Бүгін Тасқала ауданының Тасқала ауылдық округіне қарасты Жігер ауылында табиғи газ құбырының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин, аудандық мәслихаттың төрағасы Жанар Бисенғалиева, Тасқала ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл, ауыл тұрғындары мен ақсақалдары қатысты. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Рауан Бисенғалиұлы ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышпен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Магомедгаджи Магомедұлына ауданның әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хат табыстады. Газдандыру жұмыстары 2025 жылы басталып, ауыл тұрғындарының қаржылай қолдауы және аудандық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

Құрылыс жұмыстарын «Alash-D.A.D.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын газ құбыры пайдалануға берілді. Енді Жігер ауылының тұрғындары табиғи газдың игілігін көріп, тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік алды.

Бұл жоба ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Салтанатты рәсім барысында ауыл тұрғындары мен қонақтар игі істің жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға алғыс айтып, ауылдың одан әрі өсіп-өркендеуіне ақжарма тілектерін білдірді.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы