2027 жылғы 1 қазаннан бастап тауарлардың қосымша санаттарына, оның ішінде костюмдерге, көйлектерге, белдемшелерге, шалбарларға, комбинезондар мен спорттық костюмдерге таңбалау енгізіледі.

Тауарлардың әрбір данасына бірегей Data Matrix коды салынады. Таңбалануға жататын өнім туралы мәліметтер Tanba ақпараттық жүйесінде тіркелуге тиіс. Бұл тауарларды сәйкестендіруге және олардың айналымның барлық кезеңіндегі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді.

Тұтынушыларға таңбаланған өнімнің түпнұсқа екенін тексеру және ол туралы ақпарат алу үшін Naqty Ónim тегін мобильді сервисі қолжетімді болады. Тексеру функциясы Forte, eGov Mobile және Aitu мобильді қосымшаларында да қарастырылған

Бизнес жаңа талаптарға дайындалуда

Осы жылдың қыркүйек айынан бастап кәсіпкерлер үшін тауарларды тіркеуге, жүйенің қызметімен танысуға және цифрлық таңбалау үдерістерін сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін тестілік орта жұмыс істеп келеді.

Биылғы 2 қарашадан бері нарыққа қатысушыларға негізгі ақпараттық жүйе қолжетімді болды. Мұнда олар қазірдің өзінде өз өнімдеріне арналған таңбалау кодтарына алдын ала тапсырыс бере алады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале