13.08.2024, 15:15
Оқылды: 302

Ақсай қаласында қайырымдылық марафоны өтті

Ақсай қаласында «Сенім Ақсай» қоғамдық қорының қайырымдылық жүгіру марафоны өтті.

5923A7D0-4F62-469A-B8BD-77C2B1C3D6EF

Марафон аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттап, халықтың денсаулығын арттыру мақсатында аудан әкімдігінің қолдауымен өтті. Сонымен қатар қайырымдылық шара денсаулықтары ерекше күтімді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға әлеуметтік көмек, қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған.

741C10C8-0BA9-4A9F-8FBC-5B4DB54B3FF6

Жиналған қаражат балалардың денсаулықтарын қалпына келтіру, яғни реабилитацияға жұмсалады.

Марафонның ашылу салтанатында «Сенім Ақсай» қоғамдық қорының басшылары Оксана Дускалиева мен Гаухар Исатаева және Астана қаласының әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Эмин Аскеров пен әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының басқарма мүшесі Ерғали Баймамировтар сөз сөйлеп, жүгірушілерге сәттілік тіледі.

33C8FA5E-3BD1-46D7-9C78-ADC088344EE8

Аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоғжанов та қатысушыларды қолдап, олармен бірге марафонға қатысты.

Жүгіру марафонына аудан тұрғындарынан бөлек, қала қонақтары да қатысты. Жарыс басталмастан бұрын қатысушылар қыздыру жаттығуларын жасап дайындалды.

C2B2F048-E8DE-4A16-A2DF-905F1A9BCC46

– Марафон 3 және 6 км қашықтыққа жүгіруден тұрды. Бүгінгі жарысқа 150-ге жуық адам жазылды. Бірақ олардың бәрі қатысқан жоқ. Себебі кейбіреулер тек қолдау мақсатында тіркелген болатын. Жарыс ерекше күтімді талап ететін балаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл – біздің ұйымдастырып отырған екінші шарамыз. Ақпан айында қайырымдылық кеш өткізген едік. Алдағы уақытта да қайырымдылық кештер және шаралар ұйымдастырылатын болады, – дейді қордың негізін қалаушылардың бірі Гаухар Бейсенғалиқызы.

Жүгіру марафоны аяқталғаннан кейін жүлдегерлер диплом және арнайы сыйлықтармен, медальдармен марапатталды. Қоғамдық қордың басшылары марафонды ұйымдастыруға көмектескен және қолдау білдірген барлық жандарды алғысхаттармен марапаттады.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале