Мичурин «мектеп – бөбекжай – балабақша» кешеніндегі жазғы демалыс лагері 3 кезең бойы 220-дан астам оқушыны қамтып, ұмытылмас қуаныш сыйлады
Жаз – балалар үшін асыға күтетін, қызықты оқиғалар мен ұмытылмас сәттерге толы ерекше мезгіл. Оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, олардың бос уақытын мазмұнды өткізу, денсаулығын нығайту және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында Мичурин «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешені жанынан «BalaLand» жазғы демалыс лагері оздырылды.
Жазғы демалыс – балалар үшін жыл бойы сарыла күткен ең жарқын, қуанышты да жауапты кезең. Осы орайда лагерь 3 кезең бойы үздіксіз жұмыс жасап, балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастырудың озық үлгісін көрсетті.
Лагерьдің жұмыс кестесі бойынша: 1-кезең – 1 маусым мен 12 маусым аралығында, 2-кезең – 15 маусым мен 26 маусым аралығында, ал 3-кезең – 29 маусым мен 10 шілде аралығында өтті.

ҚАМҚОРЛЫҚ ПЕН САНДЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР
Жазғы маусымда 3 кезең бойынша лагерьге барлығы бастауыш сыныптардан 220 оқушы қабылданды. Жазда балалардың жан-жақты дамуы мен демалысын қамтамасыз етуде әлеуметтік қолдау басты назарда болды. Қабылданған оқушылардың ішінде көп балалы отбасынан – 42 бала, толық емес отбасынан – 7 бала, ал аз қамтылған отбасынан – 20 бала демалыспен қамтылды. Сонымен қатар, орта және негізгі мектеп жанында 29 оқушы қабылданды.
Лагерьге қатысатын топтар қазақ сыныптарынан «Қыран», «Балдырған», «Күншуақ», «Достық» болып бөлінсе, орыс сыныптарынан «Звездочки», «Солнышко», «Дружные ребята» болып бөлініп жұмыс жасады.
Әр топқа арнайы тәрбиешілер тағайындалды. Сонымен қатар мектеп психологі, музыка жетекшісі, дене шынықтыру мұғалімдері тәрбиешілермен қатар белсенді қызмет атқарды. Одан бөлек орта және негізгі мектептер жанында 5-10 сынып оқушыларына лагерьдің үш кезеңі ұйымдастырылды. Аталған лагерь спорттық, пәндік, қолданбалы, экологиялық, туристік бағыттарда оздырылды. Оқушыларға арнап мектеп жанындағы жазғы алаңдар, тіл мектептері, пікірталас ауысымы, экскурсиялар және ынталарына қарай үйірме жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

І КЕЗЕҢ: «ӘЛЕМ БАЛАЛАРМЕН ӘДЕМІ»
Лагерьдің алғашқы ауысымы 1 маусым – Балаларды қорғау күнінде салтанатты түрде ашылды. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары А.Г. Тукпанова мен А.Б. Жубанова өздерінің құттықтау сөзімен балаларға ақ жол тіледі. Алғашқы күннен-ақ демалушылар «Бақытты балалық шағым» тақырыптарында асфальтта сурет салу сайысына қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Аула тазалығы мен табиғатты қорғауға бағытталған «Таза әлем» акциясы, «Табиғат сақшылары» квесті оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырды. Сонымен қатар «Ғылым әлеміне саяхат» айдарында кішкентай зерттеушілер қызықты ғылыми тәжірибелер жасаса, «Book challenge» және «Кітапханаға саяхат» іс-шаралары балалардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырды.
ІІ КЕЗЕҢ: ЗЕРТТЕУ, ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ӨНЕР
Екінші кезеңде балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына баса назар аударылды. №4 қалалық емхананың СӨС кабинеті дәрігерлерімен кездесу өтіп, дұрыс тамақтану мен жеке гигиена ережелері түсіндірілді. «Суда шомылу қауіпсіздігі ережелері» мен «Бөгде адамдармен өзіңді қалай ұстау керек» тақырыптарында арнайы нұсқаулықтар жүргізілді. Бұл кезең рухани-мәдени шараларға бай болды. Балалар Орал қаласындағы Хайуанаттар бағына, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығына, өлкетану мұражайына саяхат жасады. Сонымен қатар кинотеатрларға барып, «Қызыл телпек» ертегісін тамашалап, Х.Бөкеева атындағы драма театрында «Ханшайым-Х» қойылымын көрді. Ал «TikTok Disco» мен «DANCE терапия» би кештері балаларға ерекше серпін берді.

ІІІ КЕЗЕҢ: «БАЛА ДЕГЕН – БІР БАҚЫТ»
Үшінші кезең де мазмұнды да қызықты оқиғалармен жалғасты. Оқушылар «Роботтар әлемі» тақырыбында LEGO конструкторларымен робот үлгілерін құрастырып, инженерлік қабілеттерін көрсетті. «Жасыл болашақ» эко-плакаттар байқауы мен мектеп ауласына гүл отырғызуға арналған «Гүлдер фестивалі» балаларды еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Ұлы Абайдың қара сөздеріне арналған танымдық кеш, «Оқырман Battle» сайысы және Этно-лагерьге экскурсия оқушылардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырды. «My Kids» ойын-сауық орталығына саяхат пен баскетбол, эстафеталық сайыстар балаларға ұмытылмас әсер қалдырды.
МЕРЕКЕЛІК ҚОРЫТЫНДЫ МЕН «RETRO PARTY»
Үш кезеңнің де соңында дәстүрлі түрде лагерьдің жабылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Белсенділік танытып, өнерлерімен көзге түскен тәрбиеленушілер түрлі номинациялар бойынша арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Қорытынды концертте балалар ән айтып, мың бұрала би билеп, өз өнерлерін паш етті.
Лагерьдің ең жарқын сәттерінің бірі – ретро музыкамен безендірілген, фотозоналары бар «Retro Party» пикнигі болды. Бұл кеш балалар арасындағы достық бауырластықты одан әрі нығайта түсті.

ҚОРЫТЫНДЫ ТҮЙІН
Мичурин «мектеп – бөбекжай – балабақша» кешенінің ұжымы мен ұстаздар қауымының тынымсыз еңбегінің арқасында «BalaLand» жазғы демалыс лагері өз миссиясын абыроймен атқарып шықты. 3 кезең бойы 220-дан астам оқушы тек демалып қана қоймай, жаңа дос-жаран тауып, танымдық, спорттық және шығармашылық тұрғыдан шыңдалды.
Барлық іс-шаралар барысы мектептің ресми Instagram желісінде тұрақты жарияланып, ата-аналардың оң бағасына ие болды. Жазғы демалыстың әрбір күні оқушылардың жүрегінде өшпес естелік болып қала бермек. Балалар жаңа оқу жылына көтеріңкі көңіл-күймен, зор денсаулықпен және жаңа күш-геріппен аяқ басады!
Лагерь меңгерушісі:Харесова Мөлдір Қайратқызы
Мичурин-мектеп-бөбекжайөбалабақша» кешені
Мичурин ауылы, Батыс Қазақстан облысы