22.02.2024, 11:00
Оқылды: 7

952 гол соғылған чемпионат мәреге жетті

Сырым ауданында төрт айға созылған доп додасы аяқталды. Қарашада басталған футзалдан аудан чемпионатында 16 команда екі лигага бөлініп, өзара мықтыны анықтады.

PHOTO-2024-02-21-16-35-48

Ойындар А. Шайхиев атындағы балалар мен жасөсірімдер спорт мектебінің залында өтті. Доп дүбірі тек футболшыларды ғана емес, жанкүйерлерді де біріктіргенін айта кету керек. Трибунаны кернеген дауыс ойыншыларға жел бітіріп, жігер берді. Көрермен әр шабуылға көзімен ілесіп, қақпаға тоғытылған әр доп үшін сүйіншіге қошемет соқты.

Соңғы аптаның ойындары командалар үшін өте жауапты болды. Себебі әр соғылған гол құраманы жеңіске жетелейді. Сол секілді, қақпаның қорғанысындағы осалдық - қарсыласқа берілген мүмкіндік.

PHOTO-2024-02-21-16-35-48 (2)

Шешуші кездесулерде ойыны жүрген команданың бірі - Қызмет лигасында ойнаған «Айбын» командасы. «Айбындықтар» «Сырым колледжімен» кездесуде қарсы тараптың қақпасын 9 мәрте дәл көздеді. Колледждіктер оның 4-еуіне қарымта жауап берді. Тартысты ойындардың бірі - жарыстың фаворитттері «Өлеңті»мен  «Абайдың» арасында өтті. Машинадай қимылдаған «көкжейделілер» ойынның көп бөлігін алаңның қарсы бетінде өткізді. Толассыз шабуылдардың 11-і оң нәтиже берді. «Өлеңті» - жоғарғы лиганың чемпионы!

PHOTO-2024-02-21-16-35-48 (1)

Ал қызмет лигасында төтеншеліктер мен полиция қызметкерлерінен құралған «Жалын» топ жарды. Жүлдегер командалар мен жұлдызды ойыншылардың тізімін бөлек ұсынып отырмыз.

«Қайсар» спорт клубы ұйымдастырған чемпионатты өткізуде А. Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкерлер құрамы әріптестік танытты. Бас демеуші - Қайрат Қабдығалиев басқаратын «Arlan Trans» холдингі. Негізгі демеуші - Орал қаласындағы футбол тауарларының «FutsalShop» дүкені. Бұдан бөлек, «Алтын ұя» балабақшасының иесі Манарбек Жайсұлтанов пен «Аққу» дүкендер желісінің басшысы Рифат Ринатұлы да аудандағы спорт оқиғасына қолдау көрсеткен.

Жоғарыда айтқанымыздай, чемпионатқа барлығы  16 команда қатысты. Оның төртеуі жарысты толық жалғастыра алмады. Алаңда 100-ден астам кездесу өтті. Чемпионат барысында 952 гол соғылған.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале