22.07.2026, 17:30
Оқылды: 10

«Шынында да, енді шегінетін жер қалған  жоқ...»

Жазылған жайдың  жаңғырығы

 

 

«Орал өңірі» газетінің биыл 14 шілдедегі №57 санында журналист Есенжол Қыстаубаевтың «Жонарқада Нарын тағдыры тұр...» атты мақаласы менің қолыма еріксіз қалам алдырды. Онда Орда өңіріне, облысқа есімі жақсы таныс, белгілі шаруагер  Нағым Тәжімұратов өте өткір мәселені көтеріпті. Өзім сол өңірде туып, сонда талай жыл қатардағы маманнан бастап, аудан тізгінін ұстаған қызметтерде болғандығымнан бей-жай қала алмадым. Өйткені ол өңірдің өзекті жайттарын бір адамдай білемін деп батыл айта аламын. Мақала өте күйіп тұрған мәселені қозғаған. Қасиетті Нарында ол мәселелер жылдар өткен сайын халықтың ең өзекті жағдайына, тағдырына, өңірдің  болашағына айналғалы қашан?..

Лавр Хайретдинов

Алла сақтасын, оның бетін әрмен қылсын, мен жамандық шақырып отырған жоқпын, жалпы адамзат тарихында болған қақтығыстар мен көтерілістер көбіне осы жер мәселесінен тұтанған. Оған қатысты дау-дамай уақытында, дер кезінде шешілмегендіктен, шаңырағы ортасына түскен мемлекеттер қаншама...

1801 жылы, яғни осыдан 225 жыл бұрын Бөкей сұлтан бастаған көштің Еділ мен Жайықтың аралығында орналасқан жерұйығы – Нарын құмды қоныстануының түп себебі де осы жер мәселесінен туындаған. Хан иенің ұлы мақсаты – елдің өрісін кеңейту, төрт түлігін көбейту, сол арқылы қазағының күнкөрісін жайнату еді ғой. Кейін Жәңгір хан дәуірінде граф Безбородко, князь Юсупов сияқтылардың, Қарауылқожа Бабажанов тәрізді латифундистердің айлапат жер көлемдерін бауырларына басып алғаны тарихтан белгілі. Бұл малмен күн көріп отырған қазақ руларының тұрмыстық  жағдайын күрт төмендетті. Ол айналғанда Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліске алып келді. Қан төгілді, елден береке, ханнан абырой кетті. Жәңгір ханның ел үшін атқарған қызметі қантөгістің тасасында қалып, орыс билігіне тәуелділігі артты. «Жер дауы, жесір дауы» деген қазақтың тәмсілі осындай дер шағында шешімін таппай, ұзақ уақыт реттелмей, бықсып жата беріп, бір күні лап еткен өртке айналатыны тарихта талай қайталанған. Мақала ауторы сондай жағдайдан сақтандырып отырғаны да тегін емес...

Қалай болғанда да Бөкей ордасының жерге байланысты көріп келе жатқан теперіші мен соққысы оның маңдайына тағдыр жазған ауыр сын демеске амалымыз жоқ. Кезінде хандықтың орталығы, кейін губерния, облыс, уезд, аудан болған киелі мекеннің әкімшілік атауы, жер көлемі сан қайтара өзгеріске ұшырады. Біраз бауырларымыз сол аласапыранда Ресей Федерациясына қоныс аударуға мәжбүр болып, айналғанда сол жаққа кетті. 1947-1952 жылдары аудан көлемінде әскери-сынақ полигондары ұйымдастырылып, халықты зорлықпен көшірді. Орда ауданы таратылды. Арада жиырма жыл өткенде әупірім Алламен аудан қайтадан құрылды. Осы мерзім ішінде ел азып, кадрлар тозып, бір кезде сән-салтанаты келіскен өңірден береке кетті. Халқын тентіретіп жіберген аймаққа ресейлік әскери бөлімшелер, орыстың әскери шаруашылықтары (шошқа өсірген), көршілес аудандардың кеңшарлары кіріп, иелік етті. 1952 жылы ауданды тоз-тоз еткенде асыл тұқымды Еділбай қойын өсіріп, республикаға дейін мейманасы тасып, абыройы аспандап тұрған «Балқұдық», «Сүйіндік» кеңшарлары, Азғыр өңірі тұтасымен Гурьев (қазір Атырау) облысына берілді. Бұл сол кездегі Орал облысының тізгінін ұстап отырған басшылықтың орасан зор стратегиялық қателігі еді. Мақалада «атыраулықтар» деп отырғандар сонау 50-жылдары биліктің дәрменсіздігінен «құрбандыққа шалынған», өзіміздің бауырларымыз – ордалықтар. Күні кешеге дейін қасиетті Нарынды егіз емген көршілеріміз. Аталмыш мақалада сұхбат берген Игнат Исағалиев – Сүйіндік ауылының тұрғыны. Шындығына келсек, бүгінде Бөкей ордасы ауданы жерінен мал азығын дайындап, сол Сүйіндікке апарып сатып жүрген кәсіпкер. Күлбілтелемей айтсақ, айтып отырған «атыраулықтардың» біреуі - өзі...

1972 жылы республика бойынша бес аудан, біздің облыста екі аудан – Орда мен Жаңақала аудандары қайтадан құрылғаны белгілі.  Бірақ сол екі ауданның 1,5 млн гектар жері Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің иелігінде қалды. Жер болғанда қандай еді, шіркін!.. Содан бері 75 жылға жуық уақыт бойы Ресей Федерациясы Еуропалық бір мемлекеттің  халқы мүкәмәлімен қиналмай сыйып кететін жерімізді емін-еркін пайдаланып келеді. Әрине, 1992 жылдан бері тегін емес, жерді полигонға жалға алғаны үшін ҚР бюджетіне ондаған миллиард теңге аударып келеді. Алайда, ең өкініштісі, осынау қарайған қаржының бір пайызы да жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бөлінгенін естіген де, көрген де жоқпыз. Осыдан 30 жыл бұрын ауданның қоғамдық ұйымдары «Нарын» қозғалысының жетекшісі марқұм Кәкен Көбейсіновпен бірлесіп, бұл мәселені дүркін-дүркін көтерді. Нәтиже болмады. Сондай-ақ, КСРО депутаты болған жерлесіміз, дәрігер Меңсұлу Жұматова да бұл мәселені Америкаға дейін барып, халықаралық конференцияда көтергені тарихтан белгілі. Бүгінде ел билігі өзгеріп, әділетті Қазақстан, демократиялық қоғам құрылып жатқанда, осынау өмірлік мәселені қолға алған дұрыс деп есептеймін. Жалға берілген жердің өтемақысының ең болмаса, 10 пайызы жергілікті бюджетке берілсе, өңірді суландыру арқылы бос жатқан жерлерді игеріп, құм өңірін жүйелі пайдаланса деп армандаймыз. Қазірден бастап сезіле бастаған экологиялық апатқа бастайтын топырақ эрозиясын  тоқтатуға, жерді түбегейлі өңдеуге қол жетер еді ғой. Армандап, қиялдап отыра бермей, іске көшуіміз қажет. Бұл аудан басшылығының, қоғамдық ұйымдардың кезек күттірмейтін шаруаларына айналғаны жөн. Өйткені бұған дейін 15 жылдай болды, бұл мәселені айтудай айтып, жазудай жазып, мінберді тоқпақтап талай сөйледік. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ! Ал ауданда қалыптасқан мәселені көтеріп отырған мақалаға келсек, шынында да шегінер жер қалмай барады. Ел болашағы үшін, елді асырап, жұртты сол жерден көшірмей отырған мал шаруашылығының тағдыры – аудан басшылығы мен қоғамдық ұйымдардың  жалпы халықпен бірлесіп жұмыстануларын  талап етеді. Әрине, оңай шаруа емес! Алайда шаруаның бағытын алыстан болжайтын, көшбасшылық қасиеті мол, сұңғыла басшылық болса, қолдан келмейтін шаруа, алынбайтын қамал жоқ. Әрине, біреулер осы арада бізге «Түйесі жоғалмағанның бәрі ақылды» дегендей, ақыл айту оңай, бірақ тоқ етерін айтыңыз,  сонда не істеуіміз керек деулері мүмкін. Менің айтарым: біріншіден, бір кезде облыс әкімінің шешімімен құрылып, бүгінде жұмысы тоқтап қалған «Ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссияның» жұмысын жандандыру керек, екіншіден, сол комиссия отырысында бір кезде бекітілген Бөкей ордасы ауданы ауыл шаруашылығы саласының даму бағдарламасының орындалуы тыңдалып, шаралар алынса, үшіншіден, аудан аумағында жерді пайдалану мәселелері бойынша комиссия құрылып, мақалада көрсетілген фактілерді тексеру, шаруалармен кездесу, жер заңнамаларына сәйкес нақты ұсыныстар әзірлеу, оның орындалуын қадағалау. Әскери полигон басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізу, қажет болса, бұрын қол қойылған келісімшарттарға өзгерістер енгізу, төртіншіден, құм өңірінде шоғырланып, сыймай бара жатқан малды жазғы жайлауға көшіру үшін жерді суландыру, құдықтар қазу мақсатында жер асты суларының көздерін іздестіру жұмыстарын қолға алу, экологиялық тепе-теңдікті орнату және Хан ордасы ауылы аймағында өсіп тұрған орман алқабын сақтап қалу үшін Қопа көліне су түсіру, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, каналдар қазып, Жәнібек су арнасы арқылы жерді суландыру, бұл жұмыстарды қаржыландыру үшін әскери полигондардан республикалық бюджетке түсіп жатқан қаржының бір бөлігін талап ету, бесіншіден, құм өңірін жүйелі пайдалану, құм басып қалған елді мекендерден жаз уақыттарында малдарды шығару т. б. экологиялық мәселелер бойынша облыстық, аудандық бағдарламалар әзірлеу, оны қаржыландыру мәселесін шешу, менің ұсынысым – осы. Мен Америка ашып отырған жоқпын, бұл айтып отырған өткір мәселелер бойынша бұған дейін БАҚ беттерінде, әртүрлі деңгейдегі басқосуларда көтеріліп, тиісті органдарға хат жазылды. Бірақ еш өтірігі жоқ, елге керек шаруалар жүзеге аспай келеді. Көбі қолға алынбай қағаз бетінде, жүзеге аспай, орта жолда, аяқсыз қалды. Ал мұның себебі неде дегенге келсек, себебі – жергілікті аудан билігінің дәрменсіздігінде, іскерлігінде, елге, жерге жанашырлықтың олқы соғуында деп ойлаймын. Аллаға шүкір, Орда өңірінде елдің, жердің жағдайын білетін жандар, мамандар, көмектерін аямайтын шаруалар баршылық. Солармен бір үйдің баласындай болып іске кіріссе, бітпейтін шаруа, алынбайтын асу жоқ.

Қош, сонымен бұл мақаламда өңірдегі киік мәселесін, шабындық, жайылым жайын, жұқпалы мал аурулары, экологиялық, эпизотиялық мәселелерді қозғаған жоқпын. Бұлар туралы өз алдына қа-
лам тербеймін деп отырмын. Бұдан әрі шегінетін жер қалған жоқ, ордалықтар... Сондықтан іске сәт,  өздеріңізге Алла ажар  болғай!

Лавр Хайретдинов,

БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале