22.07.2026, 12:30
Оқылды: 20

Сабантой өтті дүркіреп

Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Сабантой – 2026» атты татар-башқұрт халқының ұлттық мерекесі аталып өтті.

04f00def-e945-48b7-9a29-5d32a772a85f

Жыл сайын көктем мезгілінде тойланатын іс-шараны «Татар мәдени орталық» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Думанды мерекеге облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадралиев, Орал қаласындағы РФ-ның бас елшісі Алексей Грубый, Қазақстандағы Татарстан Республикасының өкілетті төрағасы Денис Валеев, Достық үйінің төрағалары, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері және қала тұрғындары атсалысты.

d7b5e97f-1048-4bbe-a686-822061099d3c

Жиында басқарма басшысы Дархан Қаныбекұлы қонақтарды мерекемен құттықтап, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. – Сабантой – достық пен татулық, еңбек пен молшылықты бір арнаға тоғыстырған көркем мереке. Осындай тамыры тереңге жайылған маңызды күн – халық арасындағы бірлік пен достықты нығайтады. Тілі бір түркі халықтарының басын біріктірген мерекенің қазақ жерінде тойлануы үлкен мәртебе.  Биыл 1 шілдеде заңды күшіне енген жаңа Конституция Қазақстан халқының бірлігі мен достығын одан әрі нығайтатынына сенімдіміз, – деді  Д. Қадралиев.

Орал қаласындағы РФ-ның бас елшісі Алексей Грубый көршілес Ресей елінің атынан тойға келген әлеуметті құттықтап, ары қарай жалғасын таба беруге тілеулестік  білдірді.

4ee5f3f9-51d0-4826-b5ac-c124ff3c95f4

Екі ел арасындағы  кәсіпкерлікті дамытуға түрткі болып жүрген мекеменің өкілетті төрағасы Денис Римзилевич қалың жұртты мерекемен құттықтады. Сонымен қатар төраға Орал мен Қазан арасындағы мызғымас қарым-қатынасты ерекше атап өтті. Жергілікті кәсіпкерлерді  іскерлік ынтымақтас болуға шақырды. «Татар мәдени орталығы» ҚБ-ның төрағасы Флюра Миликеева той-думанға жиылған жұртты шын көңілден құттықтап, біркісідей көңілді, белсенді атсалысып, өнерпаздарды қолдапқошеметтеп отыруға шақырды. Флюра Ирикқызы  ауыл шаруашылығын көркейтуге үлес қосып жүрген «Авангард» ЖШС  директорының орынбасары Ильдар Яфаровқа мәдени орталықтың атынан алғысхат табыстады. Сонымен бірге татар халқының  мәдениетін, тарихын, өнерін дәріптеуге арналған ұлттық жобаларды қолдап жүрген «Белес-Агро» ЖШС-ның директоры Мұрат Орынбайұлына  алғысхат  берді.

Мерекелік іс-шарада арнайы алаң (татарша майдан) құрылды. Салтанатты шеру – кестелі сүлгілер, түрлі маталар және өрнектелген орамалдар байланған сырықты алып шығудан басталды. Бұл ғұрып – Татарша «чиккән сөлге» қазақ тіліне қотарғанда «кестелі орамал» деген мағынаны білдіреді. Татар ақыны Сания Әхмәтҗанова «Чиккән сөлге» деген өлеңінде: «Өңі ескірмес жарқын нақыштың,  Ол – халқымның жан айнасы»  («Тоныкланмас җете бизәкләре, Ул – халкымның күңел өлгесе») деген жолдары  кестеленген орамалдың мәнін айшықтайды. Яғни орамалға кестелеп тігілген ою-өрнек, әсем табиғат көріністері – татар халқының  дүниетанымы мен эстетикалық талғамын бейнелейді. Сабантойдың қазіргі мән-маңызы туралы Ғабдолла Тоқай мұражай координаторы, «Татар мәдени орталығы» ҚБ төрағасының орынбасары Альфия Лежнина кеңірек тоқталды.

87b49814-55b7-4541-a186-3ca89a617314

– Сабантой татар тілінен аударғанда «сабан» – соқа деген мағынаны білдіреді. Бұрын ата-бабаларымыз мерекені қыстан ат-көлік аман шығып, егін егу науқаны алдында өткізсе, қазір маусым айының бірінші жексенбісі тойланады. Әуелде бұл ісшараның басы-қасында аузы дуалы қадірлі ақсақалдар жүрген. Мерекенің шымылдығын атжарыс ұйымдастырып ашқан. Думанды күні жиналып, бір-бірінің есігін қағып, қолдан кестелеп тігілген сүлгі, әдемі орамал тарту етсе, енді біреулері жұмыртқа береді. Бүгінгі құрылған арнайы алаңда (майдан) күш сынап, бақ таласатын татардың ұлттық ойындарын тамашалайды. Орал қаласында әуелде татарлар өте көп болған. Қазір қатарымыз сиреп қалғанымен, барынша кең көлемді атап өтуге тырысамыз. Шаһарымызда біз ұйымдастырған думанды кештің ерекшелігі – мерекенің түпкі өзегін сақтап, қалай тойлануы керек екендігін жұртшылыққа паш етеміз, – деді орталық  орынбасары.

 

Мерекеде татар халқының  ұлттық әні шырқалып, ойындары ойнатылды. Сондай-ақ жәрмеңкеде әйел және ер адамға арналған калфак, кляпуш, изю секілді ұлттық киімдермен қатар музыка аспаптары, кітаптар, тоқыма бұйымдар және татар тәттілері  жәрмеңкеге  қойылды.

 

«Ялкын» ән ансамблі татар әндерін сырнайда сүйемелдеп орындады. Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Флюра Талипова (Флүрә Талипова) мен халықаралық музыка байқауларының лауреаты Фаиз Майдуллин XX ғасырда түркі ағартушыларының рухани ордасы болған Қазан шаһарынан жалынды сәлем ала келді. Республика басшысы (рәйсі) Рүстам Меңдіхановтың ыстық сәлемхатын оқып берді. Ұлттың рухын жанитын әуезді ән-жырларын шырқады. Олардың қатарында  «Ялкын» ән ансамблі, Эльмира және Диляра Әмірова, Ақтөбе облысынан ат арытып келген «Язгы моңнар», Атыраудан «Татулык» татар-башқұрт ұлтаралық ұйымының ансамблі, Бәйтерек, Шыңғырлау, Ақсай қаласы және «Аккуш» би ансамблінің өнерпаздары өнер көрсетті. Башқұртстаннан келген Туймазы татар мемлекеттік драма театрының әктрисасы Рима Ключарева татар жазушысы Мұхаммед Махдиевтің жазған «Сабантуй» повесінен үзіндіні нақышына келтіріп оқыды.

Мерекеде татарша күрес (курәш), бөрене үстінде көпшікпен ұру («мендәр сугышы»), иінағаштың екі жағына су толтырылған екі шелекті төкпей-шашпай тасу ойыны, көзді байлап құмыра сындыру (чүлмәк вату), бұрым өру т. б. ұлттық және күш сынасатын ойындар ұйымдастырылды. Сабантойдың байырғы тәртібі ойынша топ жарып, «батыр» атағын алған кісіге қошқармүйізді қой сыйға  тартылады.

Сабантойға жиналған халық ортаға шығып би билеп, татар халық әндеріне қосылып айтып, ұлттық ойындарға білек сыбана қатысып, жарқын  көңілде  тарасты.

Перизат Тілегенқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале