Ағаш өңдеу кәсібі – қазақ халқының өндірістік қызметінің маңызды саласы. Өйткені халқымыздың тұрмысында ағаш бұйымдары өте көп пайдаланылады. Қазақтың ыдысы, жиһазы, тіпті киіз үйінің керегесі де ағаштан болды. Ағаш өңдеу кәсібін атакәсіпке теңесек те артық емес.

Жымпиты ауылындағы жалғыз өндіріс орны – кәсіпкер Берген Бисалиевтің «Жалын Сервис» ағаш өңдеу цехы. Берген Берікұлы 2015 жылы алғаш кәсібіне кіріседі. Ағаш цехының ғимаратын жөндеп, есік-терезелерін ауыстырып, 2016 жылдың тамыз айынан бастап ағаш өңдеу жұмысын қолға алды. Біріктіру машинасы, ағаштың бір өлшемін жонып шығаратын станок, ағаш кесетін машина, фрезер станогын алды. Үйдің қабырғасына арналған ағаш қалқанның бәрін қолдан кесіп дайындайды. Орман шаруашылығынан кесілген ағаштар сатып алып, түрлі өлшемдерге сай кеседі.
Бір үйдің қабырғасына ағаш қалқан (щита) жасау үшін үш-төрт күн кетеді. Үйдің көлеміне орай 4-5 текше метр ағаш пен 80-100 түп қамыс пайдаланылады.

– Орташа үйдің қабырғасының қалқаны 250-300 мың теңгеге шығады. Әжетхана, шарбақ, қоршаулар жасаймыз. Қарамағымда үш жұмысшы яғни бір ағаш ұстасы, екі көмекші бар. Оларға ағашпен жұмыс жасауды өзім үйреттім. Бұрыннан ағашпен жұмыстануға икемім бар-тұғын. Ағаш цехын да осы іске қызығушылығым мен бейімділігім арқасында аштым, - дейді ағаш шебері.
Орал қаласынан, Жаңақала ауданынан келіп, тапсырыс беретіндер бар екен. Былтыр мемлекеттік тапсырыспен Орал қаласының жолына арналған қалқандар, құдық қақпақтарын, қар ұстағыштар жасап берді.

Берген мырзаның айтуынша, қыста ағаш өңдеу жұмыстарының бағасы шарықтап кетеді. Сондықтан, бағасы қолжетімді әрі сапалы ағаш өнімін іздеген жандар Жымпитыға арнайы келіп, тапсырыс беріп жатады. Көктемде ағаштың арзан кезінде молымен әкеліп алады. Сол әкелгені қысқа дейін халықтың сұранысын қамтуға жетеді. Жазғы мезгілде құрылыстың қарқын алатын шағында тапсырыс берушілер де көбейеді. Алайда, «Жалын Сервис» үшін жыл мезгілдерінің аса маңызы жоқ. Қысы-жазы сұранысқа орай жұмыс жасай береді.
Берген Берікұлының алға қойған мақсаты көп. Тағы да қосымша түрлі станоктар сатып алып, ағаш өңдеу кәсібін дамыта түсуді жоспарлап отыр.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz