4.09.2026, 15:30
Оқылды: 9

Жер қойнауының «тамыршысы»

 6 қыркүйекМұнай және газ саласы қызметкерлерінің күні

 

Мұнайшылар күні қарсаңында елдегі кен өндірісінің  дамуына  елеулі  үлес  қосқан  азаматтың бірі тау-кен инженері-геофизик Сұлтангерей Тоқтарғұловпен жолықтық. Зейнеткер жер  қойнауын  зерттеудің  жұмбағын  жан-жақты баяндап  берді. 

геолог1

Мұнай-газ кешені саласының ардагері Сұлтангерей Тоқтарғұлов бұрынғы Тайпақ ауданының «Орал қаракөл» қой совхозында туып-өскен. Мектеп бітірген соң, Чапаев ауылындағы аутокөлік базасының аутомектебінде төрт айдай оқиды. Кейін екі жыл әскер қатарында борышын өтеп келеді. Ауылда біразырақ жұмыс істеген жас жігіт арман қуып, Алматыға аттанады. Қазақ политехникалық институтының геофизика факультетіне оқуға түсіп, тау-кен инженері-геофизик мамандығын алып шығады.

– Кеңес өкіметі кезінде оқу бітірген жастарға алған білімін шыңдау үшін жұмыс орнына жолдама беретін жақсы үрдіс болды. Мені 1978 жылы Атыраудағы Қазақ мұнай-газ басқармасына жіберіп, кейін Маңғыстаудағы филиалға жолдады. Алайда мен студент кезде тәжірибеден өткен Орал геофизикалық экспедициясына жұмысқа орналасқым келді. Менің бұл шешімімді бас инженерлер құптамағанымен, басшы рұқсатын берді. Осылайша туған жерге оралдым. Мәскеуде біліктілік арттыру курсында оқып келген соң, жұмысты Орал геофизикалық экспедициясында операторлықтан бастадым. Кейін дала геофизикалық партиясының бас инженері, сосын басшысы болдым. Біздің буынға Қазақстанның әр түрлі даму кезеңдерінде еңбек ету бұйырды. Социалистік қоғамнан тәуелсіз Қазақстанның жаңа даму кезеңіне өту дәуірінде жұмыс істедік. Заман құбылса да, біз өз мамандығымызға адал болып қалдық.

Орал геофизикалық экспедициясы 1960 жылы Батыс Қазақстан аймағында мұнай мен газ кен орындарын іздеу және барлау мақсатында құрылды. Құрылғаннан кейін әр жылдары экспедицияны бірнеше басшы, яғни  В. Белов, С. Клющин, С. Тоқтарғұловтар басқарды.  Талапшыл, жан-жақты білімді маман В. Кулик техникалық жұмысқа жетекшілік етіп, тұрақты түрде бас инженер болды. Экспедицияның бас мамандарын – бас геофизик  В. Скакунов, бас геолог С. Синилькин, тематиика партиясының бастығы Г. Алексеевті атап өткім келеді. Далалық сейсмикалық партияны В. Тищенко, Ю. Писаревский, А. Самойленко, В. Стеценко, С. Тоқтарғұлов, А. Араловтар басқарды. Далалық материалдарды өңдеумен ең басынан бастап жетекші геофизик мамандар айналысты.  Олардың арасында Л. Аванесова, Д. Голь, Д. Далаков, Ю. Денисов, А. Сәрсенбаевалар көп еңбек сіңірді.

Орал геофизикалық экспедициясы мамандарының арқасында біздің облыста ондаған мұнай-газ кен орны ашылды. Олардың қатарында Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны (1979 жыл), Чинарев (1991 жыл), Оңтүстік-Гремячий (1994 жыл) және басқалары бар.  Кеңес өкіметі тараған соң, қаржы тапшылығына байланысты геология-геофизика ұйымдары құлдырай бастады. Соның салдарынан экспедицияның дала жұмыстары, камералық бөлімдері мен есептеу орталығының мамандары қысқартылып, үш-төрт есе азайды.

Біз негізінен далалық жұмыста жүрдік, сейсмикалық барлау жұмысын жасадық. Яғни бұл – жер қыртысының құрылысын зерттеу және пайдалы қазбалардың кен орындарын іздеу үшін қолданылатын геофизикалық әдіс. Бұл әдіс емханалардағы УЗИ, яғни ультрадыбыстық зерттеу аппаратына ұқсайды. Мәселен, дәрігер адам денесінің ішкі құрылысын дыбыс толқындары арқылы көрсе, геофизиктер жердің физикалық өрісін зерттейді. Геофизиктер кен орындарын іздегенде жасанды сейсмикалық толқындарды пайдаланады. Бұл әдіс әсіресе мұнай мен газ кен орындарын барлауда кең қолданылады. Ол үшін далада сейсмикалық кабельдерді тартып, жер астына дыбыс толқындарын жіберетін датчиктерді (сейсмоқабылдағыштарды) қолданады. Жарылыс немесе арнайы дірілдеткіш (вибратор) машиналарының көмегімен жер қыртысына жіберілген толқындардың қайта шағылысуын арнайы сейсмикалық стансалар қабылдайды.  Яғни толқындар әртүрлі тау жыныстарының шекараларына жеткенде бір бөлігі шағылып, қайта жоғары көтеріледі. Жер бетіне орналастырылған сейсмикалық қабылдағыштар шағылған толқындарды қабылдап, олардың келу уақытын өлшейді. Содан кейін мамандар берілген сигналдар бойынша жыныс қабаттарының тереңдігі мен құрылымын, серпімділігі мен өткізгіштік қасиетін есептейді. Осы деректер бойынша жер қойнауының құрылымдық және тереңдік қимасының картасы жасалады. Соған сәйкес кен орнына тән құрылымдарды іздейді. Алайда сейсмикалық зерттеу кеннің бар екенін нақты дәлелдемейді. Кеніштің бар-жоғы бұрғылау арқылы тексеріледі.  Егер жер қойнауында пайдалы қазбалардың шоғыры бар екені болжанса, сол жердің тереңдігіне қарай ұңғыма орнатылады. Сейсмикалық толқын бір қабаттан екіншісіне өткенде айқын шағылса, кен орны қай тереңдікте орналасқанын есептеуге болады, – деген зейнеткер өткен күннің бәрі кеше ғана болғандай әңгімелеп берді.

Сұлтангерей Тоқтарғұловтың айтуынша, Қарашығанақ кен орны алғаш табылғанда ол жерде 1,35 триллион текше метр газ, 1,2 млрд тонна мұнай мен конденсат бар деп болжанған. Бұл дерек кейін қайта-қайта тексеріліп, зерттеліп, газ мөлшері 900 млрд текше метрге, мұнай 800 млрд тоннаға азайтылыпты.

Соңғы деректерге сүйенсек, кеніште 250 млн тонна мұнай және 800 млрд текше метр газ қалды. Қарашығанақта қырық бес жылдан бері кен өндіріліп келеді. Жалпы жер астынан өндірілген кен орындарын бос қалдыруға болмайды. Өйткені бұл тау-кен жұмысындағы қауіпсіздік пен тиімділікке тікелей әсер етеді, – деген зейнеткер жер астындағы бос кеңістікті толтырудың маңызы мен салдарына тоқталды. Біріншіден, кен алынғаннан кейін пайда болған бос кеңістік немесе қуыс жоғарыдағы тау жыныстарының қысымына шыдамай, шөгуі мүмкін. Сәйкесінше жер  үстіндегі ғимараттар мен инфрақұрылымға қауіп төндіреді. Екіншіден, бұл жағдай дебиттің  азаюына соқтырады. Дебит дегеніміз – ұңғымадан немесе кен орнынан белгілі бір уақытта алынатын өнім көлемі. Яғни жыныстар қозғалып, тығыздалған кезде пайдалы қазбалар ағатын табиғи арналар мен жарықшақтар бітеліп қалады. Қатты қысым салдарынан кен өндіру технологиясы бұзылып, өнімділік күрт төмендейді. Тау-кен өндірісінде бұл қауіптің алдын алу үшін бос кеңістікті толтыру әдісі қолданылады. Кен алынған қуыстарға су, құм, тау жыныстарының қоспасы немесе өндіріс қалдықтары айдалады. Бұл жыныстардың жылжуын тоқтатып, кен орнының дебитін тұрақты ұстауға мүмкіндік береді.

Жер қойнауының «тамырын басып», байлығын зерттеген зейнеткер маман даярлау ісіне де тоқталды. 2004 жылы Орал геофизикалық экспедициясы жұмысын тоқтатып, Алматыда ғана филиалы қалған. Себебі геофизиктердің жұмыс көлемі азайған.

– Қазір елдегі кен орындары жеке компаниялардың қолында. Олар кеніштің қойнауын зерттейтін мамандарды шетелден шақырады. Жұмыс істеп жүрген білікті бір геофизикті әзірлеу үшін кем дегенде 5-10 жыл керек. Себебі диплом алып шығу бір бөлек, тәжірибеден өту мүлде басқа. Кеңес өкіметі кезінде геофизиктерді Алматы мен Қарағандыда, көбінесе Украина мен Ресейде даярлады. Қазір мамандар болса да, олар жұмыс істейтін жер тапшы. Менің ойымша, елде геофизиктерді даярлау барысында 15-20 жылдай алшақтық бар. Қарашығанақ кен орны алғаш іске қосылған жылдары мамандар шетелден шақырылды. Себебі басшылар жергілікті мамандарды мойындамады. Алайда уақыт өте келе қазақстандық мамандардың анағұрлым ақылды, ой-өрісі әлдеқайда жоғары екенін білді. Сонымен қатар қазақстандықтардың тек оқыған мамандықтарын емес, басқа да мамандардың кәсібін істей алатындарына көздері жетті. Мысалы, геофизик геолог бола алатын еді. Ал шетелдік мамандар тек өздерінің жұмысын ғана білді. Осындай айырмашылықты байқаған басшылар шетелдік мамандарды әкелуді шектеді, – деп есіне алды зейнеткер.

Сұлтангерей Тоқтарғұлов жиырма жыл табан аудармастан далалық жұмыста, яғни Жердің қойнауын «рентгенге» түсірумен айналысқан. Кейін он бес жылдай түрлі басшылық қызметтер атқарды. Бүгіндері перзенттерінің ортасында асқар тау әке, немере-шөберенің сүйікті атасы. «Қазақстанның мұнайына – 100 жыл», «Қазақстанның энергетикасына – 125 жыл» және басқа да медальдар мен марапаттарға ие болған. Мұнай-газ саласы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелерінің бірі. «Елде жаңа кен орындарын ашу үшін мемлекеттің көмек-қолдауы керек деп санаймын. Өйткені Қазақстанда зерттелмеген жер қойнаулары әлі көп. Кеңес өкіметі кезінде ашылған кен орындарын бүгінде шетелдіктер игеруде. Егер оларды Қазақстанның өзі игеретін болса, пайда ел қазынасына түсер еді», – деп сөзін түйіндеді зейнеткер.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале