12.06.2020, 17:36
Оқылды: 196

Жұмысшы мамандығын дәріптейтін колледж

7004fdcb-0533-4f7e-aef6-bd9edcca1d5e

Серік  Хайырұлы  МҰХАМБЕТӘЛИЕВ,

“БҚОӘББ  Жоғары  аграрлық-техникалық  колледжі”  МКҚК директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, БҚО техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорлар кеңесінің төрағасы,  «Nur Otan»  партиясының қалалық мәслихат депутаты

Облыста жұмысшы мамандарды даярлап,  кәсіптік-техникалық білім беретін жетекші оқу орындарының бірі – жоғары аграрлық-техникалық  колледжі. Ол мұнайгаз, құрылыс және ауыл шаруашылығы  саласындағы  орта буын мамандарын даярлайды. Осылайша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына  үлесін қосып келеді.

 

«Жас маман» жобасы

– Биыл колледжде республика бойынша қолға алынған «Жас маман» жобасы жүзеге асуда. Ол үшін облыстық білім басқармасымен бірлескен жоспар дайындалған. Аталмыш жоба сұранысқа ие өнеркәсіптік және қызмет көрсететін 100 мамандық бойынша еліміздегі 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын қамтиды. Соның нәтижесінде білім ошақтары жаңғыртылып, білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибеге сүйенеді.

– Елбасының халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, жұмысшы мамандарды  дайындау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті  дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін Жастар жылы аясында аталмыш «Жас маман» жобасы қолға алынды. Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында техникалық және кәсіби білім беруді дамыту қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы «Жас маман» жобасы шеңберінде 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылатынын айтты. Ал жыл сайын 100 мың студент тегін кәсіби-техникалық білім алуда. Әсіресе, NEET санатына жататын жастарды назарға алу қажет деді. Үкіметке  техникалық және кәсіби білім алуға бөлінетін мемлекеттік грант санын арттыру мәселесін қарастыруды тапсырды. Мемлекет басшысының бұл тапсырмалары біздің колледждің қызмет сапасы мен жауапкершілігін арттыра түседі.

Бұл жоба біздің  колледжбен қатар, Орал политехникалық колледжі, Жәнібек және Жаңақала аудандарындағы колледждерде де қолға алынуда. Жобаны төрт колледжде жүзеге асыру үшін  биыл республикалық бюджеттен  1 млрд 200 млн теңге бөлінді. Жобаны жүзеге асыру барысында колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Соның ішінде  жоғары аграрлық-техникалық  колледжге 379 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат бес мамандық негізінде 7 біліктілік бойынша білім беруге жұмсалады. Яғни электрмен қамтамасыз ету (салалары бойынша), ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану, аутомобиль көлігіне техникалық қызметтер көрсету, жөндеу және пайдалану, мұнай және газ-кен орындарын пайдалану (бейін бойынша), мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану мамандықтары оқытылады. Соған сәйкес оқу шеберханалары мен кабинеттер халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа жабдықтармен, бағдарламалармен жабдықталады, – дейді колледж  директоры, ауыл  шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Серік Мұхамбетәлиев.

Жабдықтарды сатып алу Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнамасына сәйкес жүзеге асуда.

«Жас маман» жобасы негізінде сатып алынатын оқу құрылғыларының сапасы мен құжаттарын тексеріп, қабылдайтын комиссия құрылған. Оның құрамында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының, «Атамекен» ҰКП және «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері бар.

e9628a70-26fb-42f1-be48-7134d78d3b21

Бүгінде жоба шеңберінде колледжге әкелінген жаңа құрылғының бірі қалыпты беріктендіру камерасы деп аталады. Мердігер «KazNetUniversal» ЖШС жеткізіп берген бұл құрылғы құрылыста пайдаланатын бетонның қаншалықты қатып, қолдануға жарамдылығын анықтайды. Ал «Геокурс» (Geokurs) ЖШС табыс еткен  GNSS trimble – заманауи мультижүйелі және мультижиілік қабылдағыш. Оның 672 арнасы кез келген жерсеріктік жүйемен ыңғайлы жұмыс істейді. Бұл жылжымалы қабылдағыш далалық жұмыста пайдаланылады. Екі құрылғының құны шамамен – 30 млн теңге. Сонымен бірге КНТ-72 модельді қалыпты беріктендіру камерасы, навигация кешені, лазерлік қашықтық өлшеуіш, ротациялық лазерлік нивелир құрылғысы алынған. Қыркүйекке дейін тағы басқа  да заманауи құрылғылар жеткізілмек. Қазір мердігерлер ұстаздарға су жаңа оқу құралдары мен жабдықтарды қалай қолдану керектігін үйретіп, тәжірибеден өткізуде. Ал бұл құрал-жабдықтар жаңа оқу жылынан бастап қолданылады. Заманауи жабдықтар  жоғары  деңгейлі  маман  даяр-лауға  жәрдемдесері сөзсіз.

Бір айта кетерлік жайт, «Жас маман» жобасын қолға алған колледждер міндетті түрде халықаралық аккредитациядан өтуі керек. Ол үшін колледждің  материалдық базасы мен оқу-әдістемелік құралдары, ұстаздардың кәсіби шеберлігі  және студенттердің  білім сапасы сай болу керек. Ал халықаралық стандарттан өткен студенттердің дипломы шетелдік компанияларда жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.  Бүгінде жоғары аграрлық-техникалық  колледж ұжымы осы бағытта жұмыстануда. Өйткені түлектерінің шетелдік компанияларда жұмыс істегеніне куә болу колледж ұстаздары үшін зор мәртебе болмақ.

Республика  бойынша құрылған тәуелсіз комиссия көпсалалық колледждерге рейтинг жүргізіп отырады. Жоғары  аграрлық-техникалық колледжі биылғы рейтинг нәтижесінде 176 колледждің арасында 23-орынға іліккен. Ал облыстағы 36 колледждің арасында бірінші орынға шыққан. Бұл сараптамада білім сапасы, мұғалімдердің біліктілігі, оқу орнының алыс-жақын шетелмен байланысы есепке алынады.

 

Жұмысшы маманын қадірлейік

«Жас маман» жобасы әр өңірде жұмысшы мамандардың беделін арттыруды көздейді. Шыны керек, қазір жұмысшы мамандығын төмен санап, менсінбейтін жастар кездеседі. Олардың жалақысы аз деп есептейді. Алайда шетелде, Еуропада жұмысшы мамандығының бәсі биік, қадірі зор.

– Егер жастар мамандығын дұрыс таңдаса, кәсіби шыңдалып, қызметтің барлық сатысынан өтер еді. Біздің колледжде «Мамандыққа кіріспе» деген тәжірибелік сабақ жүргізіледі. Онда колледждің базасымен, студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу үшін келісімшартқа отырған 40-қа жуық өндіріс орнымен таныстырамыз. Негізінен жұмысшы мамандығын  насихаттап,  кәсіби бағдар беруді мектеп қабырғасынан бастау керек. «Атамекен» палатасының бастамасымен қала мектептерінде  кәсіптік  бағдар беру кластары ашылды. Мамандық таңдау сағатында  оқу орындарының жұмысшы мамандықтар туралы  ұсынған ақпаратпен таныстырады. Бұл  әр баланың мектеп қабырғасында жүріп, жанына жақын мамандықты таңдауына себеп болады деп ойлаймын, – дейді Серік Хайырұлы.

8b0181e6-edde-495e-959f-227c626bc418

Колледж директоры айтып өткендей, кейде оқуға келіп, қандай мамандық таңдайтынын білмейтін жастар да кездеседі екен. Бұл үкілі үмітін артқан ата-аналарға да оңай тимейді. Былтыр колледжде ішкі санитарлық құрылғыларды жөндеу және жабдықтау деген мамандық ашылған. Негізінен тиімді мамандық. Алайда жастар оның қаншалықты қажет, маңызды екенін жете біле бермейді. Мысалы, техник-сантехник дегенде көз алдымызға білегін сыбанып алып, кәріз жүйесін жөндеп жатқан мамандар елестейді. Алайда қазір бұл мамандық иелерінің жұмыс ауқымы кеңейіп, заманауи құрылғылар пайдаланатын болған. Мәселен, жер астындағы құбырдың қай жері жарылғанын, жылыту батареяларының ақауларын жерді қопармай-ақ, сыртынан білуге болады.

Колледж  осындай оңтайлы жұмыс істейтін жұмысшы мамандарды даярлауда. «Бүгінде мамандыққа деген көзқарасты өзгертетін кез келді. Әйтпесе, адамның бәрі бірдей басшы болып кетпейді. Жұмыс істейтін де адам керек. Біздің колледжде жұмысшы мамандығына оқуға келген балаларға барлық жағдай жасалған. Кәсіби маман даярлауға техникалық база да, оқытушылар құрамы да сай жасақталған. Аудан-ауылдардан келетін балаларға жатақхана беріледі. Мектеп түлектерін жұмысшы мамандығына және техникалық-кәсіптік білім алуға шақырамыз», – дейді колледж директоры Серік Мұхамбетәлиев.

 

Дуалды  оқыту

Колледжде бес жылдан бері теория мен тәжірибені ұштастыратын дуалды оқыту жүйесі қолданылып келеді. Қазір теориялық білімді меңгеруге 40, өндірістік тәжірибеге 60 сағат бөлінген. Колледж студенттерін іс-тәжірибеден өткізу үшін  «ҚПО б.в.» компаниясы, облыстық ветеринария басқармасы, «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС ветеринарлық лабораториясы, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ,  «Конденсат» АҚ, «Қазтрансгазаймақ» АҚ, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Орал Терминал» ЖШС, «Интергаз орталық Азия» АҚ, «УральскСтройинвест» ЖШС, «Бета Сервисес» ЖШС, «Айбас Компани» ЖШС секілді басқа да ірі 40 шақты компаниямен келісімшартқа отырған. Әр компания тәжірибеден өтуге барған студенттерге тәлімгер-шебер тағайындап, білімін бекітуге жағдай жасайды. Ондағы студенттерге жалақы төленеді. Серік Хайырұлының айтуынша,  колледж студенттерінің көпшілігі 4-курста-ақ өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып кетеді екен. Әрине, ең бастысы, ынта-шынымен жұмыс істеуі керек. Дуалды жүйемен оқыған студент тәжірибелі маман болып шығады. Әрі  психологиялық жағынан жаңа ортаға бейімделіп, өзіне бекітілген  жұмысқа  жауапкершілікпен қарауды үйренеді.

acf9ecd7-444e-45f2-9f71-8b9f7b844c86

Колледжде  екі жылдан бері Финляндия елімен бірлесіп қолға алынған BIM технологиясы бойынша білім берілуде. Ғимараттарды ақпараттық-модельдеу технологиясы (BIM) инженерлік-құрылыс саласында пайдаланылып, жобалаудың ең заманауи және жетілдірілген технологиясы саналады. Облыс әкімдігінің қолдауымен құрал-жабдықтар  алынған. Құрылыс және мұнай-газ саласы бойынша білім беретін ұстаздар Финляндиядан тәжірибеден өтіп келген. Биыл 17 студент  BIM технологиясын меңгерген техник-құрылысшы мамандығын бітірген. Олардың төртеуі мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Оны ЖОО-ға түсуге дайындалуда. Бүгінде ұстаздар бір жобаны 3D технологиясымен модельдеу бойынша жұмыстануда.

Колледж студенттері жұмысшы мамандығының беделін арттыруды мақсат ететін  «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатына қатысып жүр. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Талап» холдингі жыл сайын ұйымдастыратын чемпионат жұмысшы мамандығын насихаттап, білімді, дарынды студенттерді анықтауға мүмкіндік береді. Колледж студенттері «WorldSkills Kazakhstan-2019» чемпионатына 11 құзыреттілік бойынша қатысып, аймақтық деңгейде алты құзыреттілік бойынша жүлделі орындарға ие болған. Ұлттық деңгейде өткен жарыста Марсель Шайхиев пен Никита Смирнов «Үздік маман» аталымымен марапатталып, арнайы пәндер оқытушысы А. Ахметова ұлттық чемпионатқа сарапшы ретінде қатысқан.

 

Колледждегі  қайта  даярлау  курсы

Жыл сайын жоғары аграрлық-техникалық  колледжде облыстық бюджеттен 400-ге жуық грант бөлінеді. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша былтыр - 100, биыл 75 мамандыққа  тапсырыс берілген. Осы бағдарлама аясында үш  жылдан бері жұмысшы мамандығына оқыту қолға алынған. Аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан және атаанасынан айырылған балалар оқуға емтихан тапсырмай, әңгімелесуден өтіп, қабылданады. Оларға күніне бір мезгіл ыстық тамақ беріледі.

– Елімізде жан басына шаққанда төленетін қаржыландыру мөлшері артты. Қазір бір балаға 50 мың теңге көлемінде қаражат төленуде. Балаларды «Жасыл ел», құрылыс бригадаларына жұмыс істеуге жіберудеміз. Олар өне бойы оқи бермей, басқа салалардан да хабардар болу керек. Еңбекке баулыған жөн. Негізі, қандай мамандар даярланатыны 10-15 жылға алдын ала болжану керек. Біз жыл сайын облыс кәсіпорындарына керек мамандарға талдау жасаймыз. Жұмысшы мамандар қажет деген хабарландырулар жиі ұшырасады. Бұл жағдай біз қолға алған «Жас маман» жобасының қаншалықты маңызды екенін дәлелдей түседі, – дейді Серік Хайырұлы.

22480752-6eca-44c5-9b3b-4959b46699b9

Бүгінде колледжде ресурстық орталық – құрылымдық бөлімше ашылған. Онда 31 мамандық бойынша жұмысшы кадрлар мен кәсіпорын қызметкерлерін қайта даярлап, біліктілігін арттырады.

Оларға мұнай және газ өндіру операторы, газ-электр дәнекерлеуші, аргон пісіру маманы, аутоматтандырылған жобалау (Autocad), «ВС1» және «В» санатты аутокөлік жүргізушісі, зертханашы-геодезист, сметалық іс, мұнай мен газ ұңғымаларын пайдалану және барлау бұрғылаушысының көмекшісі, технологиялық құбырларды жинақтаушы, газ қазандығының операторы, газ жабдықтарын пайдалану және жөндеу слесарі, дербес компьютер операторы, физикалық, химиялық талдау зертханашысы, трансформатор жинақтаушысы секілді өзге де біліктіліктер беріледі.

Мәселен, колледж студенттері 3-4 курста жүргенде екі жұмысшы мамандығымен қоса, бір біліктілік алып шығады. Енді ресурстық орталықтан ақылы түрде тағы да қосымша біліктілік алуға болады. Ал «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша жолдамамен келетіндер қайта даярлау курсын тегін оқиды. Кез келген адам ақылы түрде қосымша біліктілік ала алады. Оларды  механикаландырылған және аутоматтандырылған өндіріс жағдайында кәсіби дағдыға оқытады. Мамандық  пен кәсіп күрделігіне қарай курс 1-3 ай мерзім аралығында жүреді. Оқуды бітіргендерге  білікті қызметті жүзеге асыру құқығын растайтын кәсіптік даярлық туралы куәлік беріледі. Бүгінде колледж ұжымы Орал қалалық және барлық ауданның жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп жұмыстар жүргізуде.

 

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

 

Колледж  туралы

Жоғары аграрлық-техникалық  колледжінің  85  жылдық тарихы бар. Еңбек нарығына қажет техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлайтын колледж  ауыл шаруашылығы және құрылыс техникумының бірігуімен құрылған. Ауыл шаруашылығы техникумының тарихы 1930 жылдардан бастау алады. Сол кезде  жылдық курстар негізінде Орал агрозоотехникумы құрылып, 1934 жылы ол Орал ауыл шаруашылығы техникумы деп аталды. 1994 жылы  Орал ауыл шаруашылығы техникумы Орал аграрлық колледжі болып қайта құрылды. 1948 жылы Орал гидромелиоративтік техникумы құрылған. Оқу орны 1956 жылы құрылыс техникумы, ал 1995 жылы Орал политехникалық колледжі деп аталды.

1997 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Орал политехникалық және Орал аграрлық колледжі бірігіп, «Орал аграрлық-техникалық колледжі» мемлекеттік мекемесі құрылды. 2002 жылы Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі деп аталды. 2018 жылдың қараша айынан бастап  жоғары аграрлық-техникалық колледжі болып өзгертілді. Бүгінде  колледж студенттерді 16 мамандық бойынша қабылдайды. Күндізгі және сырттай оқу бөлімдерін қосқанда 1933 студент білім алады. Колледждегі инженерлік-педагогикалық қызметкерлер саны – 165.  Бір ғылым кандидаты, магистр академиялық дәрежесі бар 18 оқытушы, Ы. Алтынсарин атындағы медаль иегері атанған үш, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанған екі ұстаз бар. Оқытушылар облыстық, республикалық деңгейдегі біліктілік арттыру курстарынан басқа, Ұлыбритания, Түркия, Сингапур, Германия, Ресей, Малайзия  елдерінде тағылымдамадан өтіп тұрады.  «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген жастар да бар.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале