4.07.2022, 10:00
Оқылды: 111

«Жұбатып  жүріп жұртыңды  жылатып  кеттің...»

Гүлжан

Туатын алдан айыңды,

Туралап, жорып елейсің.

Тірнектеп түйген жайыңды,

Төңірек білсін демейсің.

 

Білдірмей ғана жүрсең де,

Бұйырған осы демейсің.

Немерені терең білсең де,

Жиенді бөлек елейсің.

 

Қылаулап көңіл тұрса да,

Қиядан ойлап қайтасың.

Қыздарың ана болса да,

Қызартып ақыл айтасың!

 

Жарасқан саған қыз әдеп,

Жасымыс жастың төрі мұң.

Жұбата алмай біз әлек

Жылата берер өмірің...

 

Жайлаудай өрген өңірің,

Жатырқап жаттай қарады.

Жарқырап жүрген көңілің

Жаурап бір кейде қалады.

 

Күңірентіп өмір өткенде,

Күрсініп терең тоқтайсың.

Күйініп қатты кеткенде,

Келмейтін жанды жоқтайсың.

 

Өзіңмен жандай бір егіз,

Өзгермес мәңгі шырайсың.

Өзіңе сеніп жүреміз,

Өмірге солай шыдайсың!

 

Қасен  Жақауұлы

Төрелік етер төріне ес,

Ізіңді таптық өңірден.

Халқына қамқор – еліне ес,

Азамат өтті өмірден.

 

Жұбатса уақыт жарады,

Көңілдің болмас бүтіні.

Жігіттік шағын орады,

Соғыстың қою түтіні.

 

Мадақтау емес құр атын,

Марқайту болмас атаса.

Есімі биік тұратын,

Еңбекті қолдан жасаса.

 

Жеткізсе жақсы бұл арман,

Жасаса барша бақытын.

Жұртың тұр бүгін жыларман,

Жоғалтқан жандай жақұтын.

 

Ерлік пен еңбек ізінде,

Өткізсе өмір мәнді қып.

Жасампаз елдің жүзінде,

Жасасын аты мәңгілік!

 

Еңбегін көріп, құнын ұқ,

Алған ең қиын қияны.

Жатырсың мәңгі тынығып,

Соғыстың соңғы тұяғы!

 

Азамат еді төрі анық,

Жалғассын дедік жолы мың.

Торқалы торғын оранып,

Пейіште болсын орының.

                   Памир

Қызуы ерте қайтатын,

Қараусыз қалған шоқтаймыз.

Қаймықпай бетке айтатын,

Қаймықпас жанды жоқтаймыз.

 

Ажырамас едің бәрімен,

Ажыратар жолдың барын ұқ.

Ақылға салған әріден,

Ақылман жанды сағындық.

 

Оралып келіп жоқтайын,

Омырау толы күйікке.

Ойлы бір сөзге тоқтайтын,

Ойларың сонау биікте.

 

Тұғырлы сөзге келместен,

Тұтқалы ойлар айтылмай.

Тұтатқан шылым сөнбестен,

Тұқылы қолды-ау толтырмай.

 

Өксіген жасты тия алмай,

Өкініп қалды-ау ортамыз.

Өлімге сені қия алмай,

Өлермен сөзден қорқамыз.

 

Қабірде жатсың төрдей-ақ,

Қайрылар ма едің жоқтасам.

Қиналған сәтін көрмей-ақ,

Қимайтын жанмен қоштасам.

 

Өтпейтін жерден өтетін,

Өжеттен едің қарашы.

Өкінтіп бізді кететін,

Өшің бар ма еді, нағашы!

Райхан ана

Жазған-ай жүрек бір тынды,

Жазылған әдеп санаңа.

Жұбатып жүріп жұртыңды

Жылатып кеттің, жан ана!

 

Жеткізсем деген түбінде,

Жайылған жайлау бұтағың.

Жұбанып жатыр бүгінде,

Жылап бір қалған ұрпағың.

 

Қайғының бұлты өткенмен,

Санада қалып сілкініс.

Көзіміздің жасы кепкенмен,

Көкірегімізді жалғап күрсініс.

 

Жоқтаушың сансыз тілек те,

Қастерлеп әр кез тұрған-ды.

Жадылап мәңгі жүректе,

Ақыретте, ана, тұлғаңды.

 

Салмаққа салып ар мұнда,

Ақ ұстап алға аттадың.

Адалын айтып алдында,

Әлсізді әр кез оқтадың.

 

Алғыс та алдың сол үшін,

Пейілден кеудең тұратын.

Момынға жалғап қолұшын,

Жуасқа жаның бұратын.

 

Жан едің өзге жаралған,

Ұрпаққа қалап мәндесін.

Ақиқат едің таралған

Сол үшін, Ана, мәңгісің!

 

Сағынғали  Сейтов

 

Жазғаның жатқа оқылып,

Жауынгер сақтап жадына.

Өңменнен өтер от іліп,

Окоптың шықтың алдына.

 

Фашистер жайрап атыста,

Шайқасқа түсіп қайнадың.

Бас бұғып қалмай батыста,

Бастадың Жеңіс майданын.

 

Жеңеміз дедің, қол алдың,

Жауынгер едің ер үнді.

Сағынтып қайта оралдың,

«Сайқұдық» деген жеріңді.

 

Бастасам үлкен әңгіме,

Жолыңды табу бір бақыт.

Жатталып қалды мәңгіге,

Жазғаның «Жолдас уақыт».

 

Үміт боп берер нәріне,

Үкімет ұрпақ сөзімен.

Қарайтын болдың, бәріне,

«Майдангердің» көзімен.

 

Қанағат етер арға мың,

Ардақтап атың атылды.

«Жаңғырық» болып жазғаның,

«Самғаумен» алға апарды.

 

Еліңнің қорғап ертеңін,

Үмітін елдің ақтадың.

Сергітіп кетті «Серперің»

«Өмірден өрге» аттадың.

 

Жасқану жолын білмедің,

Жатырқап қалмас жылдарың.

Ерлікке солай үндедің,

«Бетпе-бет» келіп жырладың.

 

Марқайып бүгін тұр елі,

Мақтаныш етер ұлысыз.

Ойымда әр кез жүреді,

Ойшылдан қалған ұлы сөз.

Тілес  Жазықбай,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале